Тағы бір ел жануарларды әскери мақсатқа пайдалануда деп айыпталып отыр
Тағы бір ел жануарларды әскери мақсатқа пайдалануда деп айыпталып отыр
4 жыл бұрын 3871 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Теңіз жануарларын, соның ішінде адамға үйірсек келетін делфиндерді және өзге де сүтқоректілерді Солтүстік Корея мамандары әскери тапсырмаларды орындауға баулап, жаттықтырып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы америкалық USNI News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ал аталмыш ақпарат көзі спутниктен алынған мәліметке сүйеніп отыр. Нампхо әскери-теңіз базасының аумағында сүтқоректілерді қамайтын орын мен жаттығу кешені таспаға тартылып қалған. Мұндай айғақ алғаш рет аталған ел аумағынан 2015 жылы хатталған болатын. USNI News ақпарат көзінің жазуынша, АҚШ-та да мұндай бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Десе де бұл бағытпен кез келген мемлекет айналыса алмайды. Бүгінгі таңда сүтқоректілермен тек ресейлік және америкалық әскери мамандар ғана жұмыс істеп жатыр. АҚШ-та дельфиндер мен зілді (морж), ал Ресейде делфиндер мен итбалықтар және киттерді жаттықтырады-мыс. Әскери мақсатта. USNI News ақпарат көзінің келтірген бұл дәлел-дәйегі мен дерегі анық емес, өйткені, «теңіз жануарларын әскери мақсатта пайдалануда» деп айыпталып отырған ел соңғы уақытта балық фермасының құрылысымен қарқында шұғылданып жатыр. Десе де жасанды жер серігі таспаға тартып алған фотодағы конструкция елдің өзге аймақтарындағы балық фермаларына мүлдем ұқсамайды. Теңіз жануарларының қорғаныс саласындағы маңызы зор: судағы минаны іздеу, теңіз түбіндегі адам бойлап бара алмайтын тереңдіктен жаудың құрылғыларын табу, теңіз жағалауындағы мен аралдағы әскери базаны диверсанттардан қорғау, т.б. Суда адам теңіз жануары секілді еркін қимылдап, жүзе алмайды, ептілік таныта алмайды, оның үстіне, көмескі әрі қараңғы су астындағыны адамнан жақсы көреді. Осы орайда теңіз жануарларын әскери мақсатта пайдалану қаншалықты ақылға сыйымды немесе көңілге қонымды деген сауал туындайды. Әскери мақсатта пайдалану цирк аренасы емес, қатері көп. Оның үстіне, бүгінде әлем елдері бірінен кейін бірі адамгершілікке жат болғаны үшін жануарларды циркте пайдалануға заң жүзінде тыйым салып жатыр. Бұл тарапта теңіз жануарларын әскери мақсатта пайдалануға тыйым салатын халықаралық қандай да бір келісім де жоқ екенін айта кету керек. Әлбетте, жануарларды соғыс тактикасында пайдалану қадым заманнан бар. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, ежелгі үнділер де, көшпенділер де, парсылар да, т.б. қолданған. Көшпенді халық жаугершілік заманда атқа мініп жауға шапса, үнділер пілді Ақсақ Темірдің қаһарлы әскеріне қарсы қойды, мысықты пір тұтатын мысырлық сарбаздарға қарсы мысықты қалқан етіп ұстап шығатыны туралы мағлұматтар бар. Десе де бүгінде жануарлар Таяу Шығыста әскери мақсатта жиі пайдаланылады. Мәселен, 2010 жылы Шарм-аш-Шейхте туристерге акулалар жиі шабуылдаған болатын. Мысырлық бұқаралық ақпарат құралдары Изарилді жыртқыш балықты әскери жаттықтыру үстінде деп айыптап, шу көтерген болатын. 2011 жылы Саудияда жергілікті әскерилер тыңшылыққа қатысы бар деген күдікпен аспанда қалықтап жүрген тазқараны қолға түсірген еді. 2013 жылдың қыркүйек айында мысырлық балықшы тыңшы құтанды немесе ләйлекті тұзаққа түсіреді, артынан қауіпсіздік күштері расымен да оған бекітілген электронды құрылғыны тәркілеген болатын. Иран да жануарларды әскери мақсатқа белсенді пайдаланушы елдердің бірінен саналады. 2007 жылы жергілікті әскерилер ядролық нысаннан 14 тиінді байқап қалған болатын. Олардың барлығының өзін жойды – Израилге тыңшылық ететіні үшін. Иран қарулы күштерінде дельфиндер торпеда ретінде пайдаланылады. Бұдан бөлек, аталған теңіз жануарын теңіздегі өзге де тіршілік иелерін қорыққа қайыруда, суға батқан адамдарды іздеуде, археологиялық құндылықтар мен жәдігерлерді іздеуде, т.б. пайдаланады. Ол ол ма, кей елдерде мемлекет басшыларының дельфиндерден жасақталған оққағарлары бар деген дерек те кездеседі. Теңіз жануарлары ішінде итбалықтар мен дельфиндер әскери мақсатта жиі пайдаланылады. Әскери мақсатта жануарларды жаттықтыру бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жанданды. Аты аңызға айналған ресейлік жаттықтырушы Владимир Дуров 1915 жылы 20 итбалықты суда жарылғыш заттарды табуға баулыды. Кремлдің орнитологиялық қызметі қаршығаны (жыртқыш құс) ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қағып түсіруге болатынын мәлімдеген еді. Еуропада мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Израил қарулы күштері оғарыда аталған жануарлардан бөлек, ламаларды да әскери мақсатта пайдаланатынын біреу білсе, біреу білмейді. Ламалар төзімді жануар, оны майдан даласында жүк тасуға, қару-жарақ жеткізуге пайдаланады. Лама салмағы 60 келіге дейінгі жүкті алып жүре алады. Бұған қоса, олар аз қоректенеді, аз ұйықтайды. Оның үстіне, лама жуас жануар. Десе де Израил билігі әскери мақсатта пайдаланылатын жануарларды таяу келешекте роботтармен алмастыруды көздеп отыр. Қытайда да маймылдардың әскери мақсатта пайдаланылатыны туралы ұзынқұлақ ақпарат бар.

Оқи отырыңыз: «Фермерлердің маймылдарды құл ретінде қара жұмысқа жегіп келгендері әшкере болды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/fermerlerdin-maimyldardy-qul-retinde-qara-jumysqa-jegip-kelgenderi-ashkere-boldy-13839/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат