Түркия елдегі француз мектептерінің қызметін шектеді
Түркия елдегі француз мектептерінің қызметін шектеді
5 ай бұрын 615 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: shutterstock.com. Автор: Smit

Түркияның білім беру министрлігі мектептердің департамент талаптарына сай келмейтініне байланысты ел аумағындағы француз мектептеріне жаңа оқушыларды қабылдауға тыйым салды және осы уақытқа дейін француз мектеп қабырғаларында білім алып келген балаларды түрік мектептеріне ауыстыруға пәрмен берді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде түріктердің Milliyet мерзімді басылымына жөн сілтеген Islam-Today ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Француз мәдени орталығының директоры Силви Лемассонның француз және түрік билігі мектептердің мәртебесіне қатысты ұзақ уақыт бойы келіссөздер жүргізіп келгенін, алайда, маусым айында түрік тарапы келісімнің жаңа нұсқасын, оның ішінде бірқатар жаңа ұсыныстар енгізілгенін жеткізген. Түркияның лауазымды мемлекеттік қызметкерлері шілде айының бас кезінде Анкарадағы Шарл де Голл лицейі мен Ыстамбұлдағы Пьер Лоти мектебіне қатысты келісімге қол қойылмаса, аталған білім беру мекемелері 2024-2025 оқу жылында жаңа түрік студенттерін қабылдай алмайтыны туралы ресми нотамен хабарлады, ал қазіргі студенттер түрік мектептеріне ауысуы керек. Француз делегациясы қазіргі жағдайды талқылау үшін бірнеше күн ішінде Түркияға келмек, егер бұл бағытта ортақ келісімге келе алмаса, мектептер жабылады. Білім министрі Жүсіп Текин Түркияда Лозанна бітім шартына (1923 – ред.) сәйкес Түркияда неміс және италиан тілдерін қосқанда 12 мектеп жұмыс істейтінін жеткізген. «Бізде бұл мектептермен ешқандай проблема жоқ, алайда, Франция отарлаушы ел секілді әрекет етіп, құжатта айтылмаған тағы екі мектеп ашуға шешім қабылдаған. Олар мектептерде тек француздар оқиды деп уәде бергенімен қазіргі оқушылардың 90 пайызы Түркия азаматтары. Сонымен бірге, олар ресми реестрде оқуш ретінде тіркелмеген», - деді Жүсіп Текин. Оның айтуынша, француз мектептері түрік инспекторларын тексеруге жібермей, оқушылар туралы ақпарат бермейді. Сонымен қатар, бұл мектептердің түлектері шетелдік студенттердің артықшылықтарын пайдаланады. «Егер олар біздің шарттарымызды қабылдаса, бұл мектептер жұмысын жалғастырады. Ал олай болмаса, біз заңды рәсімдерді бастаймыз», - деп мәлімдеді министр. Мектептер алғашында француз азаматтарының, оның ішінде дипломаттардың балаларын оқыту үшін ашылғанымен, кейін түрік балаларын да оқыта бастады. 80 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан мектептерде оқушылар француз мектеп бағдарламасы бойынша білім алады, ал түлектер түрік университеттеріне шетелдік студент ретінде түсуде.

0 пікір
Мұрағат