Шартарап: Су асты галереясы ашылды (видео)
|
Мексика шығанағының түбінде жатқан ескі кеме ішінде сурет галереясы ашылды. Су астына сүңгу – дайвингпен айналысатындардың табиғаттың керемет көріністерімен қатар енді австриялық суретшінің туындыларын тамашалауына мүмкіндіктері бар. Су асты галереясы 27 метр тереңдікте ашылған. Темір мен шыныдан жасалған қаптамаларға салынған суреттер Генерал Ванденберг кемесінің жоғарғы палубасына орын алды. Бұл кеме 2009 жылы Флорида штатындағы Ки-Уэст қаласынан 11 шақырым қашықтықта суға батырылған болатын. Ұзындығы 160 метрге жететін бұл кеме - көлемі жағынан әлемдегі екінші жасанды риф. Осындай жасанды рифтер суда мекендейтін түрлі жәндіктерге пана болып, ағыстардан қорғайды және олардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Осындай жерлерде қысқа мерзімде биомасса мөлшері 10 есе артады. Ал бұл маңайындағы судың тазаруына әкеледі. Жасанды рифтер жасау үшін суға ескі кемелер, жарамсыз дөңгелектер мен түрлі заттар суға батырылады.
Сырын әлі ешкім таппаған жерасты үйі (видeо)
Армениядағы жерасты үйінің сырын әлі ешкім тапқан жоқ. Туристерді де құпияға толы осы мекен қызықтырады. Шағын ғана ауылда орналасқан жерасты үңгірі Левон Аракелянның үйінде орналасқан. Оның авторы да өзі. Ереванға жақын орналасқан Ариндж мекенінде ХХІ ғасырдың үңгір лабиринті бар. Архитекторы – Левон Аракелян. Аңызға сенсек, Левон шебердің жұбайы жерқойма қазып беруін сұраған екен. Нәтижесінде әртүрлі деңгейде орналасқан төбесі тегіс 7 залы бар лабиринт пайда болыпты. Автор жерасты үңгірін қазуға геодезия құрал-жабдығынсыз, сызбасыз кіріседі. Дегенмен, жасаған дүниесінде мүлт кеткен жері жоқ. Қазір мұнда келушілердің қарасы көп. Туф және базальтпен мәнерлеп қапталған көптеген дәліздер көрер көзді таң қалдырады. Инженерлер мен архитекторларды да тамсандырған осы көрініс. Ғалымдар шебер 23 жылдың ішінде жалғыз өзі қолда бар құралдарымен, зілбалға, балға және кескішпен осыншама жұмысты қалай істеген деген сұраққа жауап таппай келеді. Ашот Левонян, экскурсия жетекшісі: - Оның құрылысшы деген білімі болмаған. Соның өзінде ауа алмасып тұратын жүйені ойлап тапты. Үңгірдің ең төмен деген жерінің өзінде таза ауа бар. Мұндағы температура жыл бойы 7-10 градус. Міне, мынау вентиляция шахтасы. Бұл үңгірге түскен туристер ертегілер әлеміне тап болғандай күй кешеді. Онда жүріп-тұратын жолдардың барлығы софит шамдарымен қамтылғандықтан, алған әсеріңіз еселене түседі. 21 метр тереңдікте ұзындығы 150 метр болатын дәліздің аса қасиетті деп саналатын нүктесі де бар. Ашот Левонян, экскурсия жетекшісі: - Міне, мына жер үшін біз бұны ғибадатхана дейміз. Осы жерде Левон мырза шаршағанын басып, 3-4 минут отыратын болған. Сол кезде күш-қуатым бойыма келеді деген екен. Тынығып болған соң жұмысқа кіріскен. Сол кезде-ақ ол бұл жердің магнитті аймақ екенін білсе керек. Кейін физика ғылымының мамандары келіп мұнда өлшеу жұмыстарын жүргізді. Олар магнитті жер екенін растады. Шаршап-шалдыққан адам осы жерде бірер сәт отырса болғаны, бойына қуаты келеді деседі. Үңгірдің соңына дейін қазылмай қалған тұстары да бар. Алайда, халық арасынан шыққан сәулетшінің 13 немересі атасының ісін жалғастыра алады. Дегенмен, Левон Аракелян бұл жерасты әлемін не үшін жаратқанын ешкімге айтпай өмірден өтіпті