Климаттың өзгеруінен жоғалатын азық-түлік түрлері
Климаттың өзгеруінен жоғалатын азық-түлік түрлері
5 жыл бұрын 3665 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар көп ұзамай, дәлірегі, жақын болашақта, шамамен он жылдан соң жаһандық жылынудан пайда болған климаттың өзгеруінен жоғалатын азық-түлік түрлері мен жеміс-жидекті атады. Солардың ішінде картоптан бастап, бананға дейін, тіпті, зәйтүн майына дейін жоғалу қаупі төніп тұр. Әлем тұрғындары ең көп тұтынатын, ішпесе басы ауыратын шай мен кофеге де жоғалу қаупі төніп тұрғанын айта кету керек. Өйткені, кофе өсуі үшін тропикалық климатты, биік тауды, тұрақты ауа температурасын және мол жауын-шашынды қажет етеді. Өкінішке қарай кофе өсіруге қолайлы мұндай жерлер жер бетінде азайып келеді. Жаһандық жылынудан 2050 жылға қарай кофе өсіруге қолайлы аумақ екі есеге тарылып, 2080 жылы бұл өсімдік жабайы табиғатта мүлдем жойылатын болады. Кофе дәнімен жабдықтайтын негізгі ел саналатын Танзанияда соңғы 50 жылда кофе түсімі екі есеге кеміп кеткен. Әрбір бір градусқа көтерілген ауа температурасы таудағы кофе түсімділігін үштен бірге кемітеді. Тек ауа температурасы ғана кофе түсіміне әсер етіп отырған жоқ, сонымен қатар, зиянкестер мен түрлі факторлар да өз салқынын тигізіп отыр. Мәселен, 2012 жылы Орталық америкада кофе плантациясы саңырауқұлақ инфекциясына ұшырағандықтан оның түсімі  50-85%-ға азайып кеткен болатын. Әлемдік мұхит суының құрамындағы оттек жаһандық жылынудан азайып барады. Соның нәтижесінде балықтардың дене тұрқы кішірейіп келеді - 2050 жылға қарай ондағы тіршілік иелерінің дене тұрқы төрттен бірге кішірейеді. Балық аулауға да өз кері әсерін тигізуде: әлем бойынша ауланатын балық мөлшері орташа есеппен алғанда 5%-ға кеміп кеткен. Бұдан бөлек, алдағы уақытта шоколадты да түсіңізде көретін боласыз. Өйткені, какао ағашы жеміс беруі үшін тұрақты жоғары температура, жоғары ылғалды, мол жауын-шашын, жыл бойы күн шуағын, құнарлы топырақты қажет етеді. Егер аталған жағдайлардың бірі кем түссе, какао ағашы жеміс бермейді. Жаһандық жылынуға байланысты 2030 жылдың өзінде какао ағашын өсіру тиімсіз болмақ. Осындай себептерге байланысты африкалық әрі индонезиялық фермерлер какао ағашын өсіруді доғарып, оның орнына пальма майын немесе каучук өсіруді қолға алып жатыр. Соңғы 40 жылішінде какао өсіретін аумақ 40%-ға тарылып кеткен. Енді бір 40 жылдан соң Гана мен Кот-д'Ивуарде (аталған екі ел әлемдік какао экспортының үштен екі бөлігіне ие) орташа ауа температурасы тағы екі градусқа көтерілер болса, какао индустриясын тоқырайтын болады. Келесі 2020 жылы какаоға сұраныс 1 млн тоннадан асатын болады. 

0 пікір
Мұрағат