Ақпаратты жаңа оптикалық талшық арқылы 1 700 000 Гбит/с жылдамдықпен жіберу әдісі пайда болды
Ақпаратты жаңа оптикалық талшық арқылы 1 700 000 Гбит/с жылдамдықпен жіберу әдісі пайда болды
2 жыл бұрын 1031 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Инженерлер қолданыстағы инфрақұрылыммен үйлесетін және деректерді рекордтық жылдамдықпен тасымалдауға мүмкіндік беретін жаңа оптикалық талшық түрін әзірледі. Бұл туралы islam.kz порталы өз кезегінде Маккуари университетінің баспасөз қызметіне жөн сілтеген hightech.fm ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, халықаралық зерттеушілер тобы салалық стандартты оптикалық талшықты пайдаланып, деректерді беру жылдамдығының жаңа рекордын орнатты. Бұл бағыттағы тәжірибелер барысында олар деректерді 67 шақырымға созылған кабел арқылы тасымалдау кезінде 1,7 Рбит/с (1 700 000 Гбит/с) жылдамдыққа қол жеткізген екен. Әрқайсысы сигнал жібере алатын 19 жіптен тұратын талшық әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Сол себепті, бұл жаңалықты инфрақұрылымдық өзгерістерсіз жүзеге асыруға, яғни, қолдануға болатынын білдірмек. Ғалымдар бұл тарапта 3D лазерлік басып шығару технологиясын қолдана отырып, толқын өткізгіш үлгісі қашалған шыны чип әзірледі. Бұл чип біркелкі аз шығынмен 19 жеке талшық жіптерін бір уақытта беруге мүмкіндік береді. Балама технологиялардан айырмашылығы сонда, бұл тәсіл жарықтың жоғалуын болдырмайды және цифрлық өңдеуді аз пайдаланады, бұдан бөлек, бір битті беру үшін қажетті қуатты айтарлықтай азайтады. Көптеген заманауи оптикалық талшықтардың қалыңдығы 125 микрон және бірнеше жарық сигналдарын тасымалдайтын бір ядроны қамтиды. Сол себепті, оның жылдамдығы сигналдар арасындағы кедергіге байланысты бірнеше Тбит/с-пен шектелген. Қолданыстағы талшықтардың қалыңдығын ұлғайтуға болатынына қарамастан, мұндай құрылымдардың икемділігі аз болады, оның үстіне, барлық инфрақұрылымды өзгерту қажеттілігіне байланысты қымбатқа түседі. Техникалық тұрғыдан бұл бұрын-соңды тіркелген ең жоғары деректерді беру жылдамдығы емес – скандинавиялық зерттеушілер 2022 жылы 1,84 Рбит/с көрсеткішіне қол жеткізген еді. Алайда, жаңа технология, әзірлеушілердің пікірінше, нақты іске асыруға қолайлы, өйткені, ол стандартты кабел диаметрін пайдаланады және инфрақұрылымды айтарлықтай жаңартуды қажет етпейді.

0 пікір
Мұрағат