Қытай ғарыштағы минералды ресурстарға көз тігуде
|
Қытай ғылым академиясы жанындағы ұлттық ғарыш ғылымы орталығының мамандары шағын астероидтарды қармап, жерге алып келетін технология құрастырып жатыр. Осы заманғы ғарыш технологиясының көмегімен жерге түскен астероидтардан минералдарды алуды көздеп отыр. Бұл жайында China Daily мерзімді басылым хабар таратты. "Ғарышта пайдалы қазбаларды өндіру ғаламдық экономиканың дамуына тың серпін беруі мүмкін",- деді Ли Минтао есімді аталмыш жобаға атсалысушы ғалым. Оның айтуынша, шағын астероидтарды қозғалыс траекториясынан түсіріп, атмосфераға енген кезде үйкелістен жанып кетпеуі үшін қаптау - жобаның маңызды кезеңдеріне жатады. "Астероид межеленген жерге жеткенше оның құлау жылдамдығын секундына 12,5 шақырымнан секундына 140 метрге дейін төмендетуіміз керек",- деді артынша. Ли Минтао тобы бұл уақытта тәжірибе үшін диаметрі 6,4 болатын шағын аспан денесін таңдап алды. Оның салмағы бірнеше тоннаға жетеді. Жерден 100 млн шақырым қашықтықта қозғалып жүрген аспан денесін 2029 жылы орбитаға тұңғыш рет ұшырылатын астероидтерді аулау кемесінің көмегімен бес жылдан соң жерге түсірмек. "АҚШ пен Жапония жүргізіп жатқан зерттеу миссиясынан айырмашылығымыз: олар астериодтың тек үлгісін (бір бөлігін) ғана алады, ал біз оны толық иеленеміз. Нәтижесінде қауіпті аспан денесі пайдалы ресурс ретінде пайдаланылады",- деді сөзінің соңында.