Ресей ядролық қаруды қандай жағдайда қолдана алады?
|
«Ядролық қарусыз әлем құру» атты Халықаралық конференция аясында өткен панельдік сессия барысында Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников өз елінің ядролық қарусыздандыру саласындағы жұмысы жайында баяндап, ол қаруды қай уақытта пайдалана алатынын жеткізді.
Елшінің айтуынша, Астанадағы конференция Ядролық қарудан жаппай бас тарту келісімін рәсімдеу қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
«Алайда ол құжат күшіне ену үшін 8 негізгі мемлекеттің қолы қажет. Олардың ешқайсысы әлі ол келісімді рәсімдеген жоқ. Өткен жылы осы мәселеге арналған конференцияда арнайы декларация мен нақты шаралар жоспары қабылданған болатын. Ресей оның бәрін қолдап, іске асыруға даяр. Қазақстан мен Жапония осы жұмыстың үйлестірушісі болып саналады», - дейді М.Бочарников.
Бүгінде Ресей Федерациясы ядролық қарудан біртіндеп бас тарту бастамасын қолдайды. Ондайда барлығына бірдей қауіпсіздік шаралары сақталуы қажет. Сондай-ақ, бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық құжаттары негізге алынуы шарт. Осы уақытқа дейін Ресей ядролық қару-жарақты азайту саласында айтарлықтай жұмысты атқарды.
«Біз ядролық зымырандардың екі санатын толығымен жойып тастадық. Ол қару-жарақтың ұшу қашықтығы 500-5500 шақырым болған. Стратегиялық шабуылдаушы техникасы соңғы 50 жылда ең төменгі деңгейге дейін азайып отыр. Ал стратегиялық емес қару-жарақтарды мүлдем алып тастап, қоймаға қотарып қойдық. Ресейдің әскери доктринасында ядролық қаруға көп басымдық берілмейді. Оны теориялық тұрғыда тек екі жағдайда ғана қолдану қарастырылған. Егер Ресей мен оның одақтастарына қарсы жаппай қырып-жоятын қару қолданылса немесе қарапайым қару-жарақты қолдану арқылы мемлекеттің өміршеңдігіне қауіп төнген жағдайда. Ондай позицияны басқа мемлекеттер де ұстанады. Олардың ішінде Америка да бар», - деп атап көрсетті М.Бочарников.