Елімізде 270 мыңнан астам адам диабетке шалдыққан
|
Әлемде диабет ауруына шалдыққандар саны күрт артып отыр. Ал елімізде 272 мың науқас тіркелген. Олардың 2 мыңнан астамы балалар. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметі осындай. Диабеттің себептері мен алдын алу тәсілдерін тілшіміз Дариға Ташенова біліп қайтты. Мамандардың айтуынша, диабет сырқаты ағза үшін ең қауіпті қатерлердің біріне айналып келеді. Қазірдің өзінде Еуропа елдерінде 64 миллион адам қант диабетімен өмір сүріп жатыр. Оны емдеу үшін шет мемлекеттердің үкіметі 156 миллиард доллар жаратқан. Диабетке шалдыққан адамдардың ұйқы безі қажетті көлемде инсулин өндірмейді. Салдарынан ағзадағы басқа мүшелерге де зақым келтіріледі. Тиісті ем-шараларының арқасында қант деңгейін тұрақтандырып отыруға болады. Бірақ, толығымен бұл дертті емдеп шығу мүмкін емес. Раиса Кудрявцеваның диабетке шалдыққанына 12 жыл болды. Осы уақыт ішінде нәзік жандының көзі көрмей, қан тамырлары, аяғы мен асқазаны ауыра бастады. Раиса Кудрявцева, қала тұрғыны: - Диабетті уақытылы емдеп отыру мүмкін, бірақ өте қиын. Әсіресе, қалаған тамағыңнан бастарту оңай емес. Көп дәрі қажет. Әрине, мемлекет тарапынан ең басты дәрі-дәрмектер беріледі. Бірақ ол жеткіліксіз. Диабет салдарынан болған сырқаттарды емдеуге көп ақша кетеді. Қазір Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлгі науқастарға жәрдем беру үшін арнайы жол картасын жүзеге асыруда. 1200 жасөспірімге инсулин тегін егіледі. Ауруханаларда 300 кәсіби эндокринолог науқастарды емдейді. Сондай-ақел өңірлерінде диабет мектептері ашылып жатыр. Айгүл Тастанова, БҚР ДСӘДМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары: - Бұл мектептерде диабеттің алдын алу шаралары үйретіледі. Дертке шалдыққандарға қант деңгейін өз бетімен тексеріп, инсулинді егу тәсілі көрсетіледі. Мамандар негізгі диеталар жайлы ақпарат беріп, операциялардан кейін қалай бейімделу туралы ақпараттандырады. Диабетке әкеп соқтыратын басты себептер – артық салмақ пен аз қозғалу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі беріп отырған статистикаға үңілсек, дертке шалдыққандардың 20%-ы өз сырқаты жайлы мүлдем бейхабар. Сол себепті дәрігерлер ел тұрғындарын жыл сайын тегін скринингтен өтіп, майлы тамақтан бас тартуды ескертеді. Сондай-ақсалауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Әлемде қант диабетіне шалдыққандар саны 422 миллионға жетті
Бұл ақпаратты Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы таратты. Аталған індетпен ауыратындардың дені Индонезия, Пәкістан, Үндістан сынды мемлекеттерде тұрады. Бұл елдердегі экономикалық жағдай қазір күрделі. Сондықтан медицина саласына бөлінетін қаржы кей кездері жетпейтін көрінеді. Салдарынан науқастарға диагноз кеш қойылып, індеттің алдын алу шаралары нәтиже бермеуде.
Еуропада 60 миллионға жуық адам диабетке шалдыққан
Еуропа аймағында 60 миллионға жуық адам диабетке шалдыққан. Бұл мәлімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінде келтірілген.
Бұл сырқаттың таралуы барлық жастағы топтарда өсіп келеді, бұл ретте ДДСҰ Еуропалық бюросының мүше мемлекеттерінде сусамырға шалдыққандар саны тұрғындардың 10-15 пайызына жеткен.
Бұл ауруға шалдығу көрсеткішінің өсуі бірінші кезекте артық салмақ пен семіздік, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аз болуы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрмыстың теңсіздігіне қатысты.
«Біз әсіресе жастардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау арқылы диабеттің таралуын және оның салдарын жеңілдетуге көмектесеміз. Мәселе дұрыс тамақтану және дене белсенділігі туралы болып жатыр. Біз сондай-ақ диабет диагностикасы мен инсулин тәрізді бірінші қажеттіліктегі дәрі-дәрмекің қолжетімділігін жақсартуымыз керек», - деп атап өтті осы мәселеге қатысты ой білдірген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун.