Үнділердің цифрлық валютасы ешкімге керексіз болып шықты
|
Қаржы саласын цифрландыруда маңызды рөл ойнайтын төлем құралдарын әлемнің көптеген елі ұлттық валюталарын электрондық форматқа көшіруде. Бұл процестен Үндістан да тыс қалмады. Алайда, осынау игі іс басталмай жатып, құрдымға кететін түрі бар. Бұл жайында islam.kz порталы Reuters ақпарат ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, Үндістанның резервтік банкі коммерциялық банктермен келісе отырып, оны бір миллионға дейін жасанды жолмен арттыруды тоқтатқаннан кейін цифрлық рупиды пайдаланатын күнделікті транзакциялар саны он есеге азайды. Үнділердің төл цифрлы ақшасының эмиссиясы (шығарылуы) 2022 жылдың желтоқсан айында басталды. Бір жылдан кейін Резервтік банк бұл бағытта көп ілгерлеушілік барын жаһанға жар сала хабарлады, алайда, бұл ілгерлеушілікке бөлшек саланың пайдаланушыларын ынталандыру шаралары көмектескенін айта кетпекпіз. Мәселен, банк қызметкерлерінің жалақысының бір бөлігі цифрлық рупимен берілді. Сыртқы мотивация әлсіреген бойда, яғни, ынталандыру шарасы тоқтатылғаннан кейін валютаның бұл түріне сұраныс күрт құлдырап кетті; транзакциялардың белгілі бір бөлігінің сақталып қалғанын сарапшылар былайша түсіндіріп отыр: банктердің цифрлық рупи бойынша жеңілдіктерді ұсынуына байланысты цифрлы ақшамен төлемдердің аз да болса бір бөлігі жүзеге асырылып келеді. Осы орайда басқа елдердің орталық банктері де цифрлық валютаны қолданысқа енгізуге тырысқанда осындай қиындықтарға тап болып отыр. Бұған түсіндірме жұмыстарының жүргізлмеуі себеп болуда: ең алдымен, олар тұтынушыларға төлем әдісінің бұл түрінің құндылығын және оның қолма-қол ақша немесе банк шоттарынан артықшылығын түсіндіре алмаған. Сөз реті келгенде өткен аптада рупидің долларға шаққандағы бағамы 83,6512 рупийді құрап, бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгейге жеткенін айта кетпекпіз.