Әлемдік мұхиттағы қоқыстардың басым бөлігі неден тұрады?
|
Әлемдік мұхитты қоқыс басты. Оның басым бөлігі пластикалық заттар деп дабыл қағып жүргенімізде, зерттеушілер тағы да қызық мәліметтің шетін шығарды. Мұхиттағы қоқыстың көп бөлігі темекі тұқылынан тұрады екен.
Мысалы, жыл сайын дүние жүзінде 5,5 триллион темекі өндіріледі. Жер шарындағы 187 елден алынған статистикаға қарағанда өткен ғасырдың 80-жылдары жаһандағы жалпы жұрттың басым бөлігі, шамамаен 721 миллион адам никотинге тәуелді болған. Бұл көрсеткіш осы ғасырдың басында адам саны екі есе өскенімен, керісінше темекіге деген әуестік төмендеген. 2012 жылғы есеп бойынша дүние жүзіндегі 7 миллиард адамның 1 миллиардқа жуығы ғана шылым шегеді. Қазір 10 ер азаматтың үшеуі ғана темекі тартса (31%), 20 әйелдің біреуі ғана "көк түтінге" (6%) тәуелді. Ал 1980 жылы 10 ер адамның төртеуі (41%) және 10 әйелдің біреуі (10%) темекі тартқан. Енді 1 адам күніне 10 тал темекі тартса қанша темекі тұқылы жиналып қалатынын елестете беріңіз. "Осы миллиардтаған темекі тұқылының басым бөлігі мұхиттағы қоқыс аралға қосылып жатады. Темекі тұқылының өзі мақтаның иіруге келмейтін қалдығы ацетилцеллюлозадан жасалады. Ал оның негізгі құрамы пластиктен тұрады", – дейді "Cigarette Butt Pollution" жобасының сарапшылары.
Темекі қалдықтары ондаған жылдар бойы шірімей жата береді. Қалдықтар мұхитқа ағып барғанан соң оны теңіз жануарлары мен құстар тамақ екен деп ойлап қалады. Теңіз экологиясын зерттеушілердің пікірінше, осының салдарынан көптеген жан-жануарлар уланады. Зерттеу нәтижелерінің 70 пайызы құстардың, 30 пайызы теңіз тасбақаларының темекі тұқылынан зардап шегетінін көрсеткен. "Мұның бәрін анықтау үшін ауқымды зерттеу жүргізу керек. Ең ақырында бұл темекі қалдықтары – микропластиктердің адам денсаулығына әсері қандай болатынын білетін боламыз", – дейді "Ocean Conservancy" компаниясының директоры Ник Маллос.
Мұхиттағы жинақталған қалдықтарды көбейтпеу үшін ірі компаниялар мен темекі өндірушілер биологиялық таза қалдықтарды, әсіресе пластмасса жасаудың жаңа жолдарын іздеуде. Темекі шегу денсаулыққа зиян дейміз. Шындығында, темекі шегу – денсаулықтан бұрын, қоршаған ортамызға зиян екен.