Талма ауруымен сырқаттанатындар үшін әлеуметтік желі іске қосылды
|
Елімізде талма ауруымен сырқаттанатындар ендігі жерде үйінен шықпай-ақ ғаламтор арқылы дәрігерлерден кеңес ала алатын болады. Осы мақсатта ашылған Neuroweb.life сайты талма ауруымен сырқаттанатындардың бір-бірімен ақпарат алмасуына жағдай жасайды. Яғни, осы заманғы аса өзекті әрі қажетті медициналық ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады. Аталмыш ұйым жетекшісі Ләйла Дайырбаеваның айтуынша, пациенттерге кеңес берумен бес бірдей білікті дәрігер айналысады. Олар өз еркімен қызмет етеді. «Біз пациенттің дер уақытында ем алуы үшін әлеуметтік желі ресурсын пайдалануымыз керек. Адамдар бір-біріне қиын шақтарда қолдау білдіріп, тәжірибе алмасуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл жоба дәрігерлерге де пайдалы»,- деді ол. Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі талма ауруымен сырқаттанатын170 мыңнан аса адамдардан бөлек өзге де жүйке дертіне шалдыққандар да осы желінің игілігін көре алады. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша осы сырқатқа шалдыққан науқастардың 75 пайыздан астамы тиісті емін ала алмай отыр. Бұған қоса, кенеттен соғатын талма ауруының кесірінен, яғни, дерт үстіне дерт жамап, жазатайым оқиғадан талай адам кемтар болып қалып жатыр.