Күзетшісі жоқ, темір тормен қоршалмаған ерекше түрме
|
Темір тормен қоршалмаған, тіпті, тұтқындарды қас қақпай қадағалайтын қарауалы да, бейнабақылауы да, дуалы да жоқ ерекше түрме Үндістан аумағында көптеп кезедеседі. 2015 жылға дейін мұндай 61 түрме ашылған еді. Бұл түрмелерде балалар асыр салып ойнап жүреді. Жазасын өтеушілердің бостандықта жүргендерден еш айырмашылығы жоқ десе де болады: тұтқындар отбасымен бірге тұрады, күндіз рұқсат етілген белгілі бір уақыт аралығында қалаға шығып қайтады. Тек дер уақытында, дәлірегі, кешкі сағат жетіден қалмай келуі тиіс. Яғни, таңғыс сағат алтыдан кешкі сағат жетіге дейін тұтқындардың өз еркі өздерінде. Аталған түрме аумағынан радиусы 10 шақырымнан аспайтын аумақты еркін аралап қайтуына болады.
Аталмыш түзету орны Ганди принципі бойынша ашылған. Тарқатып әрі нақтырақ айтқанда, тұтқындар еңбекпен жазасын өтеп, өздерін-өздері қамтамасыз етеді. Яғни, олардың ас-ауқатына, киім-кешегіне, т.б. шығындар мемлекет есебінен емес, бюджетке бір тиын да салмақ салмайды. Мәселен, Сангнер түрмесі Азиядағы ең көне абақты саналады. 1958 жылы ашылған. Аумағы – 40 мың шаршы шақырымды құрайды. Мұнда көбінесе абайсызда кісі өлтіріп алғандар жазасын өтейді. Зорлық-зомбылыққа бейім тұратындар мен бопсалаушыларға, есірткі саудагерлеріне орын жоқ. Әйтсе де мұндай түрмеде жазасын өтеуі үшін бұрынғы қылмыскерлер жаза мерзімінің үштен екісін әдеттегі түрмеде өтеуі тиіс. Сонан кейін барып, ашық түрмеге ауыстырылады. Тіпті, жаза мерзімі біткендер бұл тұрмеден кеткісі келмейді. Кетуден бас тартқаны үшін жаза тағайындалады. Бірақ, ашық түрмеде емес, әдеттегі тар қапаста өтейді. Жаза мерзімі біткендер амалсыздан кетуіне тура келеді.
Мұндай түрмелердің ашылуына 1958 жылы Болливуд түсірген комедия түрткі болған. «Екі көз, он екі қол» деп аталатын кинонада күзетшілер тұтқындардың зорлық-зомбылығыныңбетін қайырымдылықпен қайтаруға тырысады. Бұл фильм өз кезегінде Ражастхан штатының сол кездегі билігіне ой салады. 1996 жылы түрме аумағында үш лашық пен бау-бақша пайда болады. «Жабық түрмеден адам оңып немесе түзеліп шықпайды. Ашық түрмеде заңнан аттамайтын азаматтар шығады»,- деді аталмыш штаттың пенитенциарлық мекеме басқармасының вице-комиссары Санжай Йадав. Осылай дей келе ол төрт қағиданы ұстанатынын жеткізді: түзету, оңалту, сенім және өз-өзін қамтамасыз ету.
Үндістандағы ашық түрмелерде бас бостандығынан айырылғандардан 3 889 тұтқын жазасын өтеп жатыр. Түрмедегі тазалыққа да жазасын өтеушілердің өздері жауапты. Санганердегі ашық түрмеде қазіргі уақытта 450-ге тарта адам жазасын өтеп жатыр. Олардың барлығы дерлік отбасылы. Ашық түрмедегі лашықтар мен үйлерді тұтқындардың өзідері тұрғызған. Былай қарасаң, бостандықтағы тұрғындардың үй-жайынан еш айырмашылығы жоқ. Үйлерінде теледидар, асүй, қалта телефондары, мопед, гараж, т.б. бар. Тұтқындар ауызсу мен бақша өнімдеріне қажетті су мәселесін өздері шешеді. Барлығы қалтасынан ақша шығарып, ортаға динаған соң сумен жабдықтаушыға төлейді. Бұл түрмеде тегін білім беру мекемесі мен тоқыма фабрикасы бар. Бұл түрмедегі ең кедей деген тұтқын күніне жоқ дегенде бір жарым мың рупий табады. Ашық түрме қарауылдары мен күзетшілері полиция формасын кимейді. Балар мен әйелдердің жүйкесіне тимесі үшін. Ол ол ма, түрме қарауалдары тұтқындармен бірге шай ішіп, уақыт өткізеді. Тіпті, Санганер тұтқындары түрмеге қарағанда бостандықта қауіпті екенін айтады.
Тұтқын Аржун Шарманың түрмедегі дүкені