Алматылық өнертапқыш баланы бақылауға арналған қолсағат ойлап тапты
Алматылық өнертапқыш баланы бақылауға арналған қолсағат ойлап тапты
9 жыл бұрын 5652

Баланы қадағалау үшін де озық технологияға жүгінетін болдық. Яғни, енді ата-аналар бұл тұрғыда құпия қондырғысы бар қолсағаттарды пайдалана бастайды. Бұл жайнда nur.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Алматылық өнертапқыштар жасап шығарған ерекше бұйым қазірдің өзінде ел аумағына таралып үлгеріпті. Виктор Афонин 4 жасар ұлы Александрды күн сайын балабақшасына апарарда өзі киіндіреді. Ал киіндіріп жатқанда ең алдымен қолсағатты міндетті түрде білегіне тағады. Қажет болған жағдайда Виктор осы сағаттың көмегімен ұлының қай жерде тұрғанын дәл тауып алады екен. Саша да оған әбден үйреніп алған. Бала алысқа ұзап кетсе, не қандай да бір қатерге тап болса, әкесінің ұялы телефоны безілдеп қоя береді.

"Қолданып жүргенімізге жарты жыл болды. Баламыз төртке толса да сақтық үшін қолына тағып қоямыз. Есесіне, ұлымның қайда екенін біліп, тыныш отырамын. Тіпті, аулада ойнап жүргенде де алысқа кетіп қалмауын қадағалай аламыз", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Виктор Афонин.

Жалпы, баланы қадағалау құрылғысы әлемде бұрыннан бар. Ал отандық өнертапқыштар солардың барлығын сараптай отырып, Қазақстан аумағына ең қолайлы деген нұсқасын жасап шығарыпты. Құрылғы "Айронмэн" деп аталады.

Қазіргі уақытта еліміз бойынша Виктор сияқты 30 ата-ана балаларына осындай "сиқырлы" білезік таққызып жүр.

"Біріншіден, құрылғыны сағат ретінде пайдаланса болады. Екіншіден, бала бұл арқылы ата-анасына хабар бере алады. Алайда ол телефон емес. Яғни сабақ уақытында баланың назарын аударатындай ойын құралы бола алмайды", - деді өнертапқыш Данияр Теңелов.

Құрастырушылар "ерекше сағатты" қыздар мен ұлдарға арнап екі түрлі етіп шығарыпты. Құрылғының бойтұмар түрі де бар. Тіпті телефон орнына пайдаланса да болады. Құрылғы авторлары ендігі уақытта ерекше қолсағаттардың мүмкіндігін жетілдіре түспекші. Сөйтіп, бүлдіршіндерді ұялы телефондардан мүлдем арылтуды көздеп отыр.

1 пікір
Мұрағат