Glider M автономды жүк көлігі жолмен де, рельспен де оңай жүре алады (видео)
|

2025 жылы Америка құрама штаттарының Glid Technologies стартапы Калифорниядағы Skunk Train маршрутына қатысты пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жайында islam.kz порталы techcult ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Айрықша көлік жүк тасымалдау үшін автономды гибридтік платформаларды қолданады. Автокөлік жолы мен теміржолды қатар пайдалана алатын көлік концепциясының пайда болғанына жүз жылдан аса уақыт өткен екен. Дегенмен, автономды жүйелердің дамуы арқасында тек қазіргі уақытта технология коммерциялық тұрғыдан пайдалануға дайын болып отыр. Glid Technologies стартапы Mendocino Railway компаниясымен өз өнімін сынақтан өткізу үшін келісімшарт жасасты. Glider M аппараты гибридтік қуат қондырғысымен жабдықталған және жүктерді – шикізаттан әскери техникаға дейін тасымалдауға арналған. Келешекте көлік жүргізушісіз жұмыс істейтін толық автономды нұсқаларын құрастыру жоспарлануда. Мұндай жүйелердің басты артықшылығы – бар инфрақұрылымды, соның ішінде теміржол желісін тиімді пайдалану мүмкіндігі. Инженерлердің айтуынша, бұл технология көміртегі ізін айтарлықтай қысқартуға, яғни, атмосфераға зиянды қалдықтардың бөліну мөлшерін мейлінше азайтуға және ауылдық өңірлер үшін логистиканы арзандатуға мүмкіндік береді. Glider жүк көлігі 36 тоннаға дейінгі тіркемені тасымалдай алады. Темір жол бойынша сағатына 130 шақырым жылдамдықпен қозғала алады. Ерекше көлікті басқару процесі автономды технологиялар мен қашықтан бақылаудың комбинациясы арқылы жүзеге асырылады. Жолда платформа өздігінен қозғалады, ал теміржол жолдарына өткен кезде операторлар басқаруды орталық диспетчерлік пунктен өз қолына алады.




