Туыстық неке: Жақын туыстардың некесіне тыйым салынады
|
Жеті атаға толмайынша қыз алыспайтын текті қазақ үшін арсыздықтың бір түрі болып табылатын жақын туыстардың бір-бірімен үйленуі әлемнің көптеген елдерінде қалыпты жағдай саналады. Мұның өзі ұлттың генафондысына ұрпақтың денсаулығына өлшеусіз зиян келтіретіні ғылымда дәлелденген.
Міне, осыны ескерген тәжік билігі ұлт пен ұрпақ қамы үшін туыстық некеге тыйым салатын болды. Тұтас бір ұрпақты жарымжан етіп, тұтас бір ұлттың жойылуына апарып соқтыратын туыстық неке мәселесі бүгінгі таңда тәжік қоғамында қызу талқыланып жатыр. Аталмыш тыйымға наразылық білдіргендердің де, құптағандар да өз пікірлерін білдіріп жатыр. Тіпті, Тәжікстанда бұл мәселе жаңадан жасақталатын парламентте қарастырлуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймыз.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты санақ
Туыстық некеге тыйым салатын заң жобасы әлі жасалмаса да бұл мәселе ел билігінің басты назарында тұр. Үстіміздегі жылдың наурыз айының 17-і күні Хатлон облысының денсаулық сақтау басқармасы туыстық некеден туабітті кемтар боп туған балалар тізімін дайындағанын хабарлады. Сондай-ақ, аталмыш облыста туыстық некенің ұрпаққа қатерлі жағын түсіндіру жұмыстарының басталғанын мәлім етті. Статистикалық мәліметке қарағанда Хатлон облысында 18 жасқа дейінгі 9700 кемтар бала тіркелген екен, олардың 1546-сын туыстық некеден жарымжан болып туғандар құрайды.
ПРЕЗИДЕНТ НЕ ДЕДІ?
Тәжікстан президенті Емомали Рахмон өткен шақырылымдағы парламент алдында сөйлеген сөзінде мемлекет 13 мыңдай мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырғанын жеткізді. Олардың дені туыстық некеден дүниеге келгендер екеніне депутаттардың назарын аударды. Осылай дей келе ол денсаулық сақтау және әлеуметтік тұрғыдан қорғау министрлігіне алдағы уақытта осы мәселемен айналысуға тапсырма берді. Оның бұл сөзі 2013 жылдан бері қызу талқыланып келеді. Алайда, айтылған сөз айтылған жерде қалды. Бұл мәселеге қатысты заң жобасы дайындалмады.
ДІН ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ БҰҒАН ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?
Тәжікстанның ислам орталығының жетекшісі Файзулло Баротзода ел президентінің бастамасын қолдайтынын білдіріп, мәлімдеме жасады. Ал ықпалды дінтанушы Нұриддин Тұражонзоданың айтуынша, президенттің аузынан шыққан сөзді асыра айтылған деп отыр. Оның сөзіне қарағанда, туыстық некеден кемтар боп туғандардың саны үш немесе төрт пайыздан аспайды. Сондай-ақ, ол барлық күйеу жігіт пен қалыңдықтарды неке қидырмай тұрып, үкіметтің көмегімен генетикалық және медициналық тексеруден өтуге шақырды. Егер болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіретін болса, ондай некенің алдын алу қаажеттілігін алға тартты. Сонымен қатар, ол ислам дінінде мұндай некеге тыйым салынбағанын, бірақ, құпталмағанын жеткізді. Шамамен бір миллиард адам жақын туыстық неке қалыпты саналатын қоғамда тұрып жатыр.
Мен өзім оңтүстіктен болағандықтан, өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарының өз туыстарына үйленіп жатқандарын да көрдік.
Алысқа бармай-ақ біздің көршілеріміз болатын, әке-шешесі қайтыс болып кеткен бірақ жастары менің әкемнен де үлкен 3 кісі тұратын, ақыл-естері кеміс болатын. Сонда апам марқұм айтып отырушы еді. Олардың әкесі жақын туысына үйленіп, содан балалары кеміс боп қалды деп деп. Бірақ олар қазақтар болатын. Ешкімге зияны жоқ, бірақ бала сияқты болатын. Сол кісілердің бәрі қайтыс болды. Бірақ сол жағдай жадымда қатты қалып қойды.