Көмірқышқыл газын мейлінше тез аулайтын жүйе жасалды
Көмірқышқыл газын мейлінше тез аулайтын жүйе жасалды
3 жыл бұрын 2083 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Көмірқышқыл газын ауадан тікелей аулайтын, Токио университетінің ғалымдары әзірлеген жүйе аналогтарына қарағанда екі есе жылдам әрі көміртек диоксидін 99%-ға дейін жояды. Бұл жайында islam.kz порталы америкалық химия қауымдастығының ACS Environmental Au мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұ тарапта Сейзи Йамазо есімді профессор жетекшілік еткен жапон ғалымдары ауадан көмірқышқыл газын тікелей аулайтын Direct Air Capture технологиясымен айналысты. Бұл бағытта сұйық және қатты фазаны бөлу жүйесі негізінде құрылғының тиімділігін арттыратын түрлі материалды зерделеген болатын. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұндай құрылғылардағы изофорон диамині (IPDA) көмірқышқыл газын атмосферадағы төмен концентрацияда 99% тиімділікпен кетіреді. Күншығыс елінің химиктері өздерінің бұл құрылғысында IPDA-ның су ерітіндісін пайдаланған. Бұл амин ауадағы көмірқышқыл газын аулап, оны қатты шөгіндіге айналдырады. Мұндай жүйені қайта пайдалануға болады. Ерітіндіні 60°C-қа дейін ысытса, ауланған көмірқышқыл газын босатады да бастапқы сұйық қалпына келеді. Ғалымдар, сонымен қатар, құрылғының жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтініне тоқталды: IPDA 1 моль үшін 201 ммоль / сағ. Бұл, авторлардың айтуынша, төмен газ концентрациясында жұмыс істейтін барлық белгілі, тікелей аулау және тазарту құрылғыларынан екі есе жылдам. Химиктердің айтуынша, қолданыстағы жүйелер атмосфераны тиімді тазарта алмайды. Ондағы көмірқышқыл газының концентрациясы әдетте химиялық реакциялардың жеткілікті жылдам жүруі үшін жеткіліксіз. Екінші мәселе - жиналған көмірқышқыл газын шығарудың қиындығы: әдетте, ол жоғары энергия шығындарын қажет етеді және өндірісті тиімсіз етеді.

0 пікір
Мұрағат