Құты қашқан қасиетті мекен – Таяу Шығыс!
Құты қашқан қасиетті мекен – Таяу Шығыс!
4 жыл бұрын 2525 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Таяу Шығыс дегенде ең алдымен көз алдымызға тынышы қашып, тұрақсыздық жайлаған, әлемдік державалардың геосаяси ойын алаңына айналған, түрлі руаралық, еларалық қақтығыстар бір толастамайтын аймақ келеді. Бұл жайында islam.kz порталының шолу материалынан біле аласыздар. Кезінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды (түрлі діндер мен мәдениеттер ошағы) әкелген осы күнгі өркениеттің алтын бесігі болған аймақ тарихтың пайғамбарлар келген ең бір жұлынды кезеңімен де байланысты – қалай десек те телегей теңіз ортасында шеті-шегі көрінбейтін шөлде Шумер, Мысыр, Хеттер, Финикия, Вавилон, Ассирия, Османлы, т.б. империялардың да құндағы болыпты. Бүгіде Таяу Шығыс 13 ірілі-ұсақты 13 мемлекеттен (Саудия, Бахрейн, Иордания, Израил, Ирак, Иран, Йемен, Катар, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірлігі, Оман, Палестина) тұратын аймақта көпшілікті құрайтын арабтармен қатар ассириялықтар, парсылар, еврейлер, мысырлықтар, күрдтер, түріктер, т.б. мекен етеді. Сыртқы күштерді былай қойғанда олардың өзара мүдде қақтығысы мен мәдени экспанциясы аймақтағы тұрақсыздық факторларының бірінен саналады. Дәлірегі, аталған аймақта 350 млн-нан аса мұсылман, 70 млн христиан, 9 млн еврей, екі млн-дай езид, т.б. бар. Олардың өзі ішінара жік-жікке бөлінген: шиғалар мен сүниттер (сүниттердің өзі түрлі мәзһабтарға бөлінген:Ханбали (Саудия, Палестина, Ауғанстан); Ханафи (Мысыр және Түркі әлемі); Мәлики (Солтүстік Африка, Кувейт, Бахрейн); Шафиғи (Йемен, Африканың шығысындағы елдер, Мысыр), ал шиғалар үшке бөлінген: Ысмаилдықтар (Памирдегі Таулы Бадаһшан, Саудиядағы Нәжран провинциясы, Ауғанстандағы Бағылан провинциясы); Жафаршылар (Иран, Ирак, Ливан); Зейдшілер (Йемен, Саудия). Оман аумағында барлық ағымнан мүлдем бөлек Ибадшылдық үстемдік құрған. Осы орайда шитғаларға да, сүнниттерге де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Ибадшылар деген кімдер екеніне аз-кем тоқтала кетпекпіз: Уикипедия электронды энциклопедиядағы мәлімет бойынша Ибатшылар (абадиттерараб. الاباضية‎‎) — VII ғасырда қазіргі Ирак аумағында пайда болған ағым. Хажириттер қозғалысының дәстүрлі фракциясы ретінде сипатталады. Алайда, ибадатшылар өздерін олай санамайды. Абдолла ибн Ибада атауымен байланысты қалыптасқан ағым деп есептеледі. Бұл аймақтағы христиандардың да арасында алауыздық бар. Таяу шығыс пен Солтүстік Африкада ұзын саны 28 христиан конфессиясы бар, олардың ішінде православтық коптардың (Антиохилік, Иерусалимдік және Александр православ шіркеулері); марониттер (ежелші финикиліктердің ұрпағы); мелкиттер, халдейлер, сиро-яковитшілер, католиктер, протестанттар, сиро-католиктер, Ассирия шығыс шіркеуінің жамағаты кездеседі. Ал иудаизмнің аса ірі ағымы саналатын ортодоксалды (листактар, хасидтер, сионистер); реформашылар, консерваторлар және реконструктившілер. Шағын ағымдарының арасында эфиопиялық еврейлер, караималар, самаритяндықтарды атауға болады. Бір жағынан, көп ұлтты, көп дінді аймақта немесе мемлекетте ішкі қайшылықтың болуы заңдылық. Тіпті, бірыңғай бір ғана ұлттан тұратын, алайда, түрлі идеология жетегінде кеткен елдердің өзі билік пен байлыққа талас-тартыс кезінде жік-жікке бөлініп жатпай ма. Тіпті, азаматтық соғыс ықтималдылығы унитарлы елдердің өзінде де жоғары. Ал біз сөз етіп отырған аймақтың «қырық жамау» бет-бейнесінің астарында жасырынған мүдде қақтығысының дені ресурс тапшылығынан орын алып жатады. Таяу Шығыс әлемнің жарты байлығын жамбасына басқан аймақ болып саналғанымен (әлемдік үлеске шаққанда барланған мұнай шикізат қоры – 42%-дан  асады, яғни, нақты санға шаққанда770 млрд баррел, яғни, әлемдік мұнайдың үштен бірі өндіріледі) шөл мен шөлейттен тұрады. Дәлірегі, Таяу Шығыс аймағының 80%-дан астамы шөл мен шөлейттен тұрады. Әлемнің өзге аймақтарымен, дәлірегі, әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда мұндағы жан басына шаққандағы су мөлшері жеті есе аз, аталған аймақ тұрғындарының 55%-су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Су тапшылығынан азық-түлік қауіпсіздігі секілді стратегиялық мәселелерді өзге елдердің ауыл шаруашылығы есебінен шешуге тырысады. Оның үстіне, Таяу шығыс аймағындағы демографиялық ахуал да қалыптасқан күрделі жағдайды тереңдетеді. 580 млн-дай адам өмір сүріп жатқан Таяу Шығыста бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Қанша мұнай шикізатына бай өлке дегенмен, оның қызығын тек Таяу Шығыс аймағы тұрғындарының 10%-ы ғана көріп отыр. Олар ірі бизнес өкілдері пен монархтар әулеті, күштік құрылымдардың тізгінін ұстаған нақты билік иелері. Бүкіл әлемдік банк келтірген мәлімет бойынша араб тұрғындарының 50%-дан астамы күніне 4 долларды қанағат етуде; Күніне 4 долларды місе тұтатын тұрғындар қарасы Мысырда ел тұрғындарының 40%-ын құраған, кланаралық, руаралық талас-тартыстың құрбаны болған, дәлірегі, соғыс жүріп жатқан Йеменде бұл көрсеткіш  80%-ға жеткен. Жермен-жексен болған Сирияны айтпағанда. Бұдан бөлек, аталған аймақ тұрғындарының денін жастар құрайды, яғни, еңбекке жарамды жастағы тұрғындар, сол себепті, жұмыссыздық белең алып тұр, бұл жайт өз кезегінде араб әлеміндегі әлеуметтік-экономикалық дағдарысты тереңдетуде.Таяу Шығыстағы жұмыссыздық деңгейі - 40%. Парсы шығанағы елдерінде 30 млн-нан аса еңбек мигранттары жұмыс істейді, олардың дені халық саны көп әрі экономикасы шатқаяқтаған Пәкістаннан, Үндістаннан, Мысырдан келген, яғни, осы аталған үш елден келген еңбек мигранттарының қарасы Парсы шығанағы елдеріндегі еңбек мигранттарының 60%-ын құрап отыр. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, Саудияда шамамен 15 млн еңбек мигранты, Біріккен Араб Әмірлігінде 9 млн, Оманда 4 млн, Кувейтте 3,5 млн, Катарда 2,1 млн, Бахрейнде 1,3 млн еңбек мигранты нәпақасын айырып жүр. Катар мен БАӘ тұрғындарының 90%-ы еңбек мигранттарынан тұрады. Таяу Шығыстағы мемлекетаралық, руаралық, ұлтаралық, кланаралық, дінаралық араздық пен қақтығыстар бірнеше факторды қамтитын гибридтік сипат алған. Бұған бүгінгі геосаяси ахуал, дәлірегі, сыртқы күштер әсер етіп отыр. Таяу Шығыс – осы заманғы әлемнің бүгінгі удай ашшы шындығы барынша өткір сипат  алған аймақ – бір-бірінен алыс кету мүмкін емес, алайда, бір-бірімен тату-тәтті тұру да мүмкін емес жағдайды көз алдыңа әкеледі.

Ескерту: бұл шолу материалымыздағы мәліметтер интернеттегі дерек көздерінен алынғандықтан кейбір ақпараттар жаңсақ шығуы мүмкін

0 пікір
Мұрағат