Сулы-батпақты бақтардың аумағы кеңейтіліп келеді
Сулы-батпақты бақтардың аумағы кеңейтіліп келеді
4 жыл бұрын 3797 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытайдағы сулы-батпақты өңірлердің аумағы соңғы 5 жыл ішінде шамамен 200 мың гектарға кеңейген. Бұл жайында islam.kz порталы Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай билгі қоршаған ортаны қорғаудың барлық аспектісіне басымдық бере отырып, ең алдымен экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуде маңызы зор биологиялық әр алуандылықты қалпына келтіруге күш салып жатыр. Соның ішінде сулы-батпақты алқапты қорғау мақсатында 2016-2020 жылдар аралығында мемлекет қазынасынан 1,53 млрд доллар шамасында қаржы бөлінді, аса ірі сулы-батпақты алқаптарды қорғауға бағытталған 2000-нан жоба қолға алынды. Бұл туралы деректі Қытай халық республикасының ұлттық орман-тоғай және жайылым әкімшілігі мәлім етіп отыр. Ұлттық деңгейде назар аударылған бұл жобалар арқылы сулы-батпақты өңірлерді қорғаудың ұлттық жүйесі жасалды, бұған қоса, оларды қорғауға қатысты заңнамалық құжаттар қабылданды. Соңғы 5 жыл бедерінде 201 сулы-батпақты ұлттық бақ пайда болды. Осылайша сулы-батпақты бақтардың ұзын саны 899-ға жеткен. Қытайдың орталығында орын тепкен Хэнань провинциясында мұндай 27 жаңа сулы-батпақты бақ пайда болыпты. Аталған аймақтан ағып өтетін  Хуанхэ өзенінің бойында сулы-батпақты жерді мекен ететін, табиғатта сирек кездесетін 150-ден аса құстың түрі қорғауға алынған. Сулы-батпақты жердің экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етудегі маңызы зор, жаһандық жылынуға байланысты ең алдымен сулы-батпақты өлкелер зардап шегіп жатыр, яғни, кеуіп жатыр. Кеуіп кетудің салдарынан биологиялық әр алуандылық жоғалуда, маңайындағы экологиялық жүйеге орасан зор зиян келтіруде.

Қазақстандағы сулы-батпақты аймақтар туралы мәлімет: 1971 жылдың 2 ақпанында Иран елінің Рамсар қаласында сулы-батпақты аймақтарды қорғау мақсатында «Рамсар конвенциясы» бекітілген болатын. Қазіргі таңда бұл конвенцияға 170 мемлекет қосылған. Қазақстан Рамсар Конвенциясына 2007 жылы мүше болды. Еліміздегі 10 сулы-батпақты атырап Рамсар конвенциясы тізіміне еніп, халықаралық маңызға ие болып отыр. Солардың ең ірісі Алматы облысындағы Іле атырабы мен Балқаш көлінің оң жақ бөлігі. Оның аумағы 1 млн гектарға жуық. Рамсер конвенциясына қосылған жылдан бері еліміздің аумағында жалпы ауданы 3 281 398 гектарға жететін, халықаралық маңызы зор 10 сулы-батпақты аймақ бар. Бұл өлкелердегі биологиялық әр алуандылық 500-ден аса өсімдікті, 1400-дан аса құс түрлерін қамтиды. Соның ішінде еліміздегі ең ірі Теңіз-Қорғалжын көлдерін мекен ететін құстардың 112 түрі барын ескерсек, олар күллі Қазақстандағы сулы-батпақты авифыунаның 87%-ын құрап отыр. Аталмыш қорықтың аумағында 60-тан аса табиғатта сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқандықтан Қызыл кітапқа енгізіліп, мемлекет қамқорлығы мен қарауына алынған жануар мен өсімдік тіршілік етеді. Еліміздегі сулы-батпақты аймақтар құстардың транзиттік дәлізінде орналасқандықтан құстардың маусымдық миграциясы үшін маңызды рөл атқарады. Жыл сайын 50 млн құс еліміздегі сулы-батпақты аймақтарда аялдайды. Еліміздің аумағындағы халықаралық мәні бар, аса ірі сулы-батпақты аймақтарға Теңіз-Қорғалжын, Алакөл, Теңіз және Ырғыз өзендері мен көлдері жатады.  

0 пікір
Мұрағат