Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының негізгі себебі аталды
Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының негізгі себебі аталды
5 ай бұрын 725 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Carlos Garcia Rawlins / Reuters

Америка құрама штаттары мен Еуроодақ кез келген жағдайда Қытайға қарсы сауда соғысын бастауы мүмкін. Мұндай қадамға батыс елдерінің жоғары технологиялық өндірісті өзінде сақтап қалуы үшін барады. Бұл туралы islam.kz порталы өз кезегінде Ресей федерациясының министрлер кабинетіне қарасты қаржы университетінің әлеуметтік-экономикалық зерттеулер институтының директоры Алексей Зубецтің мәлімдемесіне жөн сілтеген «Известия» мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Экономист 1990 жылдары Қытайдың Батысқа арзан тауар өндіріп жеткізгенін, соның нәтижесінде Еуропа мен АҚШ-ты жиырма жылға жуық инфляция мен әл-ауқаттың төмен деңгейімен қамтамасыз еткенін еске салды. Алайда, уақыт өте келе Қытай жоғары технологиялық өнімдер сегментіне (электр көліктері, күн батареялары және т.б.) еніп, еуропалықтар мен американдықтарды бұл нарықтан біртіндеп ығыстыра бастады. Сондықтан Уашингтон мен Брюссел өздерінің жоғары технологиялық өндірісін сақтау қажеттілігімен бетпе-бет келіп отыр. Осыған байланысты Бейжіңге қарсы сауда соғысын сөзсіз бастайды. Басты сауал оның қашан тұтанып, қалай аяқталатынында болып отыр. The Economist мерзімді басылымы шолушыларының  пайымдауынша, Еуроодақ қазірдің өзінде электрмен жүретін көлік тарифтеріне байланысты Қытаймен сауда соғысына дайындалып жатыр. Бұған қоса, Брюссел қытай компанияларының Еуропадағы мемлекеттік тендерлерге қатысу аясын шектеу шарасын қолға алуы ықтимал. Экономисттің пікірінше, еуропалықтардың қытай электрмен жүретін көліктерінің ішкі нарықта кең таралуына ЕО-ның климат дағдарысына қарсы іс-қимылдарымен, дәлірегі, күн тәртібіндегі экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы шараларымен байланысты. Дәлірегі, 2050 жылы көміртектен ада аймаққа айналу мақсатында атмосфераға зиянды немесе парникті газдарды бөлмейтін электрлі көлікке көшу жоспарымен байланысты Қытайдың арзан көліктеріне иек артып келген еді. Қытай тарапынан төнген қауіпті енді ескерген еуропалықтар Қытаймен бәсекелесуге мүмкіндік беретін технологиялық тетіктерді таппай, нарық заңдылығын белден басып, санкцияларды, яғни, қорғаныс шаралары мен баждарын қолдануға шешім қабылдады. Сөз соңында шілде айында Еурокомиссия Қытайдан келетін электрлі көліктерге импорттық баж салығын 17,4-тен 37,6 пайызға дейін арттырғанын айта кетпекпіз.

 

0 пікір
Мұрағат