Дыбыстан жылдам әрі сутегімен жұмыс істейтін ұшақ бірнеше сағатта жерді айналып шығады (видео)
Дыбыстан жылдам әрі сутегімен жұмыс істейтін ұшақ бірнеше сағатта жерді айналып шығады (видео)
2 жыл бұрын 1272 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Швейцариялық Destinus стартапы сутегімен жұмыс істейтін жолаушылар ұшағын (Destinus Eiger) құрастыруда. Ол Еуропадан Австралияға ұшу уақытын 20 сағаттан төрт сағатқа қысқартады.  Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде prweb.com  дерек көзіне жөн сілтеген hightech.fm ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш компания соңғы екі жыл бойы Eiger прототипін сынақтан өткізді және 2022 жылдың соңында сәтті өткен сынақтың нәтижесін жариялады. Таяуда Испанияның Ғылым министрлігі Destinus-ті стратегиялық бастамаға қатысу үшін таңдады. Стартап сутегінің дыбыстан жылдам ұшуы саласында қосымша зерттеу жүргізу үшін қомақты қаражатқа ие болды. Қазіргі уақытта Destinus Испанияның ITP Aero компаниясымен сутегі қозғалтқышын сынау қондырғысын жасау үшін жұмыс істеуде. Испанияның министрлер кабинеті Мадрид қаласы маңындағы полигон құрылысын қаржыландыруға грант берді. Сутегі энергиясы қоршаған ортаға зиянсыз болғандықтан көптеген зерттеулерге арқау болып отыр: сутегінің жануынан атмосфераға көмірқышқыл газы емес, экологияға залалы жоқ жылу мен су бөлінеді. Мелбурндегі RMIT университетінің зерттеушілері дыбыс жылдамдығынан бес есе жылдам ұшу жылдамдығын қамтамасыз ететін 3D-принтерінде басып шығарылған катализатор жобасын жүзеге асырды. Осындай жылдамдықпен ұшатын болашақ коммерциялық ұшақтар жолаушыларды Лондоннан Нью-Йорк мегаполисіне небәрі 90 минутта жеткізеді. Destinus стартапының мәліметі бойынша жаңа технологиямен ұшу уақыты Франкфурттен Сиднейге дейін 4 сағат 15 минутқа және Франкфурттен Шанхайға 2 сағат 45 минутқа созылады, бұл көрсеткіш қазіргі  әуе компанияларының ең жылдам деген ұшағының ұшу уақытынан сегіз сағатқа аз.

0 пікір
Мұрағат