Адамның биологиялық жасын анықтайтын «сағат» жасалды
|
Неміс ғалымдары әлемде тұңғыш рет биологиялық жасты дәл анықтайтын әдісті ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы Wiley ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Германиядағы Кельн университетінің ғалымдары ақуыздарды өндіру кезінде ДНҚ-дан оқылатын гендердің жиынтығы болып табылатын транскриптомдарға негізделген тың әдісті әзірледі. Ғалымдар бұл әдісті BiT (транскриптомдық кәріліктің бинаризделген сағаты) деп атады. Аталмыш тәсілдің тиімділігін тексеріп көру үшін мамандар Caenorhabditis elegans құртына тәжірибе жүргізіп көрген екен. Ғалымдар сыртқы факторларды пайдалана отырып, шамамен бір мың геннің экспрессиясындағы өзгерісті және организмнің ғұмырының ұзақтығын қадағалады. Осылайша кәрілік пен ғұмырдың ұзақтығына түрлі факторлардың – ультркүлгін сәуленің және тағамның қалай әсер ететінін білді. «Таңқаларлығы, бұл қарапайым процедура теориялық межеге жақын биологиялық жасты өте дәл болжауға мүмкіндік берді. Ең маңыздысы, кәріліктің бұл сағаты жас ұлғайғанда жақсы жұмыс істейді, бұрын қарттық меңдеген кезде гендердің ауытқу белсенділігі өте жоғары болатындықтан оны өлшеу қиныдық тудыратын», деп ағынан жарылды Кәрілік пен ауру кезіндегі ген тұрақтылығы институтының директоры әрі молекулярлы медицина орталығының жетекшісі Бьерн Шумахер. Осмылай деген ол бұл әдісті кез келген организмнің биологиялық жасын анықтау үшін пайдалануға болатынын жеткізді, өйткені, оның негізінде гендер белсенділігінің сараптамасы жатыр. Бұл жаңалық несімен өзекті немесе несімен құнды? Бұл әдіс ауруды анықтауда, қоршаған ортаның әсерін бағалауда, қартаю процесін бақылауда көп көмегін тигізеді.
Ұқсас материалдар:
«Биологиялық сағат: неліктен адамдар қартаяды?» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/gylym/biologiyalyq-sagat-nelikten-adamdar-qartayady-14331/#gsc.tab=0);
«Бактериялардың да адамдардікі секілді «ішкі сағаты» бар болып шықты» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/gylym/bakteriyalardyn-da-adamdardiki-sekildi-ishki-sagaty-bar-bolyp-shyqty-14655/#gsc.tab=0)