Жылқы етін тұтынатын елдер белгілі болды
Жылқы етін тұтынатын елдер белгілі болды
2 күн бұрын 570 24.kz

Жылдың соңғы айы, желтоқсан нағыз қарбаласқа толы кезең. Әлемнің біраз елі бұл айда жаңа жыл мерекесіне әзірлік жасап қана қоймай, қысқы азығын дайындауға кіріседі., деп хабарлайды 24.kz

Мал етін сүрлеп, кептіріп, маусымға сақадай сай отырады. Қазақ қастерлі жылқы етін соғымға сойса, кей ел қой-ешкінің етін сүрлеп сақтайды. Жапондар суық мезгілде балықты місе тұтады. Әр елдің қысқа ет дайындау дәстүрі әртүрлі. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деген. Көп елде біздің халыққа ұқсас соғым дайындау дәстүрі бар. Бірақ, ол әрқалай аталады. 

Жылқы етін біраз ел тұтынады

Қазақ жылқыны ерекше қастерлейді. Мінсең көлік, ішсең сусын, жесең ет, айта берсең пайдасы оның көл көсір. Ұлтымыздың ұлттық асханасының ажырамас бөлігі. Өзге елдің де асханасынан бұл өнім ерекше орын алады. Бауырлас қырғыз жұрты жылқы етін сүйсініп жейді. Қысы қатал моңғолдың да ұлттық асы – жылқы етінен әзірленеді. Әсіресе, суық маусымда бұл халық жануардың өнімін көп тұтынады. Себебі, ол мол энергия беріп, суықтан қорғайды. Әдетте жәндіктің түр-түрін жеуге әуес Қытай жұрты жылқы етін тұтынуды дәстүрге айналдырған. Олар мұны кептіріп, сүрлеп шұжық әзірлейді. Жылқы етіне Еуропадағы мажар, болгар, италиялықтардың да тәбеті жақсы. Олар жануардың етінен шұжықтың түр-түрін дайындайды. Әдетте круассан сияқты нан өнімдеріне әуес француздар жылқы етінен стейк әзірлеп жейді. Францияға сапарлай қалсаңыз, асханасынан “steak de cheval” өнімін жиі кездестіруге болады. Ал Исландияда жұрт оны қақтап пісіреді. Бельгия мен Голландияда жылқы еті ең тәтті деликатес. Әлем жұрты жылқы етінің таза әрі дәмді екенін тұтынғаннан кейін мәдениетіне біртіндеп енгізіп жатыр. Бірақ бұл өнімді біржолата тыйып тастаған елдер де жоқ емес. Израиль,Түркия мен Үндістан, Ұлыбритания, АҚШ-та жылқы етін жеу сирек кездеседі, тіпті кей жерлерде заңмен шектелген. Бұл діни сенім, мәдени көзқараспен байланысты тыйылған. 

Жылқы етін жеуге әуес елдер:

Қырғызстан

Моңғолия

Қытай

Италия

Франция

Венгрия

Бельгия

Голландия

Болгария

Исландия

Швейцария

Индонезия

Исландиялықтар жылқы етінен шұжық әзірлейді

Исландияда жылқы етін қыс-күз айларында табу қиын. Дегенмен одан әзірленген шұжық түрлерін жиі кездестіруге болады.  Әуелгіде бұл ел жылқы етін діни көзқарасына байланысты тұтынуды, тіпті мінуді тыйым тастаған. Оны жеу үлкен қорлықпен тең еді. Бірақ, 18 ғасырда елді жайлаған жұттан халық қырылмас үшін біртіндеп жылқы етін тұтына бастайды. 20 ғасырдан бастап бұл қалыпты саналып, үйреншікті асына айналады. Қазір исландиялықтар өнімнің өзін жегеннен гөрі, дәмдеуіш қосылған шұжықты көп тұтынады. Әр исландиялық жылына шамамен 1,5-2 келі жылқы етін жейді. Бұл елдегі ет өнімінің 2 пайызы ғана.

Хельга дис Бьёргульфсдоттир, исландиялық журналист, жазушы: Исландияның жылқы еті өзге елдің өнімінен ерекшеленеді. Өйткені, мұндағы жылқы атаулы жыл бойы жайлауда жүреді. Тұтыну үшін арнайы күтіп бапталмайды. Ал жылына Исландияда 1 мың тонна жылқы еті өндіріледі.    

Қыстың дәмі – "ланди" еті 

Пәкістанның Белуджистан аймағында жергілікті жұрт қысқа соғым ретінде ешкі-қой етін сүрлеп сақтайды. Бұл әсіресе мұздатқышта ұстау мүмкіндігі жоқ аймақтарда кеңінен танымал. Олар осы дәстүрді "ланди" деп атайды. Етті тұздағаннан кейін, оны желтоқсан айында екі апта далада кептіріп алады. Халықтың сөзінше, бұл суық күнде ағзаны тоңдырмайды, күш-қуат береді екен. Сондай-ақ, ланди еті көпшелі халық үшін тасымалдауға ыңғайлы әрі оңай. Қазір азықтың бұл түрі Пәкістанда қыстың танымал деликатесіне айналды.
Жергілікті тұрғын: - Біз ланди етін қыстың суық күндері сүйсініп жейміз. Өйткені оның денені жылытатындай ерекше қасиеті бар, тоңдырмайды. Ал етті мұздатқышта сақтасаңыз, оны жыл бойы тұтынуға болады. Ет кептірілгендіктен, ол бұзылып кетпейді.

Жапонияда қысқы азық – кептірілген балық

Ал мұхитқа жақын орналасқан жапондар басты тағамы балықты қысы-жазы сүйсініп жейді. Статистика бойынша орта есеппен олар күніне 700 грамм балық етін тұтынады. Ал жылына бұл көрсеткіш 70 келіге дейін жетеді. Әлем бойынша ауланатын 10 балықтың біреуін жапондар тұтынады екен. Бұл олардың рационындағы ақуыздың 40 пайызын қамтиды. Ал күздігүні олар қысқа азық қорын әзірлеп, балықты сақтау үшін тұздап, ашытып, кептіреді. Өздерінің ұлттық тағамы “Суши” мен “сасими” әзірлеу үшін теңіз өнімін мұздатып, маринадтау әдісін де қолданады. Өйткені халық қыстыгүні балықты көп жеу "суықтан қорғайды" деп сенеді.

Біраз ел соғымға балық етін сақтайды

Балық етін соғым ретінде сақтау тәжірибесі Канада, Солтүстік Америка, Ресей, Скандинавия елдері сияқты суық климатқа бейімделген аймақтарда да кең таралған. Қыс айларында балғын балық қолжетімсіз болған соң, олар қыстың қамын жазда ойлап, алдын ала кептіріп, ашытып алады. Сібір халқы мұздатылған шикі балықтан строганина тағамын дайындайды. Бұл дәстүр аязды күндері балықты табиғи түрде қатырып сақтау әдісіне негізделген. Құрғатылған балық Норвегияда да көп тұтынылады. "klippfisk", "stockfish" деп аталатын деликатес өнім бұл елдің асханасында жиі кездеседі. Шведтер мен малайлар да кептірілген балықты түрлі тағамға қоспа ретінде қолданады. Шри-Ланка мен Исландияда кепкен балық еті жеңіл тағам ретінде тұтынылады. Ал Оңтүстік Корея жұрты маринадталған шикі балықтан ұлттық "хе" тағамын жиі әзірлейді.  Скандинавия елдері: "лютефиск", " гравлакс" Ресей және Сібір аймағы: "строганина" Швеция: "torkad fisk", "strömming" Норвегия: "klippfisk", "stockfish" Исландия: "harðfiskur" Шри-Ланка: "каравала" Оңтүстік Корея, "хе" Малайзия

Оңтүстік Корея ит етіне тыйым салады

Оңтүстік Корея демекші, бұл халық иттің етін де азық санайды. Біле білсеңіз, олар әлем бойынша ит етін тұтынатын ең негізгі ел. Кейінгі бірнеше ғасырда Кореяның біраз аймағында иттің етін тұтыну дәстүрге айналған. Бірақ, биыл мемлекет Парламенті жануардың етін жеуге, сатуға және бағуға тыйым салу туралы заң қабылдады. Құжат 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Ережеге сәйкес итті сойған құқықбұзушылар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе шамамен 22 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал оның етін тұтыну үшін бағып-баптағандар 2 жылға дейін түрмеге тоғытылады, болмаса 15 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл арқалайды.

Жануардың ішінде қорытылуы жеңіл, құрамы темір мен дәруменге бай қазақтың жылқы етіне ештеңе жетпейді. Қазы-қарта, жал-жаяның қадірін алыста жүрген ағайын түсінеді. Өйткені, жылқы еті денеңде қан жүгіртіп, күш-қуатыңды арттырады. "Құнан жілік – қымыздай тәтті" деген содан қалған.



logo

0 пікір
Мұрағат