Биологиялық тұрғыдан ыдырайтын электронды тоқыма пайда болды
|
Инновациялық материалдың спортта, медицинада, тіпті, күнделікті тірлікте қолдануға келетін артықшылығы көп және келешегі зор. Бұл жайында islam.kz порталы southampton.ac.uk ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Саутгемптон университеті мен Англияның Бристол университетінің зерттеушілері экологиялық жағынан таза, яғни, биологиялық тұрғыдан ыдырайтын электронды тоқыма (е-тоқыма) саласында маңызды қадам жасады. Бұл арада электрониканың функционалын тоқыманың икемділігімен ұштастыратын материалдар тобы турасында сөз болып отыр. Мұндай материал сән индустриясында, спортта және медицинада жиі қолданылады. Алайда, ыдырауы қиын металдары бар мұндай бұйымдарды кәдеге жарату қиындық тудырып келген еді. Осыған байланысты SWEET («Smart, Wearable, and Eco-friendly Electronic Textiles» - «Ақылды, өзіңмен бірге алып жүретін және экологиялық таза, электронды тоқыма») деп аталатын жаңа жоба бұл тығырықтан шығуға көмектеседі. Бұл технология экологиялық жағынан мейлінше таза материалды пайдалана отырып, электронды тоқыманы құйып басуға негізделген. Мата ретінде ағаштан жасалатын Tencel тоқымасы пайдаланылады. Ал электронды компоненттер, мәселен, датчиктер өткізгіштік қасиеті бар материалдардан – PEDOT: PSS полимері мен графенінің көмегімен матада басылып шығарылады. Тексеру әрі тест нәтижесі көрсеткендей, тоқыма бұйымы денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін, соның ішінде жүрек қағысы мен дене қызуын дәл өлшеген. Бұл тоқыма медицинада науқастарға кигізетін әдеттегі аурухана киімдерін алмастыруы мүмкін. Ең басты артықшылығы – биологиялық тұрғыдан ыдырайтындығында жатыр. 4 ай ішінде мата өзінің беріктігін 98%-ға дейін жоғалтқан, осылайша табиғи ортада ыдырайтыны дәлелденді. Қосымша талдау жұмысы көрсеткендей, графенді электродтар қоршаған ортаға әсері 40 есе төмен болып шықты әдеттегі металдан жасалған түрлеріне қарағанда. Аталмыш зерттеу жетекшісі, профессор Назмүл Кәрімнің айтуынша, «сиялы полиграфия», яғни, құйып басып шығару процесі экологияны ластамаудың бір маңызды факторы болды. Бұл әдіс қалдықтарды жойып, басудың әдеттегі әдістерімен салыстырғанда су мен энергия шығынын едәуір төмендетеді.