Гендік тұрғыдан модификацияланған бактерия аралар тобын сақтап қалады (фото)
Гендік тұрғыдан модификацияланған бактерия аралар тобын сақтап қалады (фото)
5 жыл бұрын 4234 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Аралар тобының тарау синдромы бал беретін араларды қынадай қырады. Бұл апат өз кезегінде ғаламдық экологиялық жүйенің тепе-теңдігіне кері әсерін тигізіп, ауыл шаруашылығына орасан зор шығын әкелмек. Остиндегі Техасс университетінің ғалымдары бұл проблеманы гендік тұрғыдан модификацияланған бактерияның көмегімен шешуді жөн көріп отыр. Осы орайда аралар тобының ыдырау синдромының не екенін түсіндіре кетейік: жұмысшы аралар ұяны біржола тастап шығады, бірақ, аналықты, қоректік қорды және асыраушы араларды ұяда қалдырады. Жұмысшы аралардың мұндай қадамға баруына Varroa тұқымды паразиттік кене мен қанатты зақымдайтын вирус итермелейді. Varroa тұқымды паразиттік кене араның жотасына жабысып, оның майымен қоректенеді. Нәтижесінде жәндік қатты әлсірейтін болады. Кенелер, сондай-ақ, қанатын зақымдайтын вирусты да жұқтыруы мүмкін. Осыдан барып, аралар ұшудан қалып, дәрменсіз күйге түседі. Соңғы жылдары ішектің микробиотын (бактериялар мен микроағзалардың жалпы атауы – ред.) зерделеген ғалымдар олардың организмге тигізер әсерінің ұшан-теңіз екеніне көз жеткізген болатын. Ішек бактериясы семіру, сусамырға шалдығу, Альцгеймер ауруын жамап алу, күйзеліске түсу, тіпті, шизофрения секілді түрлі дерттердің таралуы мен дамуында маңызды рөл ойнайды. Әлбетте, аралардың да өз микробы бар. Осыны қаперге алған мамандар микроағзаларды аралар тобын ыдырау синдромынан сақтауға пайдалануды ойлайды. Осы мақсатта олар Snodgrassella alvi  деп аталатын бактерияны гендік тұрғыдан модификациялап, екі түрлі штаммын жасайды. Олардың бірі араның иммундық жүйесін нығайтатын болса, жәндіктің қанатын зақымдайтын вируспен күреседі. Ал екінші штамм кенеге қарсы бағытталады: ол оның иммундық жүйесін өзіне қарсы қойып, зиянкесті жояды. Осы бағытта жүргізілген сынақ барысында кене мен вирус жабысқан аралар колониясына модификацияланған бактериялар штаммын енгізіп, он күн бақылайды. Гендік тұрғыдан модификацияланған бактериялардың әсерімен вирус жайлаған аралар колониясындағы аралардың 36,5%-ы он күн ішінде аман қалған. Екінші штам да өз тиімділігін көрсетіп, кенеден өлетін аралардың 70%-дан астамы аман қалған.

«Бұл алғашқы жағдай – олардың микробитін гендік инженериямен қалпына келтіру арқылы денсаулығын жақсарта алған»,- деп мәлімдеді осынау зерттеу мен тәжірибеге атсалысқан Шон Леонард (Sean Leonard). Ғалымдардың бұл жаңалығы болашақта аралар популяциясын сақтап қалу үшін кеңінен қолданылатын болады. Десе де салыстырмалы түрде мынадай қатердің барын да қаперден шығармаған жөн: модификацияланған организмдер жабайы табиғатқа еніп кетуі ықтимал. Соған қарамастан ғалымдар өздерінің бұл тәсілін барынша қауіпсіз ету үшін тер төгетін болады. Бұл тақырыптағы ғылыми мақала Science мерзімді басылымында жарияланды.

 

Ара мен оның жотасындағы паразиттік кене

Фото Alex Wild/University of Texas at Austin 

0 пікір
Мұрағат