Қытай аумағының жартысынан астамында жасанды жаңбыр мен қар жаудыратын жоба жүзеге асырыла бастайды
Қытай аумағының жартысынан астамында жасанды жаңбыр мен қар жаудыратын жоба жүзеге асырыла бастайды
4 жыл бұрын 5420 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытай билігі жаһандық жылыну салдарынан орын алған климат өзгерісіне қарсы тұру, дәлірегі, шөлейттену мен құрғақшылықтың бетін қайтару әрі астық түсімін арттыру мақсатында ел аумағының 56%-да ауа райын жасанды жолмен басқаруға көшеді. Бұл жайында islam.kz порталы Business Insider ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай билігі ауа райын бақылауға қатысты жобаны бес есеге ұлғайтқанын жария етті. Осылайша Қытай «бұлттарды қалауына қарай пайдаланатын» әлемнің он шақты елінің біріне айналады. «Бұлттарды қалауына қарай пайдалану» ұғымы жауын-шашынды жасанды жолмен шақыруды, дәлірегі, бұлттағы сұйық азот немесе күміс йоды секілді химиялық заттарды шашу арқылы қолайлы ауа райын қалыптастыруды білдіреді. Аталған елдің мемлекеттік кеңесінде атап өтілгендей, 2035 жылға қарай осынау жоба жаңа белеске көтеріліп, құрғақшылықтың немесе арты селге айналатын қалың нөсердің бетін  қайтара алатын, өртті өшіруге септесетін, яғни, табиғи апаттардың алдын алуға көмектесетін болады. Осы орайда Қытайдың бұл тарапта тәжірибесі барын да айта кеткен жөн: 2008 жылы өз аумағында өткен Олимпиада қарсаңында қаланың шаңын басып, ауасын бір «желдетіп» алу үшін жасанды жолмен жауын шақырған болатын. 2016 жылдың маусым айында аталмыш жобаға 30 млн доллар бөлінген еді бюджеттен. 2017 жылы аталмыш жобаның жүзеге асуына ықпал ететін құрал-жабдық үшін 168 млн доллар жұмсады. Осы мақсатта 4 ұшақ пен 897 зымыранды ату қондырғысын сатып алған болатын. Қытай билігі жыл сайын ел аумағына қосымша 60 млрд текше метр жауын жаудыруды көздеп отыр. 2019 жылдың қаңтар айында Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпаратқа қарағанда, аталмыш жоба Шың-жың өлкесінде қалың нөсерден болатын залалдың 70%-ның алдын алған екен.

0 пікір
Мұрағат