8 сағат жұмыс, 8 сағат ұйқы және 8 сағат демалыс: адамзат бұл жеңіске қалай жетті?
8 сағат жұмыс, 8 сағат ұйқы және 8 сағат демалыс: адамзат бұл жеңіске қалай жетті?
4 жыл бұрын 3141 pikabu.ru

Көптеген елде адамдар 5 жұмыс күнінде 8 сағаттан аптасына 40 сағат жұмыс істейді. 40 сағаттық жұмыс аптасы қалыпқа айналды және мұны барлығы табиғи қабылдайды. Бірақ, бір кездері адамзат осы 8 сағаттық жұмыс үшін тіс-тырнағымен күресіп, осындай жеңіске жеткенін бірі білсе, бірі білмейді. Бұл жайында massaget.kz ақпарат көзінің тілшісі Т. Раушанұлының танымдық материалын назарларыңызға ұсынамыз. 

©nauka.boltai.com

 Индустриялық революция кезінде туындаған проблемалар

Ұлыбританияда басталған өнеркәсіптік революция көптеген елдерде зауытқа еңбек адамдарын тарта бастады. Сонымен қатар капиталистік жүйенің дамуына ықпал етті. Өндіріс индустрияландыруды жалғастырды, бірақ осындай оң көрсеткіштермен қатар проблемалар да пайда бола бастады.

Мұндай проблемалардың қатарында  балалар еңбегін пайдалану, қауіпті еңбек жағдайлары және аптасына 6 күн 10 сағаттан 16 сағатқа дейін созылатын жұмыс күні бар еді.

Мәселелерді байқай бастаған еңбек өкілдері жағдайды жақсарту үшін әрекет ете бастады.


©britannica.com

1810 жылы 10 сағаттық жұмыс күнін жұмысшылар мереке деп қабылдаған

Егер ХХІ ғасырда адамдар күніне 10 сағат жұмыс істесе, өздерін ұзақ ауысымнан шыққандай сезінеді. Бірақ 1810 жылы Шотландияның Нью Ланарк қаласындағы диірменнің иесі Роберт Оуэн тұңғыш рет 10 сағаттық жұмыс күнін ұсынғанда, жұмысшылар оны мереке ретінде қабылдады.

10 сағаттық жұмыс күнін тым көп санаған Роберт Оуэн кейін 8 сағаттық жұмыс күні үшін күресуге кірісті.

Роберт Оуэн ©cocteil.blogspot.com

8 сағат жұмыс, 8 сағат ұйқы және 8 сағат демалыс

Роберт Оуэн 8 сағаттық жұмыс күні мәселесін көтергенде оның ұраны: "8 сағат жұмыс, 8 сағат демалыс және 8 сағат ұйқы" болды.

Кейінірек Роберт Оуэннің жұмыс уақытын қысқарту туралы идеялары көпшіліктің назарын аудара бастады.  Ұлыбританияда әйелдер мен балаларға арналған жұмыс уақыты бастапқыда 10 сағатқа қысқарды. 1848 жылы Францияда жұмысшылардың күресі олардың жұмыс уақытын 16 сағаттан 12 сағатқа қысқартумен аяқталды.

1840-50 жылдары Австралия мен Жаңа Зеландияда білікті жұмысшыларға күніне 8 сағат жұмыс істеу мүмкіндігі берілді.

Карл Маркс ©communist-ml.ru

Карл Маркстің ұсынысы

Коммунистік идеологияның негізін қалаушы Карл Маркс та қысқа жұмыс күнін жақтады.

Оның пікірінше, қызметкерді шамадан тыс пайдалану қызметкердің еңбек өнімділігінің төмендеуіне және оның моральдық және физикалық құқықтарының тапталуымен қатар өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан ол артық жұмыс қызметкер үшін де, жұмыс беруші үшін де зиянды деп санады.

Маркс екі тарапқа да жұмыс нормаларын өзгертуді ұсынды.


©homsk.com

Бір аптаға экономиканы тоқтатқан көтерілістер

АҚШ-та 40 сағаттық жұмыс аптасына біртіндеп қол жеткізді.

Алғашында 1791 жылы Филадельфия көшелерінде ағаш ұсталары 10 сағаттық жұмыс күнін көрсете бастады. 1830 жылдан бастап 10 сағаттық жұмыс күні көпшіліктің сұранысына айналды. Ал Филадельфия бүкіл штат үшін жұмыс уақытын қысқартуға бағытталған күштердің орталығына айналды. 1835 жылы алғашқы ірі ереуіл Филадельфияда өтті. Бұл ирландиялық көмір өндірушілер қаладағы басқа жұмысшыларды жұмыс берушілеріне қарсы тұруға шақырған ереуіл еді.

Филадельфия 10 сағаттық жұмыс күні талабымен шыққаннан кейін біраз уақыттан кейін, Чикагода жұмысшылар табы көтерілді. 1864 жылы Чикаго жұмысшылар одағы 8 сағаттық жұмыс күнін талап ете бастады. Бұған жауап ретінде Иллинойс штатының үкіметі бүкіл штатқа ортақ 8 сағаттық жұмыс күніне рұқсат беретін заң қабылдады. Алайда, бұл құқықтық құжаттағы олқылықтардың көптігіне байланысты іс жүзінде тиімсіз болып шықты. Осылайша жұмысшылар наразылық білдіріп, Чикаго экономикасы бір аптаға тоқтатты.

Заңға бағынбаған жұмыс берушілер

1868 жылы маусымда Конгресс федералды жұмысшылардың жағдайын зерттеп, 8 сағаттық жұмыс күнін қарастырды. АҚШ-тағы 8 сағаттық жұмыс күніне жауап ретінде жұмыс берушілер жұмысшылардың жалақысын 20 пайызға қысқартты.

1869 жылы Президент Улисс Грант қызметкерлердің жалақысын төмендетпейтін заң жобасын жариялады. Бұл заң 1868 жылы жарияланған актіні күшейту керек еді. Аталған кемшіліктер мен олқылықтар түзетіліп, федералды жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күні белгіленді.

Алайда, содан кейін де 8 сағаттық жұмыс күні барлық жұмысшылар үшін бірдей енгізілмеді. Сондықтан барлық штаттарда 8 сағаттық жұмыс күніне қол жеткізу үшін көтерілістер болды.


©fishki.net

Форд енгізген жұмыс уақыты

Көптеген тарихшылар АҚШ-та 40 сағаттық жұмыс күнінің енгізілуін Генри Фордтың есімімен байланыстырады. Себебі, ол ірі жұмыс берушілердің бірі бола отырып, басқаларды 40 сағаттық жұмыс аптасының жақсы екендігіне сендірді.

Форд 40 сағаттан артық жұмыс тиімділіктің төмендеуіне әкеледі деп есептеді. Ал 1914 жылы 5 қаңтарда ол жұмыс уақытын таңғы 9-дан кешкі 20:00-ге дейін қысқартып қана қоймай, күнделікті жалақыны 5 долларға көтерді.

Фордтан кейін көптеген жұмыс берушілер оның әдісін қолдана бастайды. Бірақ 48 сағаттық жұмыс аптасы көптеген компанияларда сақталды. Бірақ Форд бастаған дәстүр біртіндеп басқаларды да тарта бастады.

Сонымен, 1950 жылдан бастап АҚШ-та 8 сағаттық жұмыс күні жалпыға ортақ норма ретінде қабылданды.


©wienerzeitung.at

Әлемдегі жағдай

Германияда  алғаш күніне 8 сағаттық жұмыс кестесі ХХ ғасырдың басында Зейс зауыттарында енгізілді.

1836 жылы Францияда 40 сағаттық жұмыс аптасы туралы алғашқы заң әзірленді.

Ресейде 8 сағаттық жұмыс күні 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін енгізілді.

Испаниядағы ұзаққа созылған ереуілдер экономикаға айтарлықтай қауіп төндіре бастады. 1919 жылы шамамен 44 күнге созылған жүз мың жұмысшы қатысқан ереуілден кейін үкімет еңбек құқығы туралы қосымша нормаға қол қоюға мәжбүр болды. Ал сол жылы елдегі 8 сағаттық жұмыс күні белгіленді. Сонымен қатар, Испания тарихта 8 сағаттық жұмыс күнінде ұлттық заң қабылдаған алғашқы мемлекет ретінде қалды.

Ұлыбританиядағы 1833 жылғы зауыт туралы заңға сәйкес, бастапқыда тек балалар, яғни 9 жастан 13 жасқа дейінгілер ғана күніне 8 сағат жұмыс істесе, 14 жастан асқандар күніне 12 сағат жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Жұмыс уақыты бұдан қысқа бола ма?

Қазір 40 сағаттық жұмыс аптасы бүкіл әлем үшін стандарт. Алайда, болашақта бұл үрдіс өзгеруі мүмкін.

1930 жылдары экономист Джон Мейнард Кейнс технологиялық прогрестің арқасында әлем 2030 жылға қарай 15 сағаттық жұмыс аптасына ауысады деп болжаған.

Қазіргі уақытта әлем бұл тенденциядан алшақ, бірақ өндіріс орындарында әртүрлі жұмыс әдістері мен технологиялар үнемі тәжірибеден өтіп келеді. Мысалы, 2019 жылы Жапонияда Microsoft корпорациясы аптасына 4 күн жұмыс істеу тәжірибесін өткізген. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 40 пайызға артып, шығын азайған.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/62950/

0 пікір
Мұрағат