Антибиотикке төзімді бактерияларды залалсыздандырудың тәсілі табылды
Антибиотикке төзімді бактерияларды залалсыздандырудың тәсілі табылды
4 жыл бұрын 3891 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Texas A&M AgriLife орталығының ғалымдары бактериялардың антибиотикке төзімділікті қалыптастыратын гендерді өзара алмасуына вирустың кедергі келтіретінін анықтады. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі бактериялық инфекцияларды емдеудің тың тәсілін табуға көмектесетін ғылыми материал жарияланған Proceedings of the National Academy of Sciences мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осы орайда бактерияларды зақымдайтын вирустардың бактериофаг деп аталатынын айта кетпекпіз. Бактериофаг – жер бетіндегі саны жағынан ең көп биологиялық нысан болып табылады. Міне, осы бактериофагтар антибиотикке бой бермейтін бактериялық инфекциялармен тиімді күресуге мүмкіндік бермек. Бактериофагтардың кейбіреуі беткі қабаты цилиндрлік құрылымнан – пилиден тұратын бактерияларға жұғады. Міне, осы пили бактерияларға бір-біріне антибиотикке төзімділікті қалыптастыратын гендерді табыс етуге мүмкіндік береді әрі жасушаларға шабуылды күшейтуіне көмектеседі. Бактериялардың осындай ерекшелігін ескерген ғалымдар аса қауіпті ішек таяқшасына MS2 бактериофагын жұқтырып көреді. Тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, MS2 бактериофагы жұққан ішек таяқшасы зақымдалған пилиін қалпына келтіре алмаған. Философия докторы Ланьинг Цзэннің айтуынша, бұл жаңалық өз кезегінде науқастарды емдеу кезінде ескерілуі мүмкін. Неге? Өйткені, бактерияның төзімділігін төмендететін бактериофагтар иммундық жүйеге инфекциямен күресуге «мұрсат» алып береді, яғни, уақыт «тауып» береді. Екіншіден, бактериялық инфекциялармен күресудің тың тәсілі пайда болуы ықтимал. Бұл терапияның ең басты артықшылығы сонда – жасушалар зақымдалмайды. Әдетте жасушалар жойылса, оның ішіндегі улы зат адамның организімінде қалып қояды. Бұдан бөлек, бактериофагтар антибиотиктердің әсерін күшейтуі мүмкін. Өйткені, кей бактериялар антибиотиктердің тым көп мөлшері қолданылғанда ғана жойылады, ал бұл өз кезегінде кері әсерін тигізеді.

0 пікір
Мұрағат