Ресейге соқпайтын тасымал дәлізі Орталық Азияға не береді?
Ресейге соқпайтын тасымал дәлізі Орталық Азияға не береді?
7 жыл бұрын 4136 azattyk.kz Баку-Тбилиси-Қарс темір жолының ашылу рәсіміне әзірленіп қойылған Қазақстанда шығарылған тепловоздар. Бұл жобаға осындай бірнеше қазақстандық тепловоз сатылып алынған. 30 қазан, 2017 жыл

Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдайтын Баку-Тбилиси-Қарс темір жолының ашылу рәсіміне Орталық Азия елдерінің ресми өкілдері қатысты. Сарапшылар Ресейге соқпай өтетін бағыттағы тасымалдың Орталық Азияға пайдалы екендігін айтады.

Қазанның 30-ында Әзербайжанда ұзындығы 800 километрден асатын Баку-Тбилиси-Қарс (БТҚ) темір жол желісінің ашылу рәсімі өтті. Жаңа бағыттың 504 километрі Әзербайжан жерімен өтеді. «Жаңа Жібек жолы» деп дәріптелген жобаның ашылуына Әзербайжан, Түркия президенттері, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан премьер-министрлері және Түркіменстан мен Тәжікстанның министрлері қатысты. Қазақстан тарапынан әуелде оған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысатыны хабарланғанымен, соңынан ресми БАҚ бұл рәсімге «президенттің тапсыруымен» премьердің қатысқанын айтты.

«ТАРИХИЛЫҚ» ПЕН МҮМКІНДІК

«Тарихи жоба» аталған БТҚ темір жолы Ресей мен Арменияны айналып өтіп, Әзербайжан мен Түркияны байланыстырады. Оған Каспий теңізі жағалауындағы Қазақстан мен Түркіменстан порттары арқылы Қытай тауарлары тасымалданып, одан әрмен Еуропаға жеткізілмек. Жаңа тасымал жолы Қытай мен Еуропа арасына жүктің жеткізілуін 12-15 күнде қамтамасыз етуге тиіс. Бастапқы кезеңде тасымалданатын жүк - жылына бес миллион тонна, кейіннен 17 миллион тоннаға жеткізілмек.

БТҚ-ның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев осы бағыттағы темір жолдың салынарына кейбір «шет ел» күман келтіргенін, кедергілер де жасалғанын айтты. Тоғыз жолдың торабы түйіскен, маңызды халықаралық көлік дәліздерінің бірнешеуі Әзербайжаннан өтеді. Әзербайжан басшысы соның ішінде өз елінің қазір тест түрінде жұмыс істей бастаған «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізіне де қосылуға әзір дейді.

Қазақстан премьері Бақытжан Сағынтаев (солдан оңға қарай), Түркия президенті Ражаб Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Грузия премьері Георгий Квирикашвили және Өзбекстан премьері Абдулла Арипов БТҚ темір жолының ашылу рәсімін жасап тұр. 30 қазан, 2017 жыл.
Қазақстан премьері Бақытжан Сағынтаев (солдан оңға қарай), Түркия президенті Ражаб Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Грузия премьері Георгий Квирикашвили және Өзбекстан премьері Абдулла Арипов БТҚ темір жолының ашылу рәсімін жасап тұр. 30 қазан, 2017 жыл.

Түркия президенті Ражаб Тайп Ердоған Қазақстан мен Түркіменстанның Каспий теңізіндегі порттарының осы бағыттағы жүк тасымалы үшін маңызды боларын айтты. Ал Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев БТҚ бағытымен тек Қытай өнімдері ғана емес, Ресейдің Сібірінен де тауар тасымалдануы мүмкін дейді. Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов болса, өз елінде жаңа жобаларға қосылу үшін бірыңғай темір жол желісін салу аяқталып қалғанын, соның бір мысалы ретінде Ангрен-Пап арасында темір жолы іске қосылғанын айтты.

БТҚ арқылы алғаш тасымалданған жүктің арасында Қазақстанның 3200 тонна астығы да болды.

БТҚ ІСКЕ ҚОСЫЛҒАННАН КЕЙІН

БТҚ іске қосылғаннан кейін, қарашаның 1-інде Әзербайжан президенті Тегеранға сапарлап, Иран, Әзербайжан және Ресей басшыларының екінші басқосуына қатысты. Жиын кезінде үш ел басшылары, әсіресе, Иран және Ресей президенттері Үндістаннан Иран, Кавказ, Ресей арқылы Еуропаға тауар тасымалдайтын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі жайлы көбірек айтуға тырысты.

Ресей президенті Владимир Путин (солдан оңға қарай) Иран президенті Хасан Роухани, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Тегеран басқосуында.1 қараша, 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (солдан оңға қарай) Иран президенті Хасан Роухани, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Тегеран басқосуында.1 қараша, 2017 жыл.

Мұның алдында Бакуде транскаспийлік БТҚ желісі Лондон мен Қытайды тіке жалғайтын жоба ретінде аталса, Тегерандағы жиында Бәндар Аббас (Иранның Парсы шығанағындағы порты) пен Хельсинки арасын қосатын «Солтүстік-Оңтүстік» жобасының транзиттік мүмкіндігі туралы айтуға мән беріліп жатты. Әсіресе, Ресей БАҚ-ында бұл мәселеге көбірек орын берілді. Иран БАҚ-ында Ресеймен арадағы саяси байланыстар жайлы материалдар көптеп жарияланды. Ал БТҚ-ның іске қосылғаны жайлы еуропалық арналар да хабар таратып жатты.

Бұған қоса Грузияда қарашаның 28-інде «Жібек жолы» форумы өткізілмекші.

БТҚ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Азаттық Ресейге соқпай тіке Еуропаға шығатын БТҚ тасымал бағыты жайлы сарапшылардың пікірін сұрап көрген еді.

​Экономист Тоқтар Есіркепов БТҚ-ның іске қосылуы арқылы Орталық Азия (ОА) елдері Қытай мен Еуропаны байланыстыртаны темір жолдың иесі болып шыға келді деп есептейді.

Экономист Тоқтар Есіркепов.
Экономист Тоқтар Есіркепов.

- ОА елдері құрлықаралық жағдайын ескеріп, пайда тапқысы келеді. Сондықтан ОА үшін БТҚ транзиттік әлеуеті күшті жобалардың бірі болуымен қатар экспортқа да тиімді, - дейді экономист.

«Ресей де бұл жобаны қабылдауға мәжбүр» деген Тоқтар Есіркепов қажет жағдайда Ресей де осы темір жол желісін пайдалануы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

​ - Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдайтын бұдан да басқа жобалар Ресей жері арқылы өтеді. ОА үшін басқа көлік дәліздерімен қатар БТҚ да транзиттен пайда табуды толықтыратын бағыт, - дейді экономист Тоқтар Есіркепов Азаттыққа.

Ал Орталық Азиядағы қауіпсіздік және саясат бойынша сарапшы Әлкей Марғұланның айтуынша, БТҚ жобасына қосылу арқылы ОА елдері Ресейге жалтақтауын қойып, өздері тәуелсіз шешім қабылдай алатынын көрсетіп отыр.

- ОА елдері қазір тоқсаныншы жылдардағыдай емес, сыртқы экономикалық саясатта Ресейге жалтақтауды азайтты. Салыстырмалы түрде болса да ОА өзінің тәуелсіз экономикалық саясатын жүргізуге тырысады. Бұл белгілі бір дәрежеде Ресейдің шамына тиеді, - дейді Әлкей Марғұлан.

Оның айтуынша, ОА елдері Ресейден іргені бір демде аулақ сала алмайтыны тағы да анық. Дегенмен Орталық Азия елдері үшін көліктік-дәліздік логистиканы әртараптандыру маңызды.

Әлкей Марғұлан, саясаттанушы (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
Әлкей Марғұлан, саясаттанушы (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

- Бұған қоса Түркия бұрын ОА елдерімен байланыста инфроқұрылымдық жобаларға мән бермей келген еді. Бұрын жеңіл өнеркәсіп және құрылыс салалары ғана назарға алынатын. Енді БТҚ-ға қатысу арқылы ОА Ресейді айналып өтетін балама тасымал жолына шығуға мүмкіндік алып отыр, - деді Әлкей Марғұлан Азаттыққа.

«Жоба қаншалықты нәтижелі болады?» деген сұраққа сарапшы:

- Оның қаншалықты сәтті болары алдағы екі жылда көрінеді. Инфрақұрылымдық жобалардың ең жылдам дегендегі қайтарымы екі жылдың ішінде есептеледі, - деп жауап берді.

«Батыс-Шығыс» көлік дәлізі арқылы жүк тасымалын қамтамасыз ететін транскаспийлік Баку-Тбилиси-Қарс темір жолын салуға төрт миллиард доллар жұмсалған.

Автор туралы:

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ 

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

0 пікір
Мұрағат