Әлемде алғаш рет қан істеп шығаратын шағын ағза жасалды
|
Ганновер медициналық мектебіне қарасты Лейбниц биотехнология және жасанды ағзаларды зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу зертханасының (LEBAO) ғалымдары жүрек тіні мен қан генерациялайтын тіндерді біріктіретін жаңа органоидты модел жасап шығарды. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Cell Biology мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Гемопоэтикалық жүрек органоиды (BG-HFO) деп аталатын ғалымдар жасаған құрылғы ұрықта болып жатқан процестерді имитациялай отырып, үш өлшемді құрылымдағы тіндердің өзара әрекеттесуін зерттеуге мүмкіндік береді. Шағын ағзалар арнайы факторлардың әсерінен түрлі жасуша түрлеріне айнала алатын адамның плюрипотентті діңгекті жасушалары (hPSC) негізінде жасалады. Жаңа модел жүрек тіндерінің элементтерін, қан тамырларын және қан түзетін жасушалардың прекурсорларын біріктіреді. Мұндай органоидтарды құру процесі қатаң саралау хаттамасына (дифференциялау протоколына) негізделген. Зерттеушілер жасушалардың күрделі құрылымдар түзуіне мүмкіндік беру үшін белгілі бір өсу факторларын, қоректік заттарды және сигналдық молекулаларды рет-ретімен іске қосты. Маңызды кезеңге қан тамырлары мен қан түзетін жасушалар дамитын тығыз эндотелий қабатын құру жатады. Жүрек органоидында кем дегенде жеті нақты құрылымдалған жасушалар мен ұлпалар, соның ішінде жүрек рудименттері, тамырлар, бауыр мен өкпенің прекурсорлары бар. Бұл құрылымдар ұрақ дамуының табиғи кезеңдеріне сәйкес келеді және күрделі ұлпалар арасындағы өзара әрекеттесу процесін қайталайды. Органоидқа, сонымен қатар, ерте кездегі ұрықтың тіндеріне ұқсайтын үш кесе тәрізді қабат кіреді. Мұндай модел өз кезегінде жүрек-қан тамырлары және басқа ауруларды зерттеуге кең мүмкіндіктер ашады. BG-HFO құрылғысы COVID-19, қатерлі ісік, генетикалық ауытқулардан туындаған ауруларды зерттеу үшін, сондай-ақ, жаңа дәрі-дәрмекті сынау үшін пайдаланылуы мүмкін.