Украинаның бас қолбасшысы орыстың ақылды бомбаларының «көзін қалай байлағандарын» айтты
|

Жуырда Украинаның Бас қолбасшысы Александр Сырский ресми түрде мәлімдеме жасап, Ресейдің UMPK жиынтықтарымен жабдықталған «ақылды» әуе бомбаларын залалсыздандыруда қандай тәсіл қолданылып жатқанын ашық айтты. Сырскийдің әңгімесі бүгінгі электрондық соғыстың бет-бейнесін толық ашып бергендей болды.
Украина қолындағы радиоэлектрондық соғыс (РЭС) жүйелері қарсы тараптың басқарылатын бомбаларына бағыт беретін GPS пен басқа да спутниктік навигация сигналдарын «шырмап», бомбаның нысанаға дәл тигізбеуін меңгеріпті. Бір қарағанда, ешқандай ракета ұшырылмайды, ешбір ұшақ қарсы шабуыл жасамайды – жай ғана жиілік пен сигналдар арқылы қарсыластың миллиондаған доллар тұратын қаруы бағытын айнытып, дүй далаға топ еткізеді. Бұдан асқан ұтымды қорғаныс бар ма?
Бас қолбасшы «бомба тура ұшып келе жатып, бір сәтте бағытын өзгертіп кетуі мүмкін» дейді. Қазір сигналды басқару, жиіліктерді шектеу соғыстың басты айласы болып тұр.
Енді Ресей жағындағы жағдай турасында айтсақ, олар өздерінің бомбаларына «Комета-М» деп аталатын антиджамминг антенналарды орнатып, спутниктік сигналдың жолын бөгейтін тосқауылдарға қарсы тұруға тырысуда. О баста антенналардың 4 элементті болса, кейін оны 6, 8, 12 элементке дейін жеткізген. Бірақ техникалық шешімнің саны көбейгенімен, тиімділігі анау айтқанда арта қоймапты. Украина қолданып отырған радиоэлектрондық тосқауыл технологиясы әлдеқайда ауқымды, әрі нақты бағытталғандықтан, бұл орыстардың бомбаларын жолынан адастырып жатыр екен.
Мұнда бір ескеретін жайт, орыстың «ақылды» бомбалар әуеде ұзақ уақыт ұшып, жоғары биіктіктен ұзақ қашықтыққа бағытталған. Демек, олардың «қалқып» ұшуы кезінде украина РЭС-інің оларға әсер ету мүмкіндігі артады. Егер бомба өз координаттарын уақытылы ала алмаса, онда оның нысанаға дәл тию ықтималдығы күрт азаяды. Әрине, үлкен қалаларға бағытталған шабуылдарда бұл аса маңызды рөл атқарады – аздаған ауытқу да бейбіт тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.
Украина жағы бұл соғыс тек физикалық шабуылмен шектелмейтінін, радио сигналдарды басқару арқылы шабуылды бейтараптандыруға болатынын жақсы түсініп отыр. Бұл – әскери ғылым мен технологияның шын мәнінде қорғаныстың алдыңғы шебіне айналғанының айғағы.
Британияның Royal United Services Institute (RUSI) зерттеу орталығы Ресей 2025 жылы 75 000 басқарылатын әуе бомбасын шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Яғни, күніне 205 бомба. Бұл аз емес. Бірақ Украина қолданып отырған РЭС технологиясы бұлардың біразын «адастырып» жіберетінін ескерсек, Ресейдің бұл әрекеті құмға су қиғандай болуы мүмкін.
Ресейдің бұрынғы әскери артықшылығы – массамен, көлеммен, күшпен басу еді. Ал жаңа заман бұл қағиданы жоққа шығаруда. Қазір ұшақтың көлемі мен бомбаның салмағы емес, жүйелердің ақылды байланысы мен алгоритмнің күрделілігі шешуші рөлге ие болуда.
facebook.com әлеуметтік желісіндегі Нұрлан Жұмаханның парақшасынан
Мұрағат
Көп оқылғандар

■
Ұрығы сапалы ерлердің ұзағырақ өмір сүретіні анықталды

■
Оңтүстік-шығыс Азияның наным-сенімі бөлек елінде мұсылманша жерлеу туралы заң қабылданды

■
Мұсылман елі көмірден газ өндірмекші

■
Еуропалық ел 2027 жылдан бастап жаңа үйлерге күн панелін қоюды міндеттейтін болады

■
Жүре алатын әрі ұша алатын трансформер робот жасалды (видео)