Бұрын қайта өңдеуге келмейтін пластикті ыдыратудың жолы табылды
|
Америкалық зерттеушілер өте төзімді пластикті ыдырататын генетикалық түрлендірілген, яғни, гені түрлендірілген (модификацияланған) бактериялар жасады. Материалды пайдалану процесінде микроорганизмдер оның беріктігін одан ары арттырады және ол полигонға түскеннен кейін оны қысқа мерзімде, яғни, аз уақыт ішінде ыдырата алады. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Communications мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Пластмасса немесе пластик – осы күнгі барлық салада қолданылатын әмбебап материал: ол арзан, химиялық төзімді, яғни, химиялық процестерге әрі сыртқы әсерлерге төзімді және берік. Алайда, оны кәдеге жаратуды қиындататын осы соңғы қасиеті - беріктігі. Пластмассаның ыдырауы бірнеше ондаған, кейде жүздеген жылдарға созылады, нәтижесінде мұндай қалдықтар жер мен мұхиттарды қоқыспен толтырады. Сондықтан бүкіл әлем ғалымдары пластмассаны аз уақыттта, тиімді жолмен ыдырату әдіс-тәлісін ұдайы іздестірумен келеді. Мысалы, Rhodococcus ruber пластикпен қоректене отырып, жыл сайын әлімдік мұхитқа түсетін полиэтилен массасының 1,2 пайызын жоя алады. Алайда, бұл процесс қолайлы қоршаған орта жағдайларын қажет етеді және мұндай бактерияларды ыдыратуға қабілетті пластиктің өзі әдетте жұмсақ болып келеді. Аяқ киім, автокөлік бөлшектері, телефон қораптары және басқа да көптеген тұрмыстық бұйымдар жасау үшін қолданылатын термопластикалық полиуретан сияқты берік материалдармен күрес әлдеқайда қиын. Қазіргі уақытта пластиктің бұл түрі қайта өңдеуге мүлдем жарамайды. Америка құрама штатындағы Сан-Диего қаласында орын тепкен Калифорния университетінің ғалымдары бұл бағытта шөп сығындысынан алынатын грам-позитивті бактериялардың түріне - шөп таяқшаларына (Bacillus subtilis) назар аударды. Оның үстіне, бактерия барлық жерде кездеседі - адам мен жануарлардың ішектерінен ауа мен суға дейін. Дәл осы микроорганизмдер пластикті ыдыратуы мүмкін. Зерттеушілер материалдың өзіне Bacillus subtilis-ті тікелей енгізбек. Бактериялар пластмасса полигонға түсіп, топыраққа тимейінше ыдырамайды. Оның ферменттер бөле бастауы үшін пластмасса компостқа көмілуі керек. Сондықтан мұндай өнімдерді қалағаныңызша пайдалануға болады. Дегенмен, пластмасса өндірісінде қолданылатын жоғары температура бактериялық споралардың көпшілігін жойып жібереді. Осыны ескерген америкалық ғалымдар ыстыққа төтеп беруі үшін Bacillus subtilis деп аталатын гені түрлендірілген микроб жасап шығарды және бактериялардың спораларының 96-100 пайызының Целсия бойынша 135 градус температураға төтеп бере алатынын анықтады. Ал генетикалық тұрғыдан түрлендірілмеген бактериялар мұндай ыстыққа уақыттың шамамен 20 пайызында ғана шыдайды. Содан кейін зерттеушілер Bacillus subtilis микробының пластмассаның қаншалықты жақсы ыдырататынын тексерді. Пластмасса массасының бір пайызына дейінгі концентрацияда микроорганизмдер компостқа көмілгеннен кейін бес ай ішінде материалдың 90 пайыздан астамын ыдырататыны анықталды. Ғалымдар тағы бір артықшылықты анықтады: Bacillus subtilis көмегімен жасалған пластик кәдімгі термопластикалық полиуретанға қарағанда 37 пайызға берік және сыну ықтималдығы 30 пайызға аз. Осылайша, бактериялық споралар материалға арматуралық толтырғыш сияқты әсер етеді