Елімізде жусаннан иіссу өндірілмек
Елімізде жусаннан иіссу өндірілмек
9 жыл бұрын 4355

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған қолданбалы химия институтының ғалымдары «Қазақстанның жұпар иісі» жобасы аясында бірқатар табыстарға қол жеткізіп отыр. Әсіресе, олардың жусаннан иіссу өндіруге болатынын дәлелдеп шыққаны көңіл қуантады. Бұл ілкімді іс елімізде осы сала бойынша зауыт салуға жол ашуы мүмкін. 

Қазақ даласында жусанның көп­теген түрі бар. Бұлардың әр­­қайсысы өзіндік ерекше қа­сиет­ке ие екенін ешкім жоққа шығармайды. Қазіргі таңда отан­дық ғалымдарымыз осы өсім­дікті зерттеу ісін жүйелі түрде жалғастырып, одан түрлі өнімдер алуды жолға қоюда. Мәселен, қолданбалы химия институтының мамандары бұған дейін жусаннан эфир майын өндірген. Осыған байланысты құрылым директоры әрі жоба авторы, осы бағытта 13 жыл бойы тынымсыз еңбектеніп келе жат­қан ғалым Ерлан Сүлей­мен: «Эфир майлары елімізде өсе­тін өсімдіктен алынады. Бірін­шіден, жасанды қоспа емес, ол – табиғи. Кейбір пневмония, тұмау, аллергия ауруларына қар­сы дәрі-дәрмек жасауға болады. Екін­шіден, эфир майлары ароматерапия ретінде қолданылады», дейді.

Оның сөзіне қарағанда, өсім­діктерден алынған эфир майының құны шет мемле­кет­терде 8 мың АҚШ долларына баға­л­анады екен. Егер осы өнді­рісті елімізде дамытар болсақ, бұл нағыз табыс көзіне айналар еді.

Ғалымның айтуынша, дала­мыздағы 400-ге жуық өсім­дік түрінен эфир майын өн­діру­ге болады. Ол үшін арнайы қон­дыр­ғылар қажет. Оны дайын­дау үшін ыдысқа таңдап алынған өсімдік түріне аз мөлшерде су қо­сылып, ол 100⁰С-та қайна­тылады. Содан кейін әлгі май түзіледі.

Жусаннан тек эфир майын алып қана қоймай, одан иіссу әзірлеу мәселесі де институт мамандарының басты назарында тұр. Мамандар жусанды иіссу өндірісіне таптырмас шикізат деп есептеуде. Бұл өсімдіктің өткір иісті қасиетін негізге ала отырып, 3 жыл көлемінде тер төккен химиктер осы аралықта түрлі өнім дайындап шығарды. Қазіргі таңда атал­ған өсімдіктен жасалған иіс­тендіргіштерді медициналық мекемелер қолдана бастаған. Оны жағымсыз иісті жоюға, бактериялардың тарауына жол бермеуге пайдалануда.

Тағы бір айта кетер жайт, институт қызметкерлері – 40 гра­дуста қатпайтын сұйықтық жасаған. Оның құрамында да жу­сан қоспасы бар. Мұны ар­найы құтыға құйып, автокө­лік­тердің ішіне қойса, жағымды иіс шығарып тұрады. Бүгінде институт ғалымдары аталмыш жобаларды зертханадан өнді­ріске бағыттау қажеттігін айта­ды. Сондай-ақ, олар АҚШ, Франция және бас­қа да елдердің өнертапқыш-ғалым­дарымен тығыз байланыста.

Айта кетейік, қолданбалы хи­мия институты Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-де ғылыми кеңес­тің 2011 жылғы 31 наурызындағы №8 шешімі негізінде құрылып, өз қызметін жаратылыстану ғылымдары факультеті жанында жүргізіп келеді. Ол 2013-2014 жылдары аталмыш оқу орнының ғылыми орталықтары арасында жоғары санатқа ие болған.

Жолдыбай БАЗАР

0 пікір
Мұрағат