Ауадан ауыз су алатын жаңа технология пайда болды
Ауадан ауыз су алатын жаңа технология пайда болды
4 жыл бұрын 12298 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

ETH Zurich ғалымдары аптап ыстық пен құрғақшылық жайлаған аймақтарда ауадан су алуға мүмкіндік беретін жаңа құрылғыны жұртшылық назарына ұсынды. Бұл жайында islam.kz порталы ethz.ch ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш құрылғы атмосферадан су жинау үшін энергияны қажет етпейді әрі 24 сағат бойы су жинайды. Бұл технология өздігінен салқындайтын әрі арнайы радиациялық қорғауы бар құрылғының беткі жағындағы құрылымға негізделген. Әлемнің көптеген аймағында су ресурсы тапшылығы артып келеді әрі оны табу қиындап келеді. Мұхиттар мен теңіздер жағалауындағы елдер, оның өзінде қаржысы жететін елдер тұзды суды тұшшыландыратын технологияны пайдалануда, алайда, бұл технология қыруар қаржыны талап етеді, дәлірегі, энергияны қажет етеді. Ал теңіздер мен мұхиттардан шалғай аймақтарда ауыз су алудың жалғыз жолы – атмосферадан су жинау. Мұның өзі де шығыны көп жоба. Ал мына технология бұл проблеманы шешуге көмектеседі. ETH Zurich ғалымдары ойлап тапқан технология суды энергиясыз 24 сағат бойы аптап ыстықта да атмосферадан алуға мүмкіндік береді. Жаңа құрылғы тек күн сәулесін шағылыстырып қоймай, сонымен қатар, атмосфера арқылы өзінің жылуын ғарыш кеңістігіне шығара алатын арнайы қаптамасы бар шыныдан тұрады. Осылайша ол қоршаған орта температурасынан 15 °C төмен температураға дейін салқындайды. Панелдің төменгі жағында ауадан алынған су буы суға айналады. Ғалымдар шыныны арнайы жасалған полимердік әрі күміс қаптамамен қаптаған. Бұл тәсіл өз кезегінде белгілі бір толқын ұзындығындағы шыныны инфрақызыл сәулені атмосфераға сіңіртпей әрі әйнекке қайта шағылыстыртпай ғарыш кеңістігіне бағыттауға мәжбүрлейді. Бұл құрылғының тағы бір артықшылығы – радиациялық қорғауында. Ол амосферадан келген жылу толқынын кері теуіп, шыныны күн сәулесінен қорғайды. Бұл технология Цюрихтегі ETH Zurich ғимаратының шатырында сынақтан өткізілді. Бұл технология фольга негізіндегі осы заманғы пассивті технологияға қарағанда суды күніне кем дегенде екі есе көп жинай алған. Мәселен, диаметрі 10 сантиметрлік шыны жүйесі күніне 4,6 миллилитр су жинаған.

Condensator schematic

 

0 пікір
Мұрағат