Үшке бөлінген Белуджа: жергілікті халықтың жікшілдігі Пәкістан мен Иранды алаңдатып отыр
Үшке бөлінген Белуджа: жергілікті халықтың жікшілдігі Пәкістан мен Иранды алаңдатып отыр
21 күн бұрын 270 kazinform.kz Есімжан Нақтыбай

Әлем назары Орталық, Оңтүстік Азияның қиырындағы Пәкістан, Иран және Ауғанстанмен шектесетін аумақтарда өршіген соғыс ошақтарына ауып тұрған кезде Белуджа қауымының айналасында этносаяси кикілжің күшейе бастады. Kazinform тілшісі Белуджа сепаратизмінің табиғаты мен осы жайттардың халықаралық сауда логистикасына әсерін бағамдап көрді.

Қаңтар айында Иран қауіпсіздік күштерінің Пәкістан жағындағы Белуджа сепаратистеріне қарсы операциясы Теһран мен Исламабад арасындағы саяси жанжалға себеп бола жаздаған. Өйткені екі тарап та бір-бірінің әуе кеңістігін бұзған болатын. Алайда, екі тараптың да осыншалық тәуекелге бара отырып жасаған әрекеттері Белуджа содырларына соққылары аймақтағы көтерілісшілерді айтарлықтай әлсірете алған жоқ.

Белуджа деген қандай ұлыс?

Белуджа – Иранның көшпелі мәдениеті бар, тайпалық бөлініспен өмір сүретін халқы. Иран солтүстік-батыс тобына жататын тілде сөйлеп, исламның ханафи мазхабын ұстанады.

Белуджистан – Оңтүстік және Орталық Азиядағы шөлейтті, әрі таулы тарихи аймақ. Оған Пәкістанның Белуджистан провинциясы, Иранның Систан және Белуджистан провинциясы, Ауғанстанның оңтүстігіндегі Нимруз, Гильменд және Кандагар кіреді. Белуджалықтардың көбі Пәкістан шекарасындағы провинцияларда, мемлекет аумағының 44%-ында мекен етеді.

Халық санына келсек, Пәкістан жағында 12 млн 336 мың адам, сондай-ақ, Пенджаб және Синд провинцияларында 12 миллионға жуық адам тұрады (2017 жылғы жағдай бойынша –ред.). Ал Иранда барлығы 5 миллионға жуық белуджалық, Ауғанстанда аумағныда 3 млн адам мекен етеді. Яғни, тек үш мемлекеттің шекаралас провинцияларында 18 миллион белуджалық тұрады. Бұл халықтың жалпы саны 30 миллионға жуық.

Бұл халық та ғасырлар бойы өз мемлекеттерін құруға талпынып келеді. Бірақ тарихтың түрлі кезеңінде Араб халифатының (7-10 ғасырлар), Газнауилер империясының, Гуридтер әулетінің (10-13 ғғ.), Дели сұлтандығының, Шағатай ұлысының (13-14 ғғ.), Әмір Темір империясының (15 ғ.), Бабырдың сұлтанның, Моғол империясының (16-17 ғғ.) қарамағына бағынышты болып келді. 17 ғасырда белуджалықтар Калат хандығын құрып, ол хандықтың жұрнағы 19 ғасырдың ортасына дейін тәуелсіздігін сақтап тұрды. 1839 жылы хандық Британия империясының құрамына кірді.

Үндістан Британиядан бөлінген кезеңде (1947) әлемнің саяси картасында Үндістан мен Пәкістан пайда болды. Ұлыбританияға бағынышты болған аумақтардың біраз бөлігі Пәкістан қарамағына осы кезде өтті. Белуджалықтардың көсемі бастығы Мир Ахмад Хан сол жылы Калат хандығының тәуелсіздігін жариялаған. Тіпті ол Пәкістаннан келген экспедициялық жасақты жеңіп, хандықтың тәуелсіз ел бола алатынына сенім пайда болған. Дегенмен, 1948 жылдың наурызында Пәкістанның негізін қалаушы Мұхаммед Әли Джинна М. А. Ханды Пәкістанға қосылу туралы құжатқа қол қоюға мәжбүр етті де, сәуір айында Пәкістан армиясы провинцияны толық бақылауға алды.

Осылайша, британдықтар кеткеннен кейін Калат хандығы Пәкістан, Иран және Ауғанстан арасында бөліске түсті. 

Бөлшектенген белуджалықтардың тағдыры

Мекенін үш мемлекет бөліп алса да, жалпы саны 30 миллионға жуық белуджалықтар әлі күнге дейін дербес ел болу мұратынан баст тартқан жоқ, 1947 жылдан бері күрес жүргізіп келеді.

Белуджалықтар өздерін бөліске салған үш елдің қайсысында болса да, өздерін екінші сұрыпты халық сезініп келді. Жергілікті деңгейде де өз ішінен басшы қоя алмады. Біртіндеп белуджалықтар арасынан да оқыған азаматтар шығып, халықтың сауаты артты. Солардың арасынан елдікті ұран етіп, сол жолда күресуге дайын азаматтар шықты. 

Пәкістан мен Ирандағы белуджалықтардың өмір жағдайын салыстырған сарапшы Хуррам Иқбал Теһран бұл халыққа жүйелі зорлық-зомбылық саясатын ұстанып, маргиналдық көңіл күйдің өршуіне қолайлы жағдай туғызып келгенін айтады. Әсіресе ханафи мазхабын ұстанатын белуджалықтар суннит бағытындағы ирандықтардың арасында діни тұрғыдан құқығы шектеулі өмір сүрді.

Исламабад Қытайдың көмегімен Белуджистан аймағында Араб теңізіндегі Гвадар портын дамыту сияқты шағын жобаларды іске қосты. Алайда Пәкістан осымен бірге аймақтың демографиялық құрамын өзгертуге бағытталған астыртын саясат жүргізіп отырды. Пенджаб пен Кашмирдегі этникалық топтарды Белуджа провинциясына келуге үндеді. Мұндай интеграция аймаққа ілгерілеу лебін әкелгенімен, жергілікті халық ол саясатты аяқ тарта қабылдады.

Белуджаны дербес ел ретінде көруді аңсайтындар Пенджаб пен Кашмирден қоныстанушыларды іштен шыққан «бесінші колония» ретінде сипаттап, кейбірін аяусыз өлімге кескен жайттар тіркелді. 

Ауғанстанға келсек, 2021 жылдың жазында Талибан билікке оралғанға дейін Үндістанның ықпал етуімен бұл аумақ арқылы Пәкістандағы белуджалықтарға қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізіліп тұрды. Батыстың коалициялық күштері кеткеннен кейін Талибан Ауғанстан сахнасында тағы да бас көтеріп, Үндістанның Ауғанстандағы рөлі айтарлықтай әлсіреді. Сарапшы Хуррам Иқбалдың айтуынша, қазір Пәкістан белуджалықтарға жеткізілетін кез келген көмекті тыйып тастайтындай үстемдікке қол жеткізген.

Белуджа көтерілісінің террор тактикасына ұласуы

Пәкістанның Белуджистан провинциясындағы Белуджа ұлтшылдарының қарулы көтерілістері 1948, 1958-59, 1962-63 және 1973-77 жылдары тіркеліп, 2003 жылы аясы кеңейе түсті. Бұл көтеріліс іргедегі Ауғанстанда тәртіп әлсіреп, Пәкістанда саяси тұрақсыздықтар туындаған кезде өрши түседі. 2005 жылы Иранға қарсы белуджа көтерілісі басталды. Стюарт Нотхолттың «Отқа оранған дала – этникалық қақтығыстар атласы» атты еңбегінде Белуджистандағы ереуілдер елдік жолындағы күрес ретінде сипатталған. 

1960 жылдары шашырап жүрген көтерілісшілердің басы біріге бастады. Белуджа халқының Пәкістаннан бөлінуге деген ұмтылысын Ауғанстанның Премьер-Министрі әрі қорғаныс министрі Мұхаммед Дәуіт өз пайдасына қолданып бақты. «Белуджалықтар ауғандар бір халық» деген ұран тастап, оларды Пәкістаннан бөліп, Ауғанстанға қоспақ болды. 1963 жылы белуджалықтар Ауғанстан көмегіне сүйеніп, Пәкістан билігіне қарсы партизандық соғыс бастады. Бұл Пәкістанда Белуджаны азат ету майданын өмірге әкелді. Ол майданның идеологиялық жұрнағы әлі күнге дейін бар. Зайырлы немесе діни идеологияға арқа сүйеп күреске шыққан кейінгі топтардың бәрі осы майданның жұрнағынан бастау алып келеді. 

Белуджалықтардың көтерілісі көбінесе Ауғанстанның оңтүстік провинцияларын мекендейтін исламшыл күштердің экстремистік әрекеті ретінде сипатталып келді. Пәкістанның солшыл күштері мен батыс бұқаралық ақпарат құралдары оны Әл-Қаиданың идеяларына қарсы зайырлы азаттық қозғалысы ретінде таныстырып отырды. Тағы бір топ сарапшылар белуджалықтардың көтерілісін Батыстың Пәкістанды әрі қарай бөлшектей түсу саясатынан туындайтын әрекеттер ретінде бағалайды. 

«Алайда, шындық мынада, белуджалықтар өздерінің тәуелсіз демократиялық мемлекетін құруға құштар. Сол арқылы жаһандану мен нарықтық экономикаға бейім, әділдік пен теңдік үстемдік ететін орта қалыптастыруды көздейді» - дейді Хуррам Иқбал.

Дегенмен, кейбір белуджалықтар Пәкістаннан бөлінуді мақсат тұтпайтындарын, жылдар бойы жүргізіп келе жатқан қарсылық әрекеттер өздерін Пәкістанның өзге халықтарымен терезесі тең өмір сүру жолындағы күрес екенін алға тартады.

Белуджалықтардың көтерілісі ХХІ ғасырда радикалдана түсті деуге болады. 1950, 1960 және 1970 жылдарда көтеріліс әрекеттері тек әскери нысандарға бағытталатын. Ал 21 ғасырда үкіметтік нысандарға, мүліктерге шабуыл жиіледі. Мұны кейбір сарапшылар ереуілші топтардың үмітсіздігімен байланыстырады.

Жетпісінші жылдарға дейін белуджалықтардың Ирандағы жағдайы Пәкістанға қарағанда тыныш болды. Өйткені олар Пәкістан халықтарына қарағанда тілдік және мәдени жағынан ирандықтарға әлдеқайда жақын. Шейіт дінбасылары билікке келгеннен кейін суннит бағытындағы белуджалықтардың қоғамдық-саяси өмірдегі мәртебесі бірден төмендеді.

Ирандағы белуджалықтар трансшекаралық контрабандамен, соның ішінде Ауғанстандағы есірткісі саудасына килікті. Бұған Иран Иран шекарашылары тоқсауыл қойып отырды. Мұның өзін кейбір топтар суннитерге қысым ретінде түсіндіруге тырысты. 

2003 жылы Ирандағы Систа және Белуджистан провинцияларында Ираннан тәуелсіз екенін жариялаған «Джундуллах» («Алланың сарбаздары») атты сунниттік-салафиттік әскерилендірілген ұйымы пайда болды. Ал 2012 жылы «Джейш әл – Адл» («Әділет армиясы») пайда болды. Бұл ұйымның мойнында көптеген тосын шабуылдар бар. Мысалы, «Джейш әл-Адлдың» 2024 жылдың қаңтарындағы шабуылы Теһран мен Исламад арасындағы дипломатиялық қақтығыстың себепкер бола жаздады. 2023 жылы желтоқсанның 14-інен 15-іне қараған түні Иранның Систан және Белуджистан провинциясындағы полиция бөліміне шабуыл жасалып, салдарынан 12 полиция қызметкері қаза тапты.

АҚШ, Ұлыбритания сияқты батыс елдері «Белуджаны азат ету майданын», «Джейш әл-Адл» сияқты құрылымдарды террористік ұйым деп таныды.

Белуджистанның халықаралық саудадағы ықпалы

Пәкістанның Белуджистан аймағы табиғи газ, мұнай, көмір, мыс, күкірт, фтор, алтын сияқты табиғи ресурстарға бай. Бірақ бұл Пәкістанның ең нашар дамыған провинциясы болып есептеледі. Белуджалықтар автономияның кеңейіп, табиғи ресурстардан түсетін кірістен көретін үлестің артқанын қалайды. Сонымен қатар, бұл провинция Батыс Қытайды Пәкістанмен байланыстыратын 46 миллиард долларлық инвестициялық бағдарламаның негізгі ошағы болып есептеледі. 

Ал осы аумақтағы Гвадар порты Қытай үшін Африка мүйісіндегі Джибутиден Тайвань бұғазына дейінгі порттар тізбегінің маңызды бөлшегі болып саналады. Гвадар Қытайға Шыңжаңнан Кашмир мен Пәкістан арқылы салынып жатқан супермагистраль арқылы Парсы шығанағына кіруге де мүмкіндік береді. Белуджистанның Пәкістандағы бөлігі арқылы кеніштер мен зауыттар, құбырлар шоғырланған көлік дәлізі өтеді деген жоспар да бар. Бұл дәліздің бір тармағы Белуджистанның Ирандағы бөлігін де қамтиды. Алайда бұл жоспардың бәрі іске асу үшін Белуджистанның тұтас аумағында тұрақтылық болу керек. 

Белуджинстанның ұлтшылдары бұл ірі жобаларға сенімсіздікпен қарайды. Пәкістан халқымен қатар қытай жұмысшыларының бұл аумаққа қарқынды қоныс аударып жатқаны жергілікті ұлтшылдарды қатты алаңдатып отыр. 

Пәкістандық экономист Кайзер Бенгалидің айтуынша, белуджалықтардың көбі Қытай инвестициясының пайдасын өз өмірлерінен көре алмағандарын айтып жүр. 

«Қытай Гвадара портынан түсетін кірістің 91%-ын алып отыр. Қалғаны Исламабадтағы федералды үкіметке түседі. Жергілікті Белуджа тұрғындарына Гвадарда жуықта ғана салынған үйлерге кіруге рұқсат жоқ Өйткені бәрі қытай жұмысшыларына алдын ала жалға алынып қойған. Бұл заманауи аппартаменттерге Белуджистан ассамблеясынан сайланған лауазымды тұлғалар да қол жеткізе алмай отыр. Бұл факторлар Иран мен Пәкістанның шекаралас аумақтарындағы этносаяси қақтығыстардың жағдайын ушықтыра түсті, - дейді сарапшы.

Исламабад бүлікшіл аймақты тыныштандыру үшін зымыран полигондары мен әскери базалар салу арқылы айбат көрсетіп отыр.

Бірақ шынайы тұрақтылық орнау үшін белуджалықтардың үрейі мен сақтығы емес, сенімі керек екені түсінікті. Ол үшін тұрғындардың тұрмыстағы әл-ауқатын арттырып, жергілікті халықты елдің саяси-экономикалық өміріне кіріктіру керек, ал салық пен өзге де кірістерден түсетін игіліктің бәрі ашық әрі әділ бөлінуі қажет.

0 пікір
Мұрағат