Мегаполистер дәуірі. Алдағы жылдары әлемде ауыл тұрғындарының азаюы басталады
Мегаполистер дәуірі. Алдағы жылдары әлемде ауыл тұрғындарының азаюы басталады
7 жыл бұрын 5490 Алтынай Қуанышбек

Бүгінде әлем халқының 55%-ы қалаларда тұрады, ал 2050 жылға қарай қала тұрғындарының үлесі 70%-ға жуықтайды. Болжам бойынша, Жер шары халқының табиғи өсімін қоса есептегенде отыз жылдан кейін қала тұрғындарының саны 2,5 миллиард адамға көбейеді, бұл өсімнің 90%-ға жуығы Азия мен Африкаға тиесілі болады. Бұл жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әлемдік урбанизацияның болашағына шолу-2018» атты жаңа есебінде айтылады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. 

БҰҰ Экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің болжамына сәйкес, қала тұрғындары өсімінің негізгі бөлігі санаулы ғана елге тиесілі болғалы отыр. 2018 бен 2050 аралығында қала тұрғындары қатарына қосылатын 2,5 млрд адамның 35%-ын Үндістан, Қытай және Нигерия құрамақ.

2050 жылға қарай қалада тұратын адамдар саны Үндістанда 416 миллион, Қытайда 255 миллион, ал Нигерияда 189 миллионға көбейеді.

1950 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта әлемде қала халқының саны 751 миллионнан 4,2 миллиардқа өсті. Салыстырмалы түрде Азияда урбанизация деңгейі төмен болғанымен, әлемдегі қала тұрғындарының 54%-ы осы құрлыққа тиесілі. Одан кейінгі орында Еуропа мен Африка – әрқайсысында 13%-дан.

Бүгінде урбанизация деңгейі ең жоғары аймақтар – Солтүстік Америка (халқының 82%-ы қалаларда тұрады), Латын Америкасы мен Кариб елдері (81%), Еуропа (74%) және Океания (68%). Азияда урбанизация деңгейі 50% шамасында. Ал Африкада халықтың басым бөлігі (57%) ауылдық жерлерде өмір сүреді.

Кейбір қалалар мен елді мекендерді халық саны азайып жатыр

Соңғы жылдары кей қалаларда тұрғындар саны азаю үстінде. Бұлар көбіне Азия мен Еуропадағы туу көрсеткіштері төмендеуі себепті жалпы тұрғындар саны азая бастаған елдерге қатысты. Ал кейбір қалаларда тұрғындардың азаюына экономикалық кризис пен табиғат апаттары себеп болды.

Жапонияның Нагасаки, Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 2000-2018 жылдар аралығында тұрғындар саны төмендеді. Сонымен қатар Польша, Румыния, Ресей және Украина сияқты Шығыс Еуропа елдерінде осындай үрдіс байқалып отыр.

Туудың төмендеуімен бірге басқа жерлерге қоныс аударушылардың көптігі де бұл елдердегі кей қалаларда тұрғындардың азаюына себеп болуда.

1950 жылдан бері қарай ауылдық жерлердің халқы өсіп, бүгінде 3,4 миллиард адамға жақындады. Болжам бойынша, олардың саны алдағы жылдары шегіне жетіп, одан кейін азая бастауы, сөйтіп 2050 жылға қарай 3,1 миллиардқа түсуі тиіс. Бүгінде әлемдегі ауыл тұрғындарының 90%-ға жуығы Африка мен Азияның үлесінде. Ауыл тұрғындары ең көп елдер Үндістан (893 млн) мен Қытай (578 млн).

Қалалар мен мегаполистер рейтингі

Әлемдегі ең ірі қала – маңайындағы елді мекен тұрғындарын қоса есептегенде 37 млн халқы бар Токио. Одан кейінгі орындарда Дели (29 млн), Шанхай (26 млн) және Мехико мен Сан-Паулу (әрқайсысында 22 млн-нан). Бүгінде сонымен қатар Каир, Мумбай, Бейжің және Дакка сияқты қалалардың әрқайсысында тұрғындар саны 20 млн шамасында. 2020 жылға қарай Токиода халық саны азая бастайды, ал Делиде өсу жалғасып, 2028 жылға қарай ол әлемдегі ең ірі қалаға айналады деген болжам жасалып отыр.

2030 жылы әлемде тұрғындарының саны 10 миллионнан асатын мегаполистер саны 43-ке жетеді және олардың көбі тез дамып келе жатқан аймақтарда болады деп болжанады. Алайда, бүгінде кей жерлерде тұрғындар саны бір миллионнан аспайтын қалалардың маңайындағы халық өте тез өсіп жатыр және олардың көбі Азия мен Африкада.

Қазір әлемде әрбір сегізінші адам 33 мегаполисте тұрады, ал қала тұрғындарының жартысына жуығы тұрғындар саны 500 мыңнан аспайтын қалаларға тиесілі.

Тұрақты урбанизация – табысты дамудың кілті

Тұрақты дамуды қамтамасыз ету және қалалардың өсуін реттеу үшін урбанизацияның негізгі үрдістерін түсіну маңызды.

Урбандалу процесі тездеп жатқанын ескерсек, тұрақты даму қалалардың өсуін басқаруға тәуелді екені айқындала түсуде. Бұл әсіресе тұрғындарының табысы төмен және орташа, ал урбандалу процесі аса жылдам елдерге қатысты. Көптеген қалалар сан жағынан көбейген тұрғындардың баспана, көлік, энергия және басқа инфрақұрылымдар бойынша, сонымен қатар жұмыспен қамту, білім және денсаулық сияқты салалардағы талаптарын орындауда қиындыққа кезігетін болады. Қала және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартатын кешенді саясат керек, бұрыннан бар экономикалық, әлеуметтік және қоршаған орта байланыстары негізінде қалалық және ауылдық аймақтар арасындағы байланысты күшейту қажет.

Қалалардың өсуін басқару саясаты инфрақұрылымдар мен әлеуметтік қызметтер баршаға қолжетімді болуын, баспана, білім беру, денсаулық сақтау, лайықты жұмыспен қамту, қоршаған ортаны қауіпсіз ету сияқты мәселелерде әсіресе тұрмысы төмен адамдарға көңіл бөлуді қамтамасыз етуі керек.

БҰҰ Экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті 

0 пікір
Мұрағат