Шартарап: Ем-домына ақы төленбеген науқастың мәйітін туыстарына бермей қойды
|
Сауд Арабиясында қайтыс болған науқас әйелдің көзі тірісінде алған еміне ақы төлеуді талап еткен медициналық мекеме марқұмның мәйітін туыстарына қайтармастан 2 апта ұстаған. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі 24 телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
59 жастағы әйел наурыз айының басында тік ішек обырынан көз жұмады. Ол ауруханада 1 жарым айға жуық уақыт емделіп, оның соңғы 23 күнін екпінді терапия бөлімшесінде өткізеді. Әйелдің алған емінің тұтас сомасы шамамен 140.000 долларды құрайды. Науқас ем алып жатқан кезде оның отбасы небәрі 15.500 долларды төлеген екен. Алайда, әйелдің суішкілігі таусылып, ауруханада көз жұмады. Туыстары марқұмның мәйітін алып кетуге келгенде аурухана басшылығы емделу ақысы бойынша қалған соманы төлеуін сұрайды. Отбасының қиын жағдайын көрген ауқаттылар тағы бірнеше мың долларды қайырымдылық ретінде беріп, бұл қарызды 48 мың долларға дейін қысқартады. Соның өзінде жергілікті денсаулық сақтау басқармасы қарызды есептен шығарғаннан кейін барып қана мәйітті оның отбасына берген.
АҚШ-та 12 жасар қыз iPhone үшін анасын өлтірмек болды
АҚШ-тың Колорадо штатындағы Денвер қаласының полицейлері iPhone-ды қолдануға тыйым салып, оны алып қойған анасын улап өлтірмек болған 12 жасар қызды тұтқынға алды. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Артынан анықталғандай, қыз бала анасын улап өлтірмек болған. Алғашқысында ол анасына кір жууға арналған ағартқыш зат қосылған коктейль дайындап ұсынған екен. Сусынның дәмінен онда химиялық қоспа барын сезген анасы баласын жаман ойға қимай стақанды сумен шаюды ұмытып кеткен шығар деп ойлаған. Екінші жолы өзінің жатын бөлмесіндегі ыдыстан су ішпек болғанда онда да осындай химиялық қоспа барын сезгеннен кейін қызын шақырып алып, ашық сөйлескен. Ол болса смартфонын алып қойғаны үшін анасын улап өлтірмек болғанын мойындаған. Оқиға орнына бірден полицейлерді шақырған келіншек өз қызын ұстатып жіберген.
Психологтар әлеуметтік желіге балалардың суреттерін жарияламауға кеңес берді
Ата-аналардың көпшілігі дос-жарандарымен өздерінің отбасылық өмірі жайлы мағлұматтармен бөліскісі келеді. Осы мақсатта олар әлеуметтік желілерге фото, бейне, басқа да ақпараттарды салады. Бұл жайында nur.kz сайты Meddaily ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Мичиган университетінің ғалымдары мұндай әрекеттің пайдасына қарағанда, зияны көп деп санайды. Бұл кейінірек сол ата-аналардың балаларына эмоциялық зардабын тигізуі мүмкін.
Бала өскен соң әлеуметтік желілерді өзі пайдалана бастайды. Әрі, кей ата-аналар кішкентай балаларына арнап өздері парақша ашады. Зерттеушілер әлеуметтік желіге балалардың өмірі жайлы егжей-тегжейлі мәліметтерді орналастырудың қандай жағдайға әкеліп соғатынын анықтап жатыр.
Бір жағынан, ата-аналар бұл тұрғыда әлеуметтік желіні пайдалы деп санайды. Алайда кейбіреулері олар адамға қатысты қауіпсіздік пен құпиялылықты бұзатынын алға тартып отыр.