Сауда соғысының шынайы себебі - 2
|
Жартылай өткізгіш өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар экспортына тыйым салынатын болса, тек қытай кәсіпорындары ғана емес, сонымен қатар, Қытай аумағындағы Samsung және Intel секілді шетелдік компаниялар да америкалық технологиядан қағылмақ. Әлбетте, АҚШ тарапы Қытай аумағындағы шетелдік компанияларға өздерінің технологиялық құрал-жабдықтарын сатуға тыйым салмауы да мүмкін. «Экспортты бақылауда ұстаудағы міндеттердің бірі – Қытай азаматтарының технологияға ие болуына жол бермеу. Мұндай тыйым Қытайдан тыс жердегі қытай азаматтарына да немесе Қытай аумағындағы кез келген обьектіге (мейлі ол шетелдік тұлға болсын) салынуы мүмкін»,- деді Вашингтондағы Hogan Lovells заң фирмасының серіктесі Энтони Капобьянко. Бұл тыйым өзге елдердің компанияларын да қамтуы мүмкін. «ASML мен Applied Materials компаниялары өндірісте бір-бірімен тығыз байланысты. Егер бұл өндірістің шынжыр секілді бір-бірімен байланысып жатқан шығыршықтарының бірі үзілетін болса, Қытай фабрикалары проблемаға тап болады»,- деді ASML-нің бұрынғы менеджері. Ристо Пухакканың айтуынша, компания 40 жыл бойы жинақталған тәжірибе мен өндіріс құпиясына ие. «Мәселенің мәнісі ақшада емес, интеллектуалды базада. Оны сатып алу мүмкін емес». Десе де Қытай қол қусырып, қарап жатқан қарап жоқ: кей компаниялар микроэлектроника өнеркәсібіне арналған құрал-жабдық өндіруде. Олардың арасында 28-нанометрлік чип қабығына арналған құрал-жабдық пен плата өндіретін шанхайлық AMEC-ті атап өтуге болады. Сондай-ақ, чиптің литографиялық жүйесін құрастыратын Shanghai Micro Electronic Equipment (SMEE) мен тамыз айында ионды имплантацияның технологиясын жұртшылық назарына ұсынған мемлекеттік қорғаныс компаниясы CETC-ті бөле-жара атауға болады. Дегенмен, ғаламдық технологиялық жарыс пен бәсекелестікте бірде-бір қытайлық компания келешегі зор, перспективасы бар 7-нанометрлік чипті жасай алған емес, қытайлардың SMEE құрастыратын технологияны ASML-дің осыдан 15 жыл бұрын жасап кеткенімен салыстыруға болады. Қазір қолданылып жүрген смартфондардың көбісінде 14-16 нанометрлік транзисторы бар чиптер пайдаланылады, ал қытайлардың көлемі шағын деген чиптегі транзисторы 28 нанометрлік. Шетелден келетін жоғары технологиялық құрал-жабдықтан қағылса, Қыиай өндірушілері нақты тәжірибе жинау мүмкіндігінен де айырылатынын ескеру керек. «Бұл жағымсыз әсерді екі есе артыратын болады. Біріншіден, зауыттар үшін құрал-жабдық қажет, екіншіден, онымен жұмыс істеп үйрену керек»,- деді Бретт Симпсон. Қытай жасанды интеллекті немесе 5G функциялы микроэлектроника өндірісімен қош айтысуына тура келеді. Жаңа жартылай өткізгіш өндірісінің тигізер пайдасы да, түсірер табысы да шаш-етектен. Мәселен, тайвандық TSMC компаниясы биылдың өзінде 28 нанометрден кем транзисторлы чипті сатудан түсетін табысының өсімі 70 пайыздан кем болмайды. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан 4 жыл бұрын бұл көрсеткіш 42 пайызды құраған болатын. АҚШ-тың агрессиялы санкциялық әрі экономикалық шаралары Қытайды бұл салада тек өз өндірісіне иек артуына итермелейді. Жартылай өткізгіш индустриясын толығымен өзінде жүзеге асыру жолдарын қарастырудан басқа амалы қалмайды. Америкалықтар жаңа технологияның Қытай өндірісіне дендеп енуіне барынша тосқауыл қойған сайын Қытайдың бұдан басқа амалы да қалмайды. Түптеп келгенде бәрі қаржыға келіп тіреледі: егер Қытай жоғары технология саласына ауқымды инвестиция құяр болса, бұл өз нәтижесін бермей қоймайды. Тіпті, болашақта АҚШ-тың өзімен иық теңестіріп, нағыз бәсекелес елге айналмақ. Сөз орайы келгенде мынаны айта кетпеске болмайды: Bank of America сарапшысы Майкл Хартнетт әлемдегі екі алып держава арасында сауда соғысы қызған шақта: «АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы шындап келгенде қаруланудың алғашқы кезеңі – мақсаты кванттық техника, жасанды интеллекті, гипердыбысты авиация, электромобиль, роботтехника және кибер қауіпсіздік секілді салаларда ұзақ мерзімді басымдыққа ие болуға ұмтылуға саяды»,- дегені бар. Егер бұл майданда АҚШ жеңіске жетсе, Қытайдың дамуы бірнеше ондаған жылға кенжелеп қалатын болады.
(Басы "Сауда соғысының шынайы себебі белгілі болды - 1" жарияланымында)