Табиғи апаттардан 10 жылда әлемдік экономикаға $2 трлн шығын келді
2 сағат бұрын 33 24.kz kaz.inform.kz Динара Орынтай, Асхат Райқұл, Ернат Рахметолла, Әсел Әбдіхалықова0
Экстремалды күн райы құбылыстары климаттың өзгеруімен байланысты екенін хабарлады 24.kz
Табиғи апаттардан кейінгі 10 жылда әлемдік экономикаға 2 триллион доллардан астам шығын келген. Халықаралық сауда палатасының ғалымдары 2013 жылдан бері 6 құрлықтағы табиғи апаттарды зерттей келе осындай қорытынды шығарып отыр.
Кейінгі 10 жылда экстремалды ауа райы әлемде 1,5 миллиардтан астам адамның өміріне әсер етті. Ал шығын орасан зор. 2 триллион доллардан асады. Халықаралық сауда палатасының мәліметінше, табиғи апаттардың шамамен 4 мыңдайы толассыз жауын-шашын, дауыл және тропикалық циклондарға ұласып, дүниежүзі елдерінде көптеген үйлер мен кәсіпорындарды қиратқан.
Джон Дентон, халықаралық сауда палатасының бас хатшысы: -Климаттың өзгеруі – әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі. Оны соңғы 10 жылдың деректері айқын көрсетіп отыр. Экстремальды ауа райынан әр елдің экономикасына көп шығын келіп жатыр. Сол себепті жаһан елдері климаттың өзгеруімен күресу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет.
Соңғы екі жылда экстремалды ауа райы құбылыстарынан жаһан елдеріне келген залал 450 миллиард доллардан асты. Бұл алдыңғы 8 жылмен салыстырғанда 19%-ке жоғары. Климат жөніндегі маман Клэр Барнс: «Онымен тиімді күресу жолының бірі – баламалы энергия көздерін дамыту», – дейді.
Клэр Барнс, World Weather Attribution ұйымының ғылыми сарапшысы: - Жер бетіндегі бүкіл апаттар қазба отындарын жағудан туындап отыр. Бізде бұл процесті тоқтату үшін барлық қажетті технологиялар бар. Оларды тезірек енгізуіміз керек. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атмосфераға зиянды заттар шығарудан бас тарту керек. Біз атмосфераға зиянды заттар шығаруды тоқтатуға міндеттіміз. Әлемнің жылынуымен бірге экстремалды ауа райы құбылыстары жиілеуде, әрі олардың күш алуына себеп болады.
Зерттеуге қарағанда кейінгі 10 жылда табиғи апаттардан ең көп зардап шеккен АҚШ, Қытай және Үндістан. Мысалы, өткен айда АҚШ-та «Хелен» мен «Милтон» дауылыдарынан келген шығын 50 миллиард долларға жетті. Мамандардың айтуынша, бұл «Катрина», «Сэнди» және «Харви» дауылдарының тигізген залалымен бірдей.
Авторы: Динара Орынтай
Климаттың өзгеруі бүкіл әлемдегі дауылдың жылдамдығын орташа есеппен 29 км/сағ-қа арттырды
KAZINFORM – Ғалымдар климаттың өзгеруі дауылды жылдамдатады деген қорытындыға келді: соңғы алты жылда Атлантикалық дауылдың жылдамдығы орта есеппен 29 км/сағ артты. Бұл мұхит суларының жылынуымен байланысты, деп хабарлайды BILD.
Environmental Research: Climate журналында жарияланған зерттеу 2019 жылдан 2023 жылға дейін жел жылдамдығының артуына байланысты 40 дауыл Саффир-Симпсон шкаласы бойынша бір санатқа көтерілгенін көрсетті.
- Атлант мұхитының температурасы Цельсий бойынша 2-3 градусқа, кей жерлерде 4 градусқа дейін жылынған. Дауылдар жылы судан өрши түседі, бұл оның күшін арттырады, - дейді зерттеудің жетекші авторы, климаттанушы Дэниел Гиффорд.
Оның айтуынша, 5-санаттағы дауыл 1-санаттағы дауылға қарағанда шамамен 400 есе көп шығын әкеледі.
Биылғы ең жойқын дауылдың қатарында климаттың өзгеруіне байланысты 26-39 км/сағ күшейген Берил, Хелен және Милтон дауылдары бар. АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфералық басқармасы климаттың өзгеруі дауылдың бір-бірімен өзара әрекеттесуіне де әсер ететінін атап өтті, мысалы, торнадолар сериясын тудырған Милтон дауылы.
Асхат Райқұл
Әлемде мигранттардың жаңа түрі пайда болған
Әлемде мигранттардың жаңа түрі пайда болды. Олар "климаттық босқындар" деп аталады. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым 2050 жылға қарай климаттық мигранттар саны 260 миллионнан асады дейді. Табиғи апаттар адамдардың жаппай қоныс аударуына басты себептің біріне айналды. 2050 жылға дейін Оңтүстік Азия, Латын Америкасы және Африкадағы Сахараның күнгейіндегі елдерге қиын болғалы тұр. Климат өзгерісінің теріс салдарын қазірден сезініп жатқан мемлекеттер бар. Былтыр климаттық босқындар қатары 26 миллионнан асқан. Ширек ғасырдан кейін олардың саны 10 есе өспек. Бұл туралы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас хатшысы Эми Поуп мәлімдеді.
Әзербайжан, Баку
Эми Поуп, көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры: - Біздің есебіміз бойынша, 2050 жылға қарай климаттық босқындар саны 260 миллион адамға анық жетеді. Бұл - өте жоғары көрсеткіш. Бірақ бірлескен батыл шешімдер қабылдау арқылы климатқа байланысты көші-қон нөпірін 80 пайызға дейін азайтуға болады.
Мамандар табиғи апат салдарынан ең қатты зардап шегетін елдер қатарына Ауғанстан, Пәкістан мен Эфиопияны жатқызады. Биыл мамырда ауған елінде тасқыннан 315 адам ажал құшты. Тамызда Бангладеште су тасқыны 4 миллионнан астам тұрғынға ауыртпалық әкелген.
Хайрул Башар, босқын: - Біздің лагерьде электр жарығы да, желдеткіш те жоқ. Аядай лашықта 8 адам тұрамыз. Үйімізді су шайып кеткеннен кейін босып кеттік. Балаларымыз түрлі жұқпалы ауруға шалдықты. Көк тиынымыз жоқ.
Тағы бір үлкен мәселе – теңіз деңгейінің көтерілуі. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, алдағы 30 жылда Бангладеш аумағының 17 пайызы су астына кетіп, 20 миллион тұрғын баспанасынан айырылады. Бұған ауаға көмірқышқыл газының шамадан тыс бөлінуі себеп. Бұл булануды 20 пайызға арттырып, жауын-шашын мөлшерін бірнеше есе көбейтпек.