Тіс неге сарғаяды?
Тіс неге сарғаяды?
8 жыл бұрын 16741 stan.kz confederation.kz

Соңғы уақытта көз тартатын мінсіз күлкі мен маржандай жарқыраған тістер сәнге айналды.

Мінсіз тістер иесі болу тек сұлулық тұрғысынан емес, психологиялық тұрғыдан да қажеттілік туындатады.

Алайда, барлық адам тістерінің табиғи ақтығымен мақтана алмайды. Оған қоса, сарғайған тістер әр кез шылымның не кофенің салдарынан бола бермейді.

Көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдың жауабын іздеп, тістің сарғаю себептері мен онымен күресудің жолдарын зерттеуді жөн деп таптық.

1. Тұқым қуалаушылық

«Әр адам тістерінің өз түсі болады. Туылғанда-ақ тісіміздің түсіне ықпал ететін ген барлығымызда да бар», – деп түсіндіреді Испания стоматологиялық колледждері Қауымдастығының төрағасы Оскар Кастро Рейно.

Кастро дәрігердің айтуынша, тіс кіреукесі мен дентиннің бұзылуына алып келетін туа бітті ауыру түрлері баршылық көрінеді. Олардың нәтижесінде уақыт өте келе тіс сарғайып, тіпті, қошқыл қоңыр түс алып та жатады.

«Ол ата-анадан тұқым қуалаушылық арқылы беріледі», – дейі дәрігер.

Сонымен қатар, тістердің түсіне қалқанша безі немесе тироидті гормондар секрециясы қызметтерінің бұзылуы да ықпал етуі мүмкін. Олардың салдарынан тіс қарайып, тіс кіреукесінде дақ пайда болады.

2. Тағам мен сусын

Кей тағамдар мен сусындардың құрамында кездесетін пигменттер тіс кіреукесіндегі ұсақ тесіктер арқылы тісіміздің тіндеріне ене алады.

Мұндай әсерге ие сусындардың танымалы шай мен кофе болса, олардан өзгесін көпшілігіміз біле бермейміз.

Мысалы, дәрігер Кастроның сөзінше, көк шайдың да құрамында тістерімізге сарғыш түс беретін пигменттер бар. Оның әсері кола мен қызыл шараптан кем түспейді.

Бұл орайда құрамында картоині бар сәбіз, қызанақ, шпинат сынды көкөністердің де сарғыш түс беретін әсерін айта кеткеніміз жөн.

Кей өңірлерде қарапайым судың өзі тісті сарғайта алады екен. Оған себеп – су құрамында фтордың көптеп кездесуі. Мұндай суды ішудің салдары тіс кіреукесінің пигментациясымен сипат алатын флюроза дертіне апарып соғады.

3. Дәрі-дәрмек пен пломба

«Антибиотиктердің тетрациклин сынды кейбір түрлері тіс тіндерінің қалыптасу барысында ауытқушылыққа алып келуі мүмкін. Мұндай ауытқушылық орын алса, тіс шыққанда-ақ қоңыр дақты болады», – дейді Кастро.

Мұнан өзге де дәрі-дәрмектер тіс кіреукесіне сарғыш түс бере алады. Олардың қатарында ауыз қуысын шаюға арналған сұйықтықтар да бар.

Пломбаның құрамында күміс амальгама кездеседі. Кастроның сөзіне сенсек, ол да өз алдына пигмент болып табылады. Тіске пломба орнатылғаннан кейін уақыт өте келе ол тіс тіндеріне біркелкі тарап, түсін өзгертеді.

Эндодонтикалық ем нәтижесінде де осы құбылысты байқауға болады. Тіс нервісі алынғаннан соң тіс тіндері қараюы ықтимал.

Бүгінгі күн аталған қиындықтардың стамотологиялық шешімі табылған. Қандай жағдай болса да емдеуге болатынын айтады Кастро.

4. Қартаю және күтімнің жетіспеушілігі

Біз естен шығармауға тиіс тағы бір себеп – жас ұлғаюы. Қартайған сайын тісіміздің сарғая бастайтыны белгілі.

Бұл пікірімізді дәрігер Кастро да растайды: «Жас ұлғайған сайын тісіміздің сарғыш түс алуы – табиғи құбылыс. Туылғаннан қартайғанға дейін тісіміз түрлі жағдайлар мен сынақтарға душар болады. Олардың нәтижесінде тіс құрылымында өзгеріс орын алады».

Алайда бұл ретте ауыз қуысымызды күтудегі ұқыптылығымыз да қалыс қалмайды. Ең алдымен, тіс тазалауға айрықша мән беруіміз керек.

«Ауыз қуысы гигиенасы маңызды рөл атқарады», – деген дәрігер пікірі сөзімізді қуаттай түседі.

Тіс сарғаюының алдын алу шаралары

Уақытты тоқтатуға не кері қайтаруға қауқарсыз болсақ та, тісімізді мұқият тазалап, кей тағамдарды шектен тыс мөлшерде жеуден бас тартуға күшіміз жетеді.

Десе де тістеріңіздің маржандай жарқырауын қаласаңыз, мамандардың көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс.

«Үй жағдайында тісті ағарту әдістерінің, шындығында да, емдік тиімділігі бар. Бірақ теледидардағы жарнамаларда жарыса көрсетіп жататын «ғажайып құралдарға» сенудің қажеті жоқ. Жарнамадағы құралдар тісті бірден бірнеше түске ағарта алмайды. Ол, тіпті, мүмкін емес», – деп түсіндіреді Кастро.

«Ең дұрысы – тіс дәрігерінің көмегіне жүгініп, тістерді қалай ағартуға болатыны жөнінде кеңес алу», – деп жалғастырады тіс дәрігері.

Сонымен қатар, дәрігер Кастро сода мен лимон арқылы тістерді ағарту әдісін қолданудың зияндығын ескертеді: «Бұл қышқыл тіс кіреукесін бүлдіреді. Нәтижесі тісті егеуқұммен егегенмен бірдей».

Ал ағартатын әсері бар тіс пасталары ше?

Дәрігер Кастроның айтуынша, ол – жай ғана алдау. Сары түске қарама-қарсы түс – күлгін. Тіс тіндеріне күлгін түсті бөлшектердің енуі себепті тісіміз ағара түскендей болып көрінеді.

Айта кетер тағы бір жайт, мамандар тістердің ақтығы жөнінде шектен тыс мазалану, яғни «бланкорексия» ретінде танымал жаңа феномен жайында ескертеді.

«Біз сондай қанағатсызбыз: қолымыз жеткен дүниені қашан да аздық етеміз, әр нәрсенің одан сайын көп, одан сайын жақсы бола түскенін қалаймыз. Кей емделушілердің тістерді ағартумен әуестенгені соншалық, тіс кіреукесінде табиғатынан болуы мүмкін емес ақтықты талап етеді», – дейді Кастро.

«Сана-сезіміміз бен қабылдауымыз өзгере түсуде. Ненің табиғи, ненің жасанды екенін ұмыт қалдыра бастадық», – деген дәрігер пікірі, шынымен де, көкейге ой саларлық.

Халық медицинасындағы тіс күтімінің бірнеше тәсілі 

Тіс пен қызыл еттегі мәселелер ерте ме, кеш пе барлық адамды мазалайды. Тістің ауырса, стоматологиялық емханаларға хабарласқан жөн. Алайда, тісті үйде ағарту үшін халық медицинасындағы әбден сыналған әдіске жүгініп көрелік.

Тұздың көмегімен тісті ағартып, қатайту

Тұз қызыл иекті жақсы қатайтып, ауыздағы жараларды жазады. Сондай-ақ, ауыздан жағымсыз иістің шығуына жол бермей, тісті ағартады. Кез келген ұсақталған тұз тіске көмектеседі. Алайда, теңіз тұзының жөні бөлек. Суға жуылған марлінің бір бөлігіне тұз салыңыз да, тісіңіз бен қызыл иегіңізді сүртіңіз. 1 шай қасық тұзға 1 ас қасық зәйтүн майын қосып (өсімдік майын да қолдануға болады) паста жасауға да болады. Араласқан май мен тұзды қолға жағып, 5 минут бойына тісіңізді сүртіңіз.

Соданың көмегімен тісті ағартып, қатайту

Тіс пен қызыл иекті қатайтудың ең қарапайым тәсілі - тіс щеткасына аздаған паста жағып, үстіне сода себу. Мұндай әдісті аптасына 1 рет қайталаңыз. Өйткені, көп қайталаса эмаль кетіп қалуы мүмкін.

Мынадай пастаны жасауға да болады: жарты шай қасық содаға 10-12 тамшы сутек тотығын және аздаған лимон шырынын қосыңыз. Содан соң, бірнеше минут бойына тісті екі жағынан мақтамен сүртіңіз. Процедура аяқталған соң, 15 минут бойы ештеңе ішіп-жемеңіз. Мұндай рецепт ауыздан жағымсыз иіс шығармайды, сондай-ақ, қызыл иекті қатайтып, тісті ағартады.

Тісті ағартып, қатайтуға арналған, үйде дайындалатын паста

Қызыл иек ісігін емдеп, ауыздан шығатын жағымсыз иістен арылып, қызыл иекті қатайтып, тісті ағарту үшін келесі рецептті қолданыңыз: 1 шай қасық ұсақ тұз бен 1 шай қасық балды араластырыңыз. Бұл қоспамен тісіңізді аптасына 1-2 рет жуыңыз.

Шай ағашының майымен тісті ағартып, қатайту

Шай ағашының майы бактерияға және асқынуға қарсы дәрі ретінде танымал. 1 стакан қайнаған суға 3-4 тамшы шай ағашының майын қосыңыз да, аузыңызды осы қоспамен жүйелі түрде шайып тұрыңыз. Егер қызыл иегіңіз асқынған болса, шай ағашының майымен шыланған мақтаны тісіңіз бен қызыл иекке басыңыз. 

0 пікір
Мұрағат