Әлемдегі ең жылдам құмырсқа – Сахара құмырсқасы (баяулатылған видео)
Әлемдегі ең жылдам құмырсқа – Сахара құмырсқасы (баяулатылған видео)
5 жыл бұрын 8898 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Әлемдегі ең жылдам құмырсқа бір секундта бір метрді артқа тастайды. Яғни, бір секунд ішінде артқа тастайтын қашықтық оның денесінің ұзындығынан 108 есе көп. Ал ең жүйрік жануар атанған гепардтың өзі бір секундта өзінің денесінің ұзындығына шаққанда 16 есе артық қашықтықты артқа тастайды. Бұл арада құмырсқалардың Cataglyphis bombycina түрі турасында болып отыр. Ол әлемдегі ең үлкен шөлде – Сахарада тіршілік етеді. Сахарада өзге тіршілік иелері аптап ыстықтан қуыс-қалтарыс пен сая болатын көлеңкені паналап жатқанда ол  жемін аулауға шығады. Әдетте аптап ыстыққа шыдамай тырапай асқан жәндіктерді ұясына тасиды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары осынау жәндікті зерттеген Рюдигер Венер (Rüdiger Wehner) есімді ғалым құмырсқаның C. Bombycina түрі бір секундта бір метрді артқа тастайды деп топшылаған болатын. Алайда, оның бұл тұжырымына әріптестері мен энтомологтар күмәнмен қараған еді. Бүгінде осы заманғы озық технологияның көмегімен аты аталған ғалым жасаған тұжырымның растығына көз жеткізуге болады - бақылау камераларының таспасы арқылы дәлелденіп отыр. Германиядағы Ульм университетінің ғалымы Сара Пфеффер (Sarah Pfeffer) осы заманғы құралды пайдалана отырып, біз сөз етіп отырған құмырсқаның бір секундта 85,5 сантиметрді артқа тастағанына көз жеткізеді. Рюдигер Венердің топшылауынан алыс кетпеген. Бір қызығы, зертханада тәжірибе жүргізіліп, ауа температурасы Цельсия бойынша 10 градустан аспағанда аталған құмырсқаның жылдамдығы әжептәуір баяулағаны тіркелген болатын: бір секундта оның жылдамдығы 57 миллиметрден аспаған еді. Жәндіктің жылдамдығының құпиясы оның жылжу тәсілінде жатыр. Қысқа аяқтары секундына 40-тан аса қадам жасауына мүмкіндік береді. Ол аяқтарын секундына 1300 миллиметрге дейін серпи алады. Ең жоғары жылдамдықпен жүргенде бұл жәндіктің қадамының ұзақтығы 4,7 миллиметрден 20,8 миллиметрге дейін жетеді. Ол жылжыған кезде әр аяғының жерге тиетін уақыты келесі қадам жасағанша жеті милли секундты құраған. Осы шапшаңдығы оны тандырдай шарпыған ыстық құмда күйіп қалмауына көмектеседі. Бұл құмырсқа туралы толығырақ мәлімет алғыңыз келсе, Journal of Experimental Biology мерзімді басылынан тауып аласыз. Құмырсқаға қатысты деректі.

0 пікір
Мұрағат