Қытай қай мұсылман елімен ерекше қатынас орнатпақ?
Қытай қай мұсылман елімен ерекше қатынас орнатпақ?
7 жыл бұрын 5168 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Таяу Шығыстағы ықпалынан біртіндеп айырыла бастаған АҚШ-тың орнын басуға тырысқан Ресеймен қатар Қытай да аталған аймақта өз мүддесін жүзеге асыруға талпынып отыр. 21-ші ғасырдың супер державасы деген мәртебеге ие болып үлгерген Қытайдың аймақта ядролық бағдарламасына байланысты Батыстың санкциясының салдарынан әлемнен оқшауланып қалған Иранмен барыншы жақындасуға күш салып жатыр. Оның өзіндік себептері де бар: ең бастысы, Иранның географиялық орналасқан орны экономикалық жағынан аймақтағы ең тиімді саналатын өңір. Парсы шығанағы жағалауы, бір жағында Үнді мұхиты шалқып жатыр, одан қалса, Орта Азиямен шектесетіні, Ауғанстан және Кавказ тауларымен ұштасып жатқаны, бұған қоса, 65 млн тұтынушысы бар ішкі нарығы – Қытай билігінің стратегиялық жоспары мен ауқымды жобаларын жүзеге асыруға таптырмайтын мүмкіндік дер едік. Иран тарапы теміржол магистралін модернизациялайтынын ресми жерия етіп қойды. Осы мақсатта Қытай Тегеран-Масһад магистралын электрлендіруі үшін 1,5 млрд доллар және Тегеран-кум-Исмфахан жедел теміржол құрылысына 1,8 млрд доллар бөлді. Қытай жағы Иранда энергетика, көлік, химиялық өндіріс, болат балқыту салаларында көптеген жобаларын бастап та кеткен болатын. Мына жайтты айта кетпеске болмайды: Қытай Иранмен өткен ғасырдың 80-ші жылдарында-ақ әскери-техникалық байланыс орнатып қойған. Тағы бір айта кететіні, Иранның сүнниттік емес, шииттік бағытта болғаны да Қытайдың қолайына жағады. Өзге сүнниттік бағыттағы мұсылман елдерімен қатынаста Синцзяндағы азшылықты құрайтын мұсылмандар мәселесі Қытайдың бетіне шіркеу болып келген еді. Бұған қоса, Парсы шығанағындағы сүнниттік елдер АҚШ-қа бағдарланған. Сондай- ақ, Иранның Сириядағы жанжалды реттеуге атсалысқаны да Қытайдың оң мүддесімен қабысып жатыр: Сирияда күйреген инфрақұрылымды қалпына келтіруге Қытай да қатыса алады. Айта кететіні, қазіргі уақытта Ирандағы тауарлардың 30 пайызы Қытайда өндірілген. Алдағы он жыл ішінде екі елдің арасындағы келісімге орай 600 млрд долларға жетуі тиіс.



0 пікір
Мұрағат