|
Терроризмге қатысы бар деген күдікпен 160-қа жуық адамға халықаралық іздеу жарияланды
|
Бельгияның терроризмге қатысы бар деген күдікпен 160-қа жуық азаматына халықаралық іздеу жарияланды. Олардың кейбіреуіне, тіпті, сырттай сот үкімі де шығып қойған. Бұл жайында осы аптаның басында елдің федералды прокуратурасы хабардар етті. Бельгияның бұқаралық ақпарат құралдары бұрын терроризмге қатысты 270-тен аса қылмыстық іс қозғағанын жарыса жазған еді. Бельгияның әділет министрі Кун Генстің кеңсесінен хабарланғандай, терроризмге қатысы бар деген күдікке елдің 945 азаматы ілінген. Олардың арасында Сирияда соғысып жатқаны бар, сол елге соғысу мақсатында ттанбақ болғандары да бар. Бельгияның Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, Бельгияға Сириядан террористердің қатарында соғысқан 130 жалдамалы қайтып оралған. Олардың көбісі – эмигранттар. Олар бір мыңнан он мың еуроға дейін жалақы алып келген. Бәрінен бұрын медицина мен ІТ саласының мамандарына жалақы қомақты төленген. Бұл жайында «VRT» телеарнасы хабар таратты. Қазіргі уақытта шамамен 400 бен 500 аралығында Бельгия азаматы террористер жағында соғысып жүр. Осы уақытқа дейін жүзге тарта бельгиялық содыр қаза тапқан. Айта кетейік, террористер қатарында соғысып жүрген содырлар саны жағынан Еуропада бельгиялықтардың қарасы көш бастап тұр. Бельгия халқының саны шамамен 11 млн адамды құрайды.