Ысырапшылықпен күресудің тиімді шарасы енгізілді (видео)
|
Италияның қалталы азаматтары жыл сайын бес миллион тонна азық-түлікті қоқысқа лақтырады екен. Ел депутаттары осы ысырапшылдықтың жолын кесу үшін арнайы заң әзірлеп жатыр. Себебі, елдегі әрбір оныншы бала аш-жалаңаш күйде. Құжат қабылданған жағдайда Италиядағы фабрика, мейрамхана және супермаркеттер артылған дүниелерін кедей-кепшіктерге таратуға міндеттеледі. Бұл жүк көлігі күн сайын зауыт, дүкендер мен мейрамханаларды аралайды. Аралаудағы мақсат – тамақ қалдықтарын жинап алып кету. Қалдық болғанда да, адамның аузы тимеген, артық қалған тағамдар. Италияда артық қалған тағамдарды жинап, кедей адамдарға тарататын арнайы ұйымдар бар. Олар жинап-терген тұз, қант, ұн секілді азық-түліктер мына қоймада сақталады. Жүздеген тоннаны құрайтын бұл өнімдерді кейін қайырымдылық ұйымдары әкетеді. Сальваторе Саранити, Лацио аймағындағы Banco Alimentare қоры бөлімінің Президенті -Былтыр біз қоқысқа лақтырылмақ болған 256 тонна азық-түлік жинап алдық. Бұл жақсы өнімдер. Тек заттаңбасында я болмаса басқа жерінде ақауы болмаса, олар жеуге жарамды. Бірақ өндірушілер әдетте бұл азықты лақтыруға асығады. Италиялықтар жыл сайын қоқысқа 5 млн тонна азық-түлік лақтырады екен. Есесіне елде кедей-кепшіктер көбейіп барады. Соңғы жылдары тегін тамақтандыратын асханаларға келушілер саны күрт артқан. Чинция Кардамоне, Дон Калабрия әлеуметтік асханасының меңгерушісі: - Біздің асханаға келушілердің дені кедей адамдар және барған сайын саны артып келеді. Негізінен олар – 30 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтар. Бірі жұмысынан айырылғандар, бірі әйелімен ажырасып, панасыз, табыссыз қалғандар. Азық-түлік қалдықтарын лақтыруға тыйым салынатын заң екі ай бұрын көрші Франция елінде күшіне енді. Бұл заңды елемеген фабрикалар мен супермаркеттер иелеріне үлкен көлемде айыппұл салынады. Тіпті, екі жылға темір торға қамалуы да мүмкін. Енді осы іспетті заң жобасын Италия депутаттары да қарап жатыр. Бірақ, мұндағы құжатта жазалау шаралары қарастырылмаған. Марко Луккини, "Banco Alimentare" қорының бас директоры: - Бұл заң бойынша еш бір жаза қолданылмайды. Өйткені, бұнымен ешнәрсе шешуге болмайды. Алайда құжатта азық-түлік қалдықтарын жинап тарататындар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Демек, жеуге жарамды тамақты лақтырып тастау тиімсіз болады. Рим маңындағы қоймада сақтаулы азық-түліктерді ұдайы жүздеген қайырымдылық ұйымы әкетіп отырады. Бұл консервілер, жартылай фабрикаттар мен жеміс-көкөністер осы өңірдегі 120 мың азамат үшін азық. Бірақ, мұның өзі мұқтаж адамдарды тамақтандыруға жеткіліксіз болып отыр.