Рамазан алдында азық-түліктің қымбаттағанына қынжылады (видео)
|
Пәкістандықтар үшін ораза ұстау – шынайы сынақ мерзімі. Себебі, саудагерлер азық-түлік құнын қазірден көтеріп жатыр. Күні бойы ауыз бекітіп, ашқұрсақ жүретін жамағат «қымбатшылыққа байланысты тойып тамақ іше алмаймыз ба», деп, қауіптенеді. Көптеген пәкістандықтар Рамазан айын тағатсыздана күтеді. Бірақ, табысы аз, қалтасы жұқа тұрғындар қасиетті айдың алдында азық-түліктің бағасы шарықтап жатқанына қынжылады. Үнді мұхитының жағасында орналасқан Карачи – осы елдегі ең ірі шаһар. Халқы 18 миллионнан асады. Портты қалада 1200-ден астам ірілі-уақты базар бар. Нұр Хан, жергілікті тұрғын: - Жағдай қазірдің өзінде өте қиын. Біз сияқты қарапайым адамдардың бірдеңе сатып алуға көк тиыны жоқ. Рамазан айында инфляция тағы жаналқымнан алып, қарашаның қалтасын қағады. Атикур Рехман, жеміс-жидек жеткізуші: - Бағалар бұдан да жоғарылайды. Бұған еш күмән жоқ. Бұл айда жеміс-жидек удай қымбаттайды. Екінің бірі сатып ала алмайды. Азық-түліктің қымбаттауын саудагерлер көтерме базардағы бағаның көтерілуімен түсіндіреді. Билік шамасы келгенше тиісті шаралар қолданып әлек. Үкімет халық ең көп тұтынатын мың заттың тізімін жасап, оларды қарапайым тұрғындардың Рамазан айына дейін сатып алуына көмек қаржы беруді жоспарлаған. Бірақ, бұл іс әлі нақты қолға алынбаған. Аднан Аббаси, көкөніс сатушы: - Инфляцияның шарықтауына бірнеше себеп бар. Сұраныс көбейгенде, ұсыныстың азаятыны белгілі. Рамазан кезінде ораза ұстағандар ауыздарын құрмамен ашқысы келеді. Басқа айларда құрмаға сұраныс аз. Ал үкімет ұсынған шара әлі басталған жоқ. Айта кетейік, Пәкістанда 190 миллион адам тұрады. Олардың 95%-ы – мұсылмандар.