Ғалымдар «аңшы» және «жаттықтырушы» вирустарды істеп шығарды
Ғалымдар «аңшы» және «жаттықтырушы» вирустарды істеп шығарды
5 жыл бұрын 2546 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ұлыбританияда осы жазда антибиотикке төзімді инфекциядан зардап шеккен жасөспірімді арнайы үйретілген бактериофагтың көмегімен аман алып қалды. Бұл арада алдымен іріктеліп, артынан гендік инженерияның көмегімен нақты бактерияға шабуылдауға «үйретілген» вирустар турасында сөз болып отыр. Мұндай вирустар әрекеті жағынан, бейнелеп айтқанда, құралайды көзге ататын, көздегенін мүлт жібермейтін кәнігі аңшыны еске түсіреді. Яғни, адам организіміндегі діттеген нысанасын өзге тіндерге залалын тигізбей жояды. Арнайы мамандандырылған бактериофагтарды істеп шығару – биоинженерияның әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған саласы. Алайда, оның негізі қаланып қойған, яғни, қолдануға қажетті базалық әдіс-тәсілі жасалып қойған. Ғалымдар вирустарды қайдан іздеу керектігін біледі – тиімді штаммды әзірлей отырып, «үйретілген» вирустарды ауру тудыратын бактерияларға бағыттай алады. Кей жағдайда күрделі сипатына қарай бірнеше штаммнан «қоспа» дайындап, оны бір мезгілде қолдана алады. Мұндай емді қолданбас бұрын алдымен пациенттің қан анализін көреді – зертхана жағдайында вирустардың жұмыс сапасын тексеру үшін. Тағы бір сұранып тұрған сұранысқа ие технологияға модифицияланған вирустарды қолдану жатады: адам организімін нақты патологияға дұрыс реакция танытуға «жаттықтыратын». Мәселен, GBV-C вирусы ВИЧ дертіне шалдыққан науқастың ғқмырын ұзартуға септігін тигізеді. Адам организіміне енген соң GBV-C ВИЧ-тің жасушаға енуіне атсалысатын рецепторды бұғаттап тастайды әрі интерферон мен цитокиннің белсенділігін оятады. Былайша жалпақ тілмен айтқанда, зиянды вирустардың діттеген «мақсатына» жетуіне нақты тосқауыл қоя отырып, организмнің аурумен күресу қабілетін арттырады.

0 пікір
Мұрағат