Биоинженерия: обыр жасушаларын сау жасушаларға айналдыратын технология пайда болды
|
Оңтүстік кореялық нейроғалымдар мен биоинженерлер қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілін ұсынып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Advanced Science мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдардың пікірінше, бұл тәсіл емдеу кезіндегі кері әсерлерді жойып, қатерлі ісік жасушаларын сау жасушаларға айналдыратын инновациялық әдіс. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, Куан Хён Шо есімді профессор бастаған Кореяның алдыңғы қатарлы ғылым және технологиялар институтының ғалымдары қатерлі ісік жасушаларын жоймай, қалыпты жасушаларға айналдыра отырып, тоқ ішек обырын емдеудің революциялық технологиясын ойлап тапты. Қатерлі ісіктен сау жасушалар өзінің бастапқы құрылымын өзгертеді. Ғалымдар жасушаның сау түріне айналдыратын процесті салатын (имитациялайтын) гендер қызметінің цифрлы моделін жасап көрді алдымен. Осының арқасында обыр жасушаларын сау жасушаларға айналдыруға ықпал ететін тетікті тапты – негізгі «молекулалық ажыратып қосу немесе ауыстырып қосу» тетігі табылды. Бұл молекулалар қолдан белсендірілген кезде тәжірибедегі жануарлар мен өсімдіктердің жасушалары млолекулалық деңгейде өзгеріп, аталмыш әдістің тиімділігі расталды. Осылайша медицина тарихында қатерлі ісікті тұңғыш рет «кері қайтару», яғни, жасушаларды сау қалпына келтіру әдісі пайда болды. Бұл тәсілдің тағы бір елеулі артықшылығы – кері әсердің болмауы. Осы уақытқа әдеттегі әдісте қатерлі ісік жасушаларын жою арқылы осы дерттен айықтыруға талпыныс жасалып келген еді. Десе де бұл тәсілдің бір кемшілігі – сау жасушаларды зақымдап алмай, тек ауру шалғандарын ғана таңдап-талғап жою; мұндай тәсіл кезінде сау жасушалар да «қосақ» арасында бірге кетіп, адам oрганизіміне үлкен залал келеді. Сондай-ақ, бұл тәсілдің тағы бір артықшылығы тек тоқ ішек обырын ғана емес, қатерлі ісіктердің өзге түрлерін емдеуге келетіндігінде жатыр.