Түркияның босқындар саясаты құрдымға кетуі мүмкін – әлеуметтік зерттеу
Түркияның босқындар саясаты құрдымға кетуі мүмкін – әлеуметтік зерттеу
3 жыл бұрын 3380 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Әлі күнге мылтық даусы естіліп қалатын, азаматтық соғыстың шаңы сейілмеген Сириядан түрік жеріне ауған босқындар Түркияның бітеу жарасына айналып барады. Бұл жайында islam.kz порталы Arab News және өзге де аналитикалық ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ал бітеу жара күндердің күнінде жарылады – әлеуметтік әрі саяси және экономикалық салдарын болжап болмайтын қатерге ұрындыруы мүмкін. Таяуда түріктердің SODEV әлеуметтік, демократиялық қоры жүргізген ауқымды сауалнама нәтижесі көрсеткендей, ел тұрғындарының арасында сириялық босқындарды жақтырмайтындар қарасы айтарлықтай артқан. Ішінара алғанда, сауалнамаға қатысқандардың 66 пайызы сириялықтардың отанына оралуын асыға күтетінін білдірген. Сириялық босқындарды мәжбүрлеп репатрациялауды жақтайтындар қатарында биліктегі партия өкілдеріне қарағанда оппозиция арасында көп – жартысынан көбісі осындай ұйғарымда, ал билік партиясындағылар арасында осындай ұстанымда екенін 42 пайызы білдірген. Байқасаңыздар, 42 пайыз – үлкен көрсеткіш, бұл билік партиясы арасында да сириялық босқындарды күштеп еліне қайтаруды жақтайтындар қарасының көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Сауалнамаға қатысқандар сириялық босқындардан қауіптенетінін жеткізген. 41 пайызы оларды қоғамға масыл болып отыратын топқа айналғанын мәлімдеген. 70 пайызы босқындарды сенімге лайық емес деп қабылдаса, 57 пайызы жалқау санайды. Қысқасы, сириялық босқындарға қатысты жағымсыз көзқарас қалыптасқан. 65 пайызы сириялық босқындармен көрші болғысы келмейтінін жасырмаған. Ол ол ма, олармен тұрмыс құруға немесе шаңырақ көтеруге қарсы екенін жария етті. TEPAV сараптамалық тобының қызметкері Омар Қадқойдың айтуынша, сириялық босқындар түрік қоғамына сіңісіп кете алмаған. Олар өз алдына бөлек әлемде өмір сүріп жатыр. Түркия билігінің сириялық босқындарға түрлі мемлекеттік жәрдем көрсетуге арналған жобаларға наразылық білдірушілер қарасы да қалыңдап келеді. Ел экономикасы құлдыраған тұста сириялық босқындарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілмеуі тиіс деп санайды. Алайда, Түркия Біріккен Ұлттар Ұйымыны жарғысы мен Адам құқығының жалпыға бірлей декларациясы негізінде 1951 жылы қабылданған Босқындар мәртебесі туралы конвенция талаптарын орындауға міндетті. Осылайша Түркия билігі халық наразылығы мен халықаралық міндеттеме арасында, былайша айтқанда, екі оттың ортасында қалып отыр. Түркия билігі бұл тығырықтан немесе дағдарыстан қалай шығады? Оның үстіне, босқындар бүгіде геосаяси құралға айналып отыр. Сөз соңында Түркия аумағында соңғы дерек бойынша 3,7 млн-ға тарта сириялық босқын барын, олардың тиек 10%-ы ғана елдің оңтүстік-шығысында, дәлірегі, Сириямен арадағы шекара маңында орын тепкен лагерде ғана тұратынын, қалғаны өз бетінше өмір сүріп жүргенін айта кетпекпіз.

0 пікір
Мұрағат