Әлемде транс-майларға қажеттілік жоқ - New York Times
Әлемде транс-майларға қажеттілік жоқ - New York Times
7 жыл бұрын 4962 baq.kz Алтынай Қуанышбек

Әлемдегі елдердің көбі транс-майларға тыйым салуды қолға алмай отыр. Бұған екі себеп болуы мүмкін: олар не транс-майлардың зияны туралы білмейді, не бұл мәселеге араласқысы келмейді. 

Америкалық көптеген азық-түлік компаниялары жүрек аурулары және жалпы өлімнің басты себебі болып саналатын транс-майларды пайдалануды тоқтатты. Келесі айда АҚШ-та оларды қолдануға федералдық деңгейде тыйым салатын заң күшіне енеді. Алайда, тұтынушылар фри картобы мен пончиктерде өзгеріс бар екенін қазірдің өзінде байқап отыр. Әйтсе де, мұндай майларды Таяу Шығыс, Үндістан, Пәкістан және басқа жерлерде кеңінен қолданады, сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлем елдерін 2023 жылға дейін олардан бас тартуға шақыруы қолдауға тұрарлық.

Трансмайлардың салдарынан әлемде жыл сайын 540 000 шамасында адам өледі. (Трансмайлар – қанықпаған майлардың бір түрі. Аз мөлшерде табиғи ет және сүт өнімдерінде және қатты қыздырылған сұйық майда, ал көп мөлшерде маргаринде, кондитерлік майда болады - ауд.). Егер әлем елдері транс-майларды тамақ өнеркәсібінде пайдалануға тыйым салса, осыншама адам өлімінің алдын алуға болар еді, өйткені ол майлардың орнына өсімдік майы сияқты зияны аз өнімдерді қолдануға болады. АҚШ-тан басқа Канада, Дания сияқты елдер де транс-майларды қолдануға тыйым салатын шараларды қолға алды. Бірақ өзге елдердің көбінде заң шығарушылар мен реттеушілер мұндай қадамға әлі барған жоқ. Бұған екі себеп болуы мүмкін: олар не транс-майлардың зияны туралы білмейді, не бұл мәселеге араласқысы келмейді. Көп жағдайда мұндай шара тұтынушылардың құқығын шектейді деген уәж айтылады.

Өңделген тамақ өнімдерін шығаратын ірі азық-түлік компанияларынан бастап мейрамханаларға және наубайханаларға дейін тағамдарды транс-майларға қуырады, өйткені осылай арзанға түседі және ондай тағамды сақтау мерзімі ұзағырақ болады.

Алайда, бұл тағамдарды аз мөлшерде тұрақты тұтыну адам қанында LDL (жаман холестерин) көбейіп, HDL (жақсы холестерин) азаюына әкеледі. Мамандар транс-майсыз тамақ жеу жүрек ауруларын және олардың кесірінен болатын өлімді азайтудің ең оңай және қарапайым жолы екенін айтады.

Осы себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерін транс-майлардан бас тартуға үндейтін, яғни дұрыс тамақтану туралы кеңестерден тұратын материалдар шығаруға шақырып отыр. Алайда, ондай транс-майға піскен тағамдар көбіне пакеттелген және жеуге дайын күйінде сатылатындықтан, сонымен қатар қаптамада айқын жазылмағандықтан тұтынушыларға тағамның құрамында транс-май бар екенін ажырату оңай емес. Оның үстіне көптеген елдер бұл өнімдердің денсаулыққа зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізбей келді. Мәселен, Үндістанда зерттеушілер көшеде сатылатын тамақтар мен пакеттелген дайын тамақтардың құрамында транс-майлардың мөлшері аса жоғары екенін және олардың сыртында ешқандай ескерту болмайтынын анықтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы доктор Том Фриден басқаратын Resolve to Save Lives ұйымымен бірлесіп транс-майларды қолдануға қарсы қозғалыс бастады. Фриден мырза 2007 жылы Нью-Йорктің денсаулық комиссары кезінде мейрамханалар мен наубайханаларда транс-майларды қолдануға тыйым салған болатын. ДСҰ мен Том Фриден транс-майлар тамақ өнеркәсібінде қалай қолданылады, тұтынушыларға қалай түсіндіру керек, зиянды өнімдерге біртіндеп тыйым салу саясатын қалай жүргізген жөн, олардың орнына не қолдануға болады деген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізбек.

Өкіметтер тамақ өнеркәсібінде транс-майларды қолдануға біртіндеп тыйым салуы тиіс, өйткені балама өнімдер басқа проблемалар туғызуы мүмкін. Мәселен, кейбір тағам компаниялары транс-майлары орнына пальма майларын қолдануға көшті. Пальма майлары тропикалық ормандардан босатылған жерлерде өсіріледі, ал бұл ормандарда жойылып бара жатқан көптеген түрлер өмір сүреді.

Реттеушілер тамақ өндірушілерді пальма майларын емес, сары май және басқа майларды көбірек қолдануға мәжбүрлей алады. Мамандардың айтуынша, транс-майларды осындай майлармен аз ғана мөлшерде ауыстырудың өзі жүрек аурулары қаупін төмендете алады. Денсаулығын жақсарту үшін адамдар зәйтүн майы сияқты өнімдерді таңдағаны дұрыс.

Транс-майлар – адамды білдірмей ғана өлтіретін қауіпті өнім, тек ол туралы көпшілік білмейді. Әйтсе де адамдар онсыз өмір сүре алады. Әлем елдері оларға тыйым салуы тиіс, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемдік қауымдастықты осыған жетектеуі орынды. 

0 пікір
Мұрағат