Тәліптер баға жетпес байлықты іздеуге кірісті (видео)
Тәліптер баға жетпес байлықты іздеуге кірісті (видео)
3 жыл бұрын 2918 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ауғанстан билігін тәліптер радикалды қозғалысы (Қазақстанда және әлемнің көптеген елінде іс-әрекеті мен насихатына қатаң тыйым салынған ұйым) қолына алғалы бері елде түрлі өзгерістер орын алып жатыр. Тәліптер елде өз тәртіптерін орнатуға тырысқанымен әлем қауымдастығы олардың әрбір қадамын бағып отыр. Тәліптердің кез келген шешімі әлем қауымдастығын бей-жай қалдырмасы анық, екінші жағынан, тәліптер де әлем ұауымдастығымен санасуына тура келіп отыр – халықаралық гуманитарлық көмектен, түрлі қаржы көздерінен айырылмасы үшін. Инфляция шарықтау шегіне жетіп, ауған халқы аштықтың аз-ақ алдында тұр. Бұл жайт та жеңіске жеткен тәліптердің арынын тежеп, адам құқығына, соның ішінде әйелдердің қоғамдағы орны мен рөліне қатысты кейбір шешімдерін қайта қарауына итермелеуде. Бұл тақырыптар әлемдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғандықтан қайталап жатпаймыз. Біздің айтпағымыз, сирек кездесетін мәдени мұраларға, дәлірегі, баға жетпес тарихи құнды жәдігерлерге тәліптердің іздеу жариялауы турасында болмақ. Бұл жайында   islam.kz  порталы Live Science ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, тәліптер елдің археологиялық реликвиясына қауіп төндіріп тұр. Тура мағынасында. Тіпті, олар тонауды немесе оларды жоюды ойламаған күннің өзінде баға жетпес мәдени мұралардың тағдыры немен аяқталарын ешкім білмейді. Кейбір дерек көздерінің жазуынша, тәліптер 1978 жылы Тиллиа Тепе деп аталатын жерден табылған, 2000 жыл бойы сақталған, көбісі алтыннан соғылған 20 мыңнан аса артефакты қамтитын «Бақтрия қазынасын» жатпай-тұрмай іздеп жатыр. Бұл қазына Ауғанстанның ұлттық өнер мұражайында сақталған болатын әрі президент сарайына қойылған. Алайда, бүгінде бұл қазынының қайда жасырылғаны тәліптерге де, ауған халқына да белгісіз. Бұдан бөлек, осыдан шамамен 1600 жыл бұрын өркендеген будда қаласы – Мес Айнаққа да қауіп төніп тұр. Тәліптер тарапынан. Аталған шаһар әлемге әйгілі тарихи Жібек жолының бойында орналасқан, онда көне будда пұтханалары мен жәдігерлері жер астында жатыр. 1996-2001 жылдар аралығында ауғанстанда тәліптер билік басында  болған аралықта тарихи мәні мен маңызы зор көптеген будда жәдігерлері,  соның ішінде жартасқа қашалған «Бамиан Буддасы» деген атпен белгілі массивті мүсіні жойылған болатын. Оны жою үшін тәліптер танк, зеңбірек, динамит, зымыран қолданған. Бұдан бөлек, естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Ауғанның есепсіз байлығы тәліптер тұсында кімнің қанжығасында кетуі мүмкін» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/augannyn-esepsiz-bailygy-talipter-tusynda-kimnin-qanjygasynda-ketui-mumkin-15669/#gsc.tab=0; https://islam.kz/kk/news/alem/augannyn-esepsiz-bailygy-talipter-tusynda-kimnin-qanjygasynda-ketui-mumkin-jalgasy-15679/#gsc.tab=0) сараптамалық-шолу материалымызда айтып өткеніміздей,  Мес-Айнақ «Мес Айнақ» деп аталатын мыс кенін (әлемдегі ең ірі мыс кеніші. Яғни, қытай тарапы ауған жеріндегі мыс қорының үштен бірін – 11 млн тоннасын өндіруге бәс тіккен болатын. Бұл мыс кені ЮНЕСКО қамқорлығына алынып, адамзаттың мәдени мұралар тізіміне енген Будда мүсінінің астында жатыр) игеру үшін рұқсат алған еді. Егер қытай инсвесторлары аталмыш кен орнын игеруге кіріссе, жер астындағы бұл байлықтың шахтаға айналып, жойылуына себеп болмақ. Десе де тәліптер әлем қауымдастығына тарихи әрі мәдени ескерткіштер мен жәдігерлерді жоймайтыны турасында уәде беріп отыр. Алайда, бұл уәде қандай да бір кепілдік бермейтінін де айта кеткен жөн. Осы орайда Чикаго университетінің шығыс институтының Гил Штайн есімді профессоры өз командасымен ауған мұрасын спутниктің кмегін пайдалана отырып, картаға түсірумен айналысып, мониторинг жүргізеді. Осы уақытқа дейін олар шамамен 25000 археологиялық ескерткіштерді картаға түсіріп үлгерген. Десе де профессор тәліптер радикалды қозғалысының Сирия мен шам жерінде ойран салған содырлар секілді сорақылыққа бармағанын, дәлірегі, көне ескерткіштерді қиратып немесе сатып оны табыс кзіне айналдырмағанын алға тартып отыр. Тәліптердің мұндай «жабайылыққа» бармауының сыры есірткі айналымынан табыс тауып отыруында жатыр.

0 пікір
Мұрағат