Парникті газдардың аурулардың таралуына қалай ықпал ететіні анықталды
|
Көмірқышқыл газының жоғары деңгейі ауадағы вирустардың өмір сүру уақытын ұзартып, осылайша инфекциялардың таралу қаупін арттырады. Бұл жайында islam.kz порталы nature.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бристол университеті жүргізген зерттеу нәтижесі көмірқышқыл газының атмосферадағы SARS-CoV-2 вирусы бөлшектерінің өмір сүруіне әсер ететін негізгі фактор екенін көрсетіп берген. Зерттеушілер ауадағы көмірқышқыл газының үлес салмағының жоғарылауы ауа тамшылары арқылы таралатын түрлі вирустық инфекциялардың таралуына ықпал етеді, деп санайды. Ғалымдар бұл тарапта CELEBS биоаэрозол технологиясын қолданып көрген екен - бақыланатын электродинамикалық левитация және субстраттағы биоаэрозолдерді экстракциялау бөліп алу жолымен зерттеу), бұл тәсіл өз кезегінде оларға дем шығаратын аэрозолді моделдейтін зертханалық ауа бөлшектерінде вирустың түрлі нұсқаларының өмір сүру мүмкіндігін саралауға мүмкіндік береді. Атмосферадағы көмірқышқыл газының концентрациясын миллионға шаққанда 400-ден 6500 бөлікке дейін өзгерту арқылы ғалымдар газдың шоғырлану деңгейінің жоғарылауы мен ауадағы вирустардың жұқпалы қатерінің ұзақтығы арасындағы корреляцияны немесе байланысты растады. Зерттеушілер бұл тұжырымның ғимараттың ішін желдетудің маңыздылығын ашып көрсететінін, сонымен қатар, климат өзгерісінің инфекциялық аурулардың таралуына ықтимал әсерін көрсететінін атап өтті. Климаттық зерттеулер нәтижесіне сәйкес атмосферадағы көмірқышқыл газының концентрациясы ғасырдың соңына қарай бір миллионға шаққанда 400 бөліктен миллионға 700 бөліктен астамға дейін артуы мүмкін.
CELEBS биоаэрозол құрылғысында шамамен 2 см болатын суспензияланған вирустық тамшылар. Фото: Allen Haddrell